
Өнеркәсiптiк қауiпсiздiк – жеке және заңды тұлғалардың, қоршаған ортаның қауiптi өндiрiстiк факторлардың зиянды әсерінен қорғалу жай-күйі.
«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын іске асыру үшін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша қауіпті өндірістік объектілердің мамандарын, жұмыскерлерін даярлау, қайта даярлау қағидалары әзірленеді, онда өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білімді тексеру жөніндегі хаттама мен куәліктің нысандары белгіленеді.
Қауіпті өндірістік объектілердің мамандарын, жұмыскерлерін өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелері бойынша даярлау, қайта даярлау қағидалары бекітілгенге дейін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлаумен, қайта даярлаумен айналысатын ұйым хаттама мен куәліктің нысандарын дербес әзірлеуі мүмкін.
«Азаматтық қорғау туралы» ҚР Заңының 79-бабының 2-тармағына сәйкес қауіпті өндірістік объектілердің, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылатын аттестатталған ұйымдардың, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдардың мамандарын, жұмыскерлерін оқыту және білімін тексеру (емтихандар) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлауға, қайта даярлауға құқық беретін аттестаты болған кезде қауіпті өндірістік объектінің немесе оқу ұйымының оқу орталығында жүргізіледі.
Қызметтің кіші түрімен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында жұмыстар жүргізу құқығына аттестаты бар ұйымның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау өз қызметкерлерін өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында оқытуға құқығы бар.
Білімді тексеру нәтижелері бойынша өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын заңды тұлғалардың басшыларына, сондай-ақ аталған заңды тұлғалардың тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының мүшелеріне сертификаттар беріледі.
Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың, өнеркәсіптік қауіпсіздікті декларациялайтын тұрақты жұмыс істейтін емтихан комиссияларының басшылары мен мүшелерін, сондай-ақ қауіпті өндірістік объектілердегі жұмысқа тартылған аттестатталған ұйымдарды, жобалау ұйымдары мен өзге де ұйымдарды қоспағанда, қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың басшыларына, мамандарына, қызметкерлеріне куәліктер беріледі.