Жылыту маусымына дайындық барысы туралы

Ағымдағы жылғы 3 қазан күні Батыс Қазақстан облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында БҚО төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары полковник Рашид Бекетұлы Блялов, «ҚазТрансГазАймақ» АҚ БҚ өндірістік филиалының директоры Берік Амангелдіұлы Омаров және «Жайықжылуқуат» АКҚ бас директорының орынбасары Бекболат Тілегенұлы Камешов жылыту маусымына дайындық барысы туралы сөз сөйледі.
Батыс Қазақстан облысының аумағында ағымдағы жылдың 9 айында барлығы 419 өрт тіркеліп, онда 8 адам қаза тауып, 7 адам түрлі дәрежедегі жарақат алды. 2022 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өрттер саны 6,1%-ға артты (2022 ж. - 395), қаза тапқандар саны 3 жағдайға (2022 ж. - 5), жарақат алғандар саны 2 жағдайға артты (2022 ж. - 5).
Статистикалық мәліметке сәйкес, өрттердің ең көп саны тұрғын үй секторында орын алады. Осылайша 2023 жылдың өткен кезеңінде тұрғын үй секторында 252 өрт оқиғасы орын алды, бұл жалпы өрт оқиғалары санының 60%-ын құрайды. (2022 ж. - 237 өрт, 6,3%-ға өсті).
Тұрғын үй секторында қаза тапқандар Орал қаласында – 4 жағдай, Бәйтерек ауданында – 2 жағдай және Теректі ауданында – 1 жағдай тіркелді.
Сонымен қатар, өткен демалыс күндері балалардың термиялық күйік алуының екі жағдайы орын алды. 1 қазанда сағат 15:50-де Шыңғырлау ауданының Шыңғырлау ауылында жеке монша пештерін жанғыш сұйықтықпен жағу нәтижесінде 13 жастағы бала 2 дәрежелі термиялық күйік алды (тері жамылғысының 24 пайызында бет, мойын, екі қолының және тізесінің), сондай-ақ сол күні сағат 17:00-де Бәйтерек ауданының Переметное ауылында 15 жастағы жасөспірім (терінің 30 пайызында беттің, мойынның, оң жақ қолы және аяқтарының) 2 дәрежелі термиялық күйік алды. Балалар орталық аудандық ауруханаларға жатқызылды, қазіргі уақытта дәрігерлердің бақылауында.
2023-2024 жж. жылу беру кезеңі қарсаңында жылу және энергиямен қамтамасыз ету объектілерінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі ТЖД-ның ерекше бақылауында.
Жылу беру кезеңінде тұрғын үй секторындағы өрттер және тұрмыстық газбен уланумен байланысты төтенше жағдайлар саны күрт артады.
Соңғы 4 жылда тұрмыстық газ тұтынушылар объектілерінде табиғи газбен улану себебінен 3 адам қаза тауып, 39 адам түрлі дәрежедегі улануға ұшырады.
Өрттердің, адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алу, сондай-ақ адамдардың улы газбен улануының алдын алу мақсатында Батыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын 2 кезеңде тұрғын үй секторының аулаларын аралап, халықпен профилактикалық іс-шаралар жүргізеді.
Профилактикалық іс-шараларды өткізу кезінде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын отбасылар санатына ерекше назар аударылады. Қазіргі уақытта Департамент осы санатқа жататын 443 отбасын есепке алды.
Өртте адамдардың қаза болуы мен жарақаттануының алдын алуға бағытталған іс-шаралардың бірі тұрғын үйлерде улы газ датчиктерін орнату болып табылады.
447 есепке алынған санаттағы азаматтардың алдыңғы жылдардағы жылу беру кезеңінде тұрғын үйлерінде 111 улы газ датчиктері орнатылды.
Құрметті Батыс Қазақстан облысының тұрғындары мен қонақтары!
Осы жағдайды пайдалана отырып, тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау туралы тағы да еске салғымыз келеді. Жылыту пештерін, газ қондырғылары және электр жылыту құралдарын пайдалану кезінде барлық қауіпсіздік шараларын сақтаңыз. Балаларға пештерді жағуды тапсырмаңыз, үйде үлкендердің қарауынсыз жалғыз қалдырмауыңызды сұраймыз.