«ҚАЗФОСФАТ» ЗАУЫТЫНДА ӨРТ-ТАҚТИКАЛЫҚ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Жарияланған күні: 12 ақпан 2025

Минералды тыңайтқыштар зауыты («Қазфосфат» ЖШС) аумағында жоспардан тыс өрт-тактикалық оқу-жаттығу өтті.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – аммиактың апатты жағдайда төгілуі кезінде кәсіпорын қызметкерлерінің, өрт сөндіру және құтқару бөлімшелерінің өзара іс-қимылын пысықтау. Бұл ықтимал зардаптарды барынша азайтуға, қызметкерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қауіптің көзін жедел оқшаулауға мүмкіндік береді.

Ойламаға сәйкес зауыт аумағында шартты түрде аммиак төгілді. Алдымен дабыл қағылып, кәсіпорын қызметкерлері қауіпсіз аймаққа эвакуацияланды. Алғашқы болып оқиға орнына «Құтқарушы» АҚ мамандары жетіп, апатты жою бойынша шұғыл шараларды бастады. Кейіннен оларға Жамбыл облысы ТЖД өрт сөндіру-құтқару бөлімшелері қосылып, жағдайды толық бақылауға алды. Төтенше жағдай жойылғаннан кейін жеке құрам толық залалсыздандырудан өтті.

Оқу-жаттығуға Жамбыл облысы ТЖД, Ә/б 22534, «Құтқарушы» АҚ және «Қазфосфат» ЖШС Минералды тыңайтқыш зауытының қызметкерлері, яғни барлығы 88 адам және 12 бірлік техника жұмылдырылды.

Аталған іс-шара барлық құрылымдардың төтенше жағдайларды жоюға дайындығы мен өзара әрекеттестігінің жоғары деңгейін көрсетті.

Жамбыл облысы ТЖД имидждік жұмыс және сыртқы коммуникациялар тобы