Мактан етер мамандық

Мактан етер мамандық

Өрт сөндіруші – қауіпті және қадірлі мамандық. Мұндай айбынды кәсіп өкілдері тілсіз жаумен күресу үшін күндіз-түні күзетте тұрады.

Өз өмірлерін қатерге тігіп, жалындаған қызыл оттан тайсалмастан   қарсы жүретін батырларымыздың бірі – Кезекші өрт сөндіру қызметі өрт сөндіру басшысының орынбасары азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Сағындықұлы Тасмағамбетов. Осы қызметте бірнеше жылды артқа қалдырған Нұрлан, Ақтөбе облысы аумағындағы ең күрделі деген өрттерді сөндірудің бел ортасында жүр.

Аз сөйлеп, көп іс тындыруды жаны қалайтын жайсаң жігіт - «Мықты өрт сөндіруші болу ұзақ та қажырлы еңбекті талап етеді. Айтып келмейтін апат, тілсіз жаумен арпалысқанда ең басты міндетің - адамдарды аман алып қалу болып тұрады. Біздің мамандық ең алдымен, мықты денсаулық, күшті дене шымырлығын және шыдамдылықты қажет етеді » - деді ол өз сөзінде. Өрт сөндірушінің арнайы қорғаныс киімдерінің салмағы жиырма килограмм шамасында екенін ескерсек, мұндай салмақты көтеріп жүру де оңай емес. Ал өрт сөндірушілер болса, сол салмақты денелеріне артып алып, көк түтін мен қызыл оттың ортасында жедел іс-қимыл жасай отырып, тіпті зардап шеккен жандарды көтеріп алып та шығады. Нұрланның айтуынша өртте қалған жандарды қауіпсіз орынға көшіру кезінде адамдар дүрбелеңге түсіп, тіпті шығуға қорқатын кездері де болады екен. Ал зардап шегуші қарсыласқан сайын, уақыт оздырып алатыны сонша, кейін мүлде шыға алмай қалуы да мүмкін. Сондықтан да, бұл кәсіпті тұтқиылдан жайт туғанда оң шешім таба білетін, көмекке зәру жандарға алғашқы болып көмекке келетін, табанды, батыл, жауапты және ерік-жігері мықты жандар ғана өздеріне серік ете алады.

Азаматтық қорғау подполковнигі Нұрлан Сағындықұлы Тасмағамбетов жұбайы Гулбақыт екеуі төрт бала тәрбиелеп отырған бақытты отбасы. Нұрланды әріптестері тәжірибесі мол тәлімгер ретінде құрметтесе, жас мамандар «Нағыз өрт сөндіруші» ретінде үлгі тұтады. Осындай батыл да мейрімді, өз ісінің нағыз мамандары ел мерейін асыра берсін демекпіз.

 

Ақтөбе облысының ТЖД «ӨСжАҚЖҚ» ММ

Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы