2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерімен жұмысты ұйымдастыру туралы

«Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасы     Конституциялық заңының 21-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына, 25-бабына және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңының 24, 25, 26, 26-1-баптарына сәйкес Орталық референдум комиссиясы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. Жергілікті атқарушы органдар:

1) «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, «Дауыс беруге арналған сайлаушылар тізімдерін қалыптастыру, сондай-ақ оларды сайлау комиссияларына ұсыну қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2018 жылғы 23 тамыздағы № 11/197 қаулысына сәйкес республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін қалыптастыруды қамтамасыз етсін;

2) республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтар тізімдерінің толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету мақсатында республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдеріне енгізуді тексеру бойынша ақпараттық сервистерді (Call-орталықтар, цифрлық сервистер, интернет-ресурстар) әзірлесін және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етсін, осы сервистердің жұмысы туралы азаматтарды кеңінен ақпараттандыруды  жүргізсін;

3) дауыс берудің басталуына жиырма күн қалғанда референдумның әрбір учаскесі бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін белгіленген тәртіппен тиісті комиссияларға акт бойынша ұсынуды қамтамасыз етсін.

  1. Аумақтық референдум комиссиялары:

1) жергілікті атқарушы органдардың акт бойынша республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін уақтылы беруін бақылауды қамтамасыз етсін;

2) жергілікті атқарушы органдардан республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін алған күннен бастап екі күн мерзімде оларды электрондық түрде Орталық референдум комиссиясына берсін;

3) учаскелік референдум комиссияларының республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін белгіленген тәртіппен танысу үшін уақтылы ұсынуын бақылауды қамтамасыз етсін.

  1. Учаскелік референдум комиссиялары:

1) дауыс беру күніне он бес күн қалғанда тиісті учаскелік референдум комиссияларының үй-жайларында танысу үшін республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізімдерін ұсынсын;

2) республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтарды тізімдерге енгізу, олардан алып тастау не азаматтардың тізімдеріне түзетулер енгізу қажеттігі туралы өтініштер референдум комиссиясына өтініш келіп түскен күні қаралуға тиіс;

3) республикалық референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың тізіміне өзгерістер енгізілген жағдайда бұл туралы жоғары тұрған референдум комиссиясын дереу ақпараттандыру қажет.

  1. Осы қаулы Орталық референдум комиссиясының интернет-ресурсында орналастырылсын және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдеріне, аумақтық референдум комиссияларына орындау үшін жолдансын.
  2. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Пост. СИ
Дата публикации
03 сентября 2024