2018 жылы Қазақстан Республикасының сайлау жүйесі өзінің 25 жылдығын атап өтті.
Егемен Қазақстанның сайлау жүйесінің қалыптасуы мен дамуы еліміздегі демократиялық өзгерістермен, құқықтық мемлекетті құрумен тығыз байланысты.
Қазақстанның сайлау органдары ширек ғасыр бойы елдің демократиялық институттарының дамуына көмектесіп, азаматтардың сайлауға және сайлануға деген конституциялық құқықтарының жүзеге асырылуын қамтамасыз етіп келеді.
1993 жыл Республиканың конституциялық құрылысының негіздерін және халықтың еркін ерік білдіруінің іргетасын қалаған шекті кезең болып табылады. Негізгі құжаттар нақ осы жылы қабылданды: 28 қаңтар – егемен мемлекет ретіндегі бірінші Конституция, 8 желтоқсан – тұрақты әрекет ететін орган ретінде Орталық сайлау комиссиясын сайлау туралы заң шығарушы органның қаулысы, 9 желтоқсан – «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Кодекс.
Қазіргі Конституция 1995 жылғы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды. Ол сайлаушылардың 90% қолдауын алды және бүкілхалықтық еркінің бейнесі болып табылады. Бұл оқиға Қазақстанның заманауи сайлау жүйесі қалыптасуының жаңа кезеңі болды. Жаңа Конституция Қазақстанды жоғары құндылықтары адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары болып табылатын демократиялық және құқықтық мемлекет ретінде жария етті. Бұл біздің Республикамыздың заманауи мемлекеттік құрылысының және саяси жүйесінің константалары.
Сол жылы мемлекеттің негізгі заңымен қатар бүгінде Қазақстан Республикасы сайлау заңнамасының негізін құрайтын нормативтік-құқықтық актілер қабылданды. Бұлар 1995 жылғы 28 қыркүйектегі «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы», 1995 жылғы 2
қарашадағы «Республикалық референдум туралы», 1995 жылғы 16 қазандағы «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» конституциялық заңдар, сонымен қатар басқа заңдар мен нормативтік құқықтық актілер.
1995 жылдың қыркүйегінде «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның қабылдану уақытынан бастап оған 800-ге жуық өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Осылайша қалыптасқан елдің сайлау заңнамасы 1990 жылғы ЕҚЫҰ Копенгагендік құжатында тұжырымдалған сайлау құқығының негізгі принциптеріне сай келетін сайлау жүйесін құруға мүмкіндік берді.
Сайлау заңнамасымен бірге құқық қолдану практикасы да жетілдіріліп отырды. Сайлаудан сайлауға сайлау органдары мүшелерінің кәсіпқойлығы, сайлаушылардың және сайлау процесіне басқа қатысушылардың құқықтық және электоралдық мәдениеті арттырылып отырды.
Елдің жаңа саяси тарихы белгілі сайлау науқандарымен байланысты: тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтары 2 референдумға, Мемлекет басшысының 5 сайлауына, Парламент Сенаты депутаттарының 9 сайлауына, Парламент Мәжілісінің 6 сайлауына, биліктің жергілікті өкілдік органдарының (мәслихат) 6 сайлауына қатысты. Бұл сайлау комиссияларының жүз мыңға жуық қызметкерлерінің қажырлы еңбегі.
Қазақстан халықаралық электоралды міндеттемелерді орындайтын демократиялық мемлекет ретінде сайлауларды халықаралық байқауға белсенді қатысады. 2005-2018 жылдар аралығында әртүрлі миссиялар жолдарымен халықаралық байқаушылар ретінде шет елдерге сайлау мен референдумдарға екі мыңға жуық біздің азаматтымыз жіберілді, олар 120-дан астам сайлау науқанын бақылады.
Орталық сайлау комиссиясы Қазақстанда заңнаманы және электоралды практиканы жетілдіру бойынша ЭЫДҰ, ТМД, Еуропа кеңесі, ЕҚЫҰ сияқты ұйымдардың ұсынымдарын зерделеуді тұрақты негізде жүргізеді. Ұсынымдарды іске асыру бойынша халықаралық ұйымдармен диалог жолға қойылған. Қазақстанның Ортсайлаукомы ДИАҚБ-мен оның миссиясының сыни ескертулері мен ұсыныстары бойынша сындарлы диалог жүргізуге ұмтылады.
Осыған орай Ортсайлауком өкілдерінің ДИАҚБ сарапщыларымен ДИАҚБ-ның Варшавадағы офисінде, сонымен қатар Астанада тұрақты кездесулері жолға қойылған.
Ортсайлауком Еуропа Кеңесінің Венециялық комиссиясымен сайлау мен референдумдар туралы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша тығыз байланысты жүзеге асыруға, құқықтық базаны бағалау үшін олардың сарапшыларын тартуға да ниетті.
Баяндалған тарихи экскурс, отандық сайлау практикалардың дамуының 25 жылдық қорытындысы, әрине маңызды, бірақ болашаққа көзқарас тым өзекті әрі маңызды. Қазақстанның және басқа елдердің
сайлау жүйесі тағы 25 жылдан қандай болады? Жаһандық әлемдік трендтер сайлау құқығының мызғымас негіздеріне қалай әсер етеді? Жаңа халықаралық стандарттар қандай болмақ?
Инновацияларды мұқият бақылап, үрдістерді белгілеп және фактілерді салыстырғанда ғана болашақ өзгерістердің шекараларын елестетуге болады. 10 жыл бұрын Ричард Уотсон өзінің «Болашақтың файлдары» атты кітабын жазды, онда әлемнің болашақта қалай өзгеретінін көрсетті. Кітаптың шығу кезінде фантастика болып көрінген көптеген нәрселер қазіргі күнде шынайылыққа айналды.
Бізге де қазіргі күннің өзекті сұрақтарына жауап табу үшін кешегі күнге көз салу керек, сайлау жүйелерінің өзіндік «болашақ файлдарын» жасау керек.
Сірә, біздің айналамыздағы барлық өзгерістер әлдеқайда елеусіз, ал кейде электоралды жұмыстың дәстүрлі формалары мен әдістерін түпкілікті өзгертеді.
Сайлау жүйелері өзгеруінің негізгі факторлары жаһандану мен ақпараттандыру болып табылады. Өзгерістердің динамикасы мен бағыттылығын талдау бірқатар векторларды белгілеуге мүмкіндік береді, оларға мен жан-жақты тоқталғым келеді.
Өзгерістердің бірінші векторы, соның ішінде коммуникациялық процеске әсер ететін, сөзсіз, технологиялық вектор.
Жаһандану мен ақпараттық қоғам сайлау науқандарының негізгі элементтері болып табылады. Ақпараттық қоғам – қазіргі күндердің ең айқын және ең болжап болмайтын феномені. Қоғамдық өмірдің барлық салаларын технологияландыру сайлау технологияларының дамуына да абсолютті жаңа импульс береді.
Интернет-технологиялар сайлау процесінің барлық кезеңдерінде оның маңызды, кейде ажырамас компоненті болып табылады. Сайлауды ақпараттық қамсыздандыру, сайлау алдындағы үгіт, қашықтан дауыс беру, дауыстарды санау – қазіргі күннің өзінде көптеген мемлекеттерде бұл процестер автоматтандырылған және цифрландрылған. Кіріктірілген сканерлері бар электронды жәшіктер, он-лайн бақылаудың жүзеге асқан мүмкіндіктері, смс-дауыс беру – көптеген әріптестер үшін бүгінгі күннің шындығы.
Сайлау инфрақұрылымының болашағы «ақылды» технологияларды дамытуда жатыр. Бүгінгі күні сайлауларда блокчейн технологиясын іске қосу туралы ұсыныстар айтылуда. Үлестірілген тізілім технологиясы сырттан араласу қаупінсіз және анонимділік жағдайларында қашықтан дауыс беруге мүмкіндік береді. Көз жетерлік болашақта ақылды технологиялар сайлауларда жаппай қызмет атқаруы әбден мүмкін.
Қазақстан 2004 жылы-ақ «Сайлау» ААЖ электронды сайлау жүйесін енгізгендердің бірі болды және үш жыл қатар сайлаушылар электронды түрде дауыс бере алды. 14 жыл бұрын бұл сол кезде қоғамдық пікір дайын болмаған іс жүзінде революциялық шешім болды.
Сондықтан тиісті инфрақұрылымды дамытумен қатар технологиялық өзгерістерді енгізу адамдар ойлауын жаңғыртуды да қажет етеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Рухани жаңғыру» бағдарламасы нақ осыған бағытталған. Жаңа технологияларға негізгі сенім шарты оларды түсінуі болып табылады, ал бұл үшін қағидаттық тұрғыдан жаңаша ойлау, қоғамдық сананы жаңғырту керек.
Екінші вектор – коммуникациялық.
Заманауи шындықтар ақпараттық қоғамның аясында өмір сүріп, оның қатысушысы болмауға іс жүзінде мүмкін еместігін көрсетеді.
Заманауи технологиялардың интерактивтік мүмкіндіктері тосқауылдарды жоя отырып және кері байланысты тездете отырып, саяси коммуникацияны айтарлықтай жеңілдетеді. Саяси үгіттің жаңа мүмкіндіктері ашылады. Желілік технологиялар ақпарат алмасу қағидалары мен әдебі ертеден заңнамалық түрде белгіленіп қойылған дәстүрлі бұқаралық ақпарат құралдарын айналып өтіп, саясаткерлерге электоратпен тікелей қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді.
Жаңа желілік медиада құқықтық реттеудің қағидалары мен қағидаттары тек дүниеге келе бастауда. Байқап көру және қателер әдісімен желілік коммуникацияның нормалары орнатылады.
Көптеген жылдар барысында халықаралық қоғамдастық өздігінен реттелуді Интернетті реттеудің неғұрлым тиімді модельдерінің бірі ретінде танып келді. Бірақ бүгінгі күні бірқатар шет елдердің соңғы сайлау науқандары мысалында біз бұл нанымның ескіргенін көріп отырмыз.
Бүкіл әлемге кең таралған жаһандық тор мемлекеттік шекараларды алып тастады, сондықтан желілік коммуникацияларды әр мемлекеттің жеке-жеке реттеуінің тиімділігі аздау болып табылады. Бұл жерде ортақ қағидаларды орнататын халықаралық стандарттар қажет.
Өзгерістердің үшінші векторы – халықаралық-құқықтық.
Әлем барған сайын анағұрлым жаһандық болып келеді. 20 жыл бұрын бір елдің егеменді юрисдикциясында болған мәселелер бүгінгі күні көптеген елдердің тағдырларына ықпал ете алады. Заманауи технологиялар бізді жаһандық цифрлық демократияға жақындата отырып, Жер бетіндегі барлық адамдардың планетарлық маңызы бар сұрақтарға ерік білдіруі үшін мүмкіндіктер ашады.
Мүмкін, болашақта бізді климаттық өзгерістер мәселелері бойынша әлемдік референдумдар, мемлекеттік құрылымдардан жоғарғы құрылымдардың және халықаралық ұйымдардың жетекшілерін сайлауы күтеді. Осы жағдайларда азаматтылық мемлекетте ұйымдастырылған қоғамға заңдық қатыстылық ретінде сайлауға қатысудың ерекше негізі ретінде болуын тоқтатады.
Халықаралық құқық нормалары әсерінен ұлттық құқық өзгереді, мемлекеттер конвенциялық және шарттық құқық аясында алынған халықаралық міндеттемелерді орындайды. Осындай әсерлердің шегі,
мемлекеттердің өзінің егемендігін басқаға беру шекаралары қандай болып келеді? Әсіресе сайлаулардың саяси құрамдасында?
Осы тәріздес мәселелерге көптеген мемлекеттер тап болады. Мысалы, Адам құқықтары мен негізгі бостандықтарды қорғау туралы еуропалық конвенция сайлауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың қатысуына рұксат етеді. Сонымен қатар, аталған Конвенцияның қатысушылары болып табылатын бірқатар мемлекеттерде олардың конституциясы осындай адамдардың сайлауға қатысуына тыйым салады.
Қазіргі уақытта анағұрлым күрделі шешімдерді негіздеу үшін әртүрлі елдердің конституциялық бақылау органдары конституциялық сәйкестілік тұжырымдамасын қолданады. Бұл ретте, олар нақ конституция ұлттың конституциялық сәйкестілігінің квинтэссенциясы болып табылатындығы негізге алады.
Мысалы, ГФР Федералдық Конституциялық Соты өзінің шешімдерінде елдің Негізгі Заңында неміс мемлекеттілігінің фундаменталды негіздерін көрсететін жағдайлардың бар екенін атап көрсетеді, сондықтан олар өзгере алмайды.
Үндістанның Жоғарғы Соты Minerva Mills Ltd. Union of India ісінде «Конституция – бұл сәйкестілігін өзгертуге болмайтын бағалы мұра» екендігі атап көрсетті.
Барлық айтылғандар халықаралық сайлау стандарттарын зерттеу саласында салмақты зерттеулерді қажет етеді. Бүгінгі күні бізге жаңа түсінік – халықаралық сайлау құқығы түсінігі туралы ойлану керек болатын шығар.
Басқа елдер тарапынан ұлттық сайлауларға ықтимал араласуы туралы мемлекеттердің жиі айтылатын қауіптері қазіргі күннің үрейлі үрдісі болып табылады. Кейбір сарапшылар сайлаулар қазіргі күні гибридті соғыстың құралына айналды, ал ұрыс алаңдары әлеуметтік желілерге ауысып кетті деп мәлімдеуде. Freedom House мамандарының бағалары бойынша тек өткен жылы манипуляция мен жалған ақпарат тактикасы әлемнің кем дегенде 17 мемлекетіндегі сайлауға әсер етті.
Ірі әлемдік державалар цифрлық ортадағы бұзушылықтарға қарсы тұру үшін кибербөлімшелер құруда, сонымен қатар ұлттық қағидаттар мен стандарттарды, соның ішінде сайлау процестерін қайта қарап жатыр.
Осындай қымбат тұратын превентивтік шараларға бара алмайтын жете дамымаған мемлекеттер халықаралық көмекті қажет етеді. Меніңше, халықаралық ұйымдарға, әсіресе ЕҚЫҰ бүгінгі күні электоралдық егемендікті қорғау бойынша халықаралық құқықтық нормаларды және стандарттарды әзірлеу туралы барынша ойлану керек.
Себебі тек ЕҚЫҰ мемлекеттердің бір-біріне қарым-қатысы мен ішкі саясатында ұстану нормаларын көздейтін ұжымдық қауіпсіздік жүйесінің алғы үлгісі болып табылады.
Осылайша, барлық белгіленген сын-қатерлерді ескере отырып, бүгінгі күні сарапшылық қоғамдастық алдында халықаралық құқық нормаларын да және ұлттық сайлау заңнамасын да жетілдіру бойынша ауыр міндет тұр.
2018 жылы «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілгенін білесіздер. Жаңашылдықтар жергілікті өкілетті органдардың депутаттарын сайлауға пропорционалды сайлау жүйесін енгізуге, сайлау процестерін цифрландыруға, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың сайлау құқығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Жаңа ережелер сайлау процесінің озық халықаралық-құқықтық практикасына сәйкес келетін прогрессивті сайлау жүйесін құруға, негізгі сайлау қағидаттарын, азаматтардың сайлауға және сайлануға деген конституциялық құқықтарын және олардың ерік білдіруге деген еркіндігін қамтамасыз ету жолымен барынша ашық және демократиялық сайлау процесін ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Еркін демократиялық сайлау заманауи Қазақстанның қоғамдық өмірінің нормасы болып табылады, ал сайлау заңнамасы және елдің сайлау жүйесі демократиялық дамудың негіздеріне толықтай сәйкес келеді.
Сіздердің назарларыңызға ұсынылған Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының ақпараттық бюллетенінің кезекті шығарылымы 2018 жылы өткен сайлау науқандары туралы мәліметтерді, Ортсайлаукомның сайлау заңнамасын жетілдіру, халықаралық ынтымақтастық, сайлау ұйымдастырушыларын дайындау саласындағы қызметі туралы ақпаратты қамтиды.
Сонымен қатар бюллетеньге мемлекеттік органдармен және қоғамдық бірлестіктермен өзара іс-қимыл жасау шеңберінде ОСК өткізген іс-шаралар туралы материалдар енді.
Бұл ақпараттық бюллетень, ең алдымен сайлау процесінің ұйымдастырушылары мен қатысушылары үшін, сондай-ақ біздің еліміздегі сайлауларға қызығатындар үшін пайдалы болады деп ойлаймын.
Ізгі құрметпен,
Қазақстан Республикасы Орталық
сайлау комиссиясының Төрағасы Б. Имашев