Осы ақпараттық бюллетень Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 2020 жылғы қызметінің қорытындылары бойынша дайындалды.
Бюллетень сайлау процесіне қатысушыларды осы кезеңде болған сайлау науқандары, олардың ұйымдастырылуы мен қорытындылары туралы хабардар етуге арналған, сондай-ақ онда Орталық сайлау комиссиясының қызметі туралы материалдар ұсынылған.
Өткен жылы Ортсайлауком екі сайлау науқанын – Парламент Сенаты депутаттарын сайлауды және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарын сайлауды өткізді. Ортсайлауком қаулысымен Қазақстан Республикасы мәслихаттарының депутаттарын сайлау тағайындалды, олар Парламент Мәжілісі депутаттарын сайлаумен бір мезгілде өтті. Сайлау науқандары кезекті болып, Ұлттық сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес Конституциялық мерзімде өтті.
Екі науқан да COVID-2019 пандемиясында өтті, сондықтан сайлау комиссияларының маңызды басымдықтарының бірі сайлау процесінің барлық қатысушыларының денсаулығы үшін ең қауіпсіз жағдайда сайлау өткізу болды.
Айта кету керек, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын сайлау бойынша өткен сайлау науқаны бірқатар ерекшеліктермен ерекшеленді.
2018 жылы сайлау туралы Конституциялық заңға сайлау процесінде саяси партиялардың құқықтарын едәуір кеңейтетін өзгерістер енгізілді. Заңға сәйкес мәслихат депутаттары партиялық тізімдер бойынша сайланады. Мәслихаттар депутаттарын сайлаудың бара-бар жүйесіне көшу 2007 жылғы конституциялық реформаның қисынды жалғасы болып табылады және республикалық және жергілікті деңгейлерде өкілді органдарды құру жөніндегі тәсілдерді біріздендіреді. Бұдан басқа, парламенттік практикада алғаш рет әйелдер мен жастарға арналған партиялық тізімдерде 30 пайыздық квота енгізілді.
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткендей, бұл норма әйелдер мен жастарды Парламентке және жергілікті өкілді органдарға тартудың тиімді тетігіне айналады және олардың еліміздің қоғамдық-саяси процестеріне неғұрлым белсенді қатысуына ықпал ететін болады.
Сайлау науқандарын өткізу шеңберінде Ортсайлауком тұрақты негізде аумақтық сайлау комиссияларымен, мемлекеттік органдармен, саяси партиялармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен және сайлау процесінің басқа да қатысушыларымен жұмыс жүргізді.
Сайлау процесіне қатысушылардың барлығының құқықтық және электоралдық мәдениет деңгейін арттыруға, сайлау комиссиялары мүшелерінің 6 қызметін кәсібилендіруге, сондай-ақ мүмкіндіктері шектеулі адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-қимылға көп көңіл бөлінді.
Өткен сайлау науқандарының маңызды қорытындысы сайлау процесінің жариялылығы мен транспаренттілігін қамтамасыз ету болып табылады.
Ақпараттық бюллетень сізге 2020 жылы елде өткізілген сайлауды ұйымдастыру мәселелерін жақсартуға көмектеседі, сонымен қатар біздің жұмысымыздың ашықтығын қамтамасыз етеді.