Оқу-ағарту министрлігі педагогтерді аттестаттаудың жаңа ережесін әзірлеу жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта құжаттың жобасы талқылау және келісу кезеңінде.
Әлеуметтік желілерде таралып жатқан материалдар ресми бекітілген құжат болып табылмайды және ереженің соңғы редакциясы емес.
Дүйсенбі күні аталған мәселе бойынша ресми брифинг өткізіліп, құжат жобасына қатысты жан-жақты түсіндірме беріледі. Брифингтен кейін жоба кеңінен қоғамдық және азаматтық қоғам өкілдерінің талқылауына ұсынылады.
Педагогтер қауымдастығының, сарапшылар мен қоғам өкілдерінің пікірлері мен ұсыныстары Министрлік үшін маңызды. Ашық әрі мазмұнды талқылау нәтижесінде тиімді және әділетті жүйе қалыптастыру көзделеді.
Еліміздің білім беру ұйымдарында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында «Балалар кітапханасы» жобасын жүзеге асыру жалғасуда. Бұл шара шеңберінде білім беру ұйымдарында балалар әдебиеті онкүндігі басталды.
Ауқымды мәдени-ағартушылық бастама оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыруға, ғылыми-танымдық және көркем әдебиет арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға, сондай-ақ балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған.
Онкүндік аясында мектептерде кітап көрмелері, әдеби кездесулер, ертегі оқу сағаттары, шығармашылық байқаулар, пікірталастар және отбасылық оқу мәдениетін насихаттайтын түрлі форматтағы тәрбиелік-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылуда.
Сонымен қатар бастама мектеп кітапханасының білім беру үдерісіндегі рөлін арттыруға, кітапханашылар, мұғалімдер, оқушылар мен ата-аналар арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясындағы іс-шараларға 1–11 сынып оқушылары, мектеп кітапханашылары, пән мұғалімдері, сынып жетекшілері және ата-аналар қатысуда.
Айта кетейік, аталған онкүндік балалар әдебиетінің үздік үлгілерін кеңінен насихаттауға, оқушылардың сөйлеу мәдениеті мен шығармашылық ойлауын дамытуға, сондай-ақ отбасылық кітап оқу дәстүрін қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени-ағартушылық бастама болмақ.
Екібастұзда балалар мен ересектердің қауіпсіздігі мәселелерін мектептер, құқық қорғау органдары, прокуратура, атқарушы билік және отбасы бірлесіп шешетін профилактикалық жұмыс жүйесі құрылуда.
Бұл жұмыстың құралдарының бірі ретінде қала мектептері мен ауылдық аймақтарда өтетін ауқымды профилактикалық іс-шаралар қолға алынған. Осындай алаңдардың бірі 1 сәуір күні №12 орта мектеп базасында ұйымдастырылып, мектеп оқушыларын, ата-аналарды, педагогтарды, прокуратура өкілдері мен мектеп мамандарын біріктірді.
Жұмыс «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы, «Айқын нәтиже» республикалық жобасы және «Қауіпсіз шағын аудан» қалалық бастамасы аясында жүргізілуде. Жүйелі профилактика құқықтық ағарту, отбасының қатысуы, тәуекелдерді ерте анықтау және жауапкершілік мәдениетін қалыптастыру арқылы жүзеге асырылуда.
Іс-шараның негізгі алаңдарының бірі «Тәртіпті отбасы» атты ата-аналар қауымдастығымен кездесу болды. Онда кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесінде отбасы, мектеп және мемлекеттік құрылымдардың өзара іс-қимылы талқыланды. Қатысушылар алдында Екібастұз қаласы прокуратурасының бөлім прокуроры Нурмаханұлы Елнұр және мектеп психологтары сөз сөйледі.
— Бала үшін қауіпсіз орта тек отбасы, мектеп және мемлекеттік органдар бірлесе жұмыс істегенде ғана қалыптасады. Мәселе туындағанын күтпей, алдын алу жұмыстарын ертерек бастау маңызды. Ол үшін ашық диалог, балаларға көңіл бөлу және ересектердің ортақ жауапкершілігі қажет, — деп атап өтті Елнұр Нурмаханұлы.
Ата-аналар алаңынан бөлек, мектепте сегіз тақырыптық локация жұмыс істеді: дебаттар, «Ашық сот» рөлдік ойыны, плакаттар байқауы, бастауыш сынып оқушыларына арналған квест, отбасылық спорттық эстафета, футбол жарыстары және басқа да интерактивті форматтар. Жалпы қамту 1000-нан астам оқушыны құрады.
Противогаз, өрт сөндіргіш және санаулы секундтар — Екібастұзда оқушылар құтқарушы рөлін сынап көрді.
№13 мектеп базасында Дүниежүзілік азаматтық қорғаныс күні мен Чернобыль атом электр станциясындағы апаттың 40 жылдығына арналған «Құтқарушы көмекшісі» атты әскери-спорттық жарыс өтті.
Екібастұз өңірінің 9 мектебінен келген командалар шынайы жағдайларға жақын тапсырмалар бойынша бақ сынады: қорғаныс киімі мен противогаз киіп, кедергілер жолағынан өтті, шартты өртті сөндірді, алғашқы көмек көрсетті және өрт сөндіру құралдарымен жұмыс істеді.
Іс-шараның маңызын Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлердің қатысуы айрықша арттырды.
Жарыс қорытындысы бойынша:
1 орын — №7 мектеп-гимназиясы
2 орын — №26 мектеп-гимназиясы
3 орын — №18 жалпы орта білім беретін мектеп
Жеңімпаздар мен барлық қатысушыларды құттықтаймыз! Мұндай жарыстар — төзімділік, тәртіп, командалық рух және көмекке дайын болу мектебі.
Екібастұз қаласында инклюзивті білім беруге бейімделген алғашқы балабақшаның қайта жаңғырту жұмыстары жалғасуда.
Екібастұз қалалық білім бөлімінің өкілдері әлеуметтік қорғау саласындағы әріптестерімен және еңбек ресурстарын дамыту орталығы акционерлік қоғам президенті Гульнара Ахмолдинамен бірге нысанда жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.
Тексеру барысында әрбір бала өзін жайлы, әрі қауіпсіз сезінетін балабақша қандай болуы керектігіне ерекше назар аударылды. Кедергісіз қолжетімділік, кіреберіс аймағының ыңғайлылығы, кірме жолдар, сондай-ақ арба пайдаланатын балалар мен ата-аналарға жағдай жасау мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар арнайы автотұрақ орындарын ұйымдастыру мәселелері де қарастырылды — бұл жұмыс тиісті қызметтермен бірлесіп жүргізілуде.
Бұл ынтымақтастықтың нақты нәтижелері де бар екенін атап өткен жөн. Бұған дейін қолжетімді орта қалыптастыру шешімдері «Самғау» шығармашылық орталығын құру барысында жүзеге асырылған болатын.
Болашақ инклюзивті балабақша Екібастұздың білім беру жүйесі үшін маңызды қадам болмақ — бұл қолжетімділік пен тең мүмкіндіктер қалыпты жағдайға айналатын ортаға жасалған қадам.
Екібастұз қаласында «Самғау» балалар шығармашылығы орталығы базасында мектеп жасына дейінгі балалар арасында BABY SKILLS чемпионаты өтті. Іс-шараны Екібастұз қаласының білім бөлімі мен ИнЕУ Жоғары Екібастұз колледжі ұйымдастырды.
Чемпионат цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында, сондай-ақ WorldSkillsPavlodar – 2026 өңірлік кәсіби шеберлік байқауы шеңберінде өтті.
Байқаудың басты мақсаты — балалардың ерте жастан мамандықтарға деген қызығушылығын ояту, олардың шығармашылық, зияткерлік және практикалық дағдыларын дамыту. Чемпионатқа қаладағы қазақ тілінде білім беретін балабақшалардың мектепалды топтары қатысты.
Қатысушылар бірнеше бағыт бойынша бақ сынады: «Сәнді киім дизайнері», Wordwall платформасындағы интеллектуалды-цифрлық викторина, «Жас суретші» шығармашылық цифрлық байқауы, зейінге арналған тапсырмалар және «QR-квест: Қазына іздеу».
Чемпионат барысында балалар цифрлық құралдармен жұмыс істеп, өздерінің дербестігін, жылдам ойлау қабілетін және бірлесіп жұмыс істеу дағдыларын көрсетті.
Байқау қорытындысы бойынша Гран-при «№23 мектепке дейінгі гимназиясының» тәрбиеленушісі Камила Жанатоваға бұйырды. Бірінші орынды Алия Бахитова («№12 сәбилер бақшасы»), екінші орынды Дінмұхаммед Қайырбек («№14 сәбилер бақшасы»), үшінші орынды Исмаил Жұматай («№26 сәбилер бақшасы») иеленді.
Жүлделі орын алмаған қатысушылар арнайы номинациялармен марапатталды. Барлық қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова «БҰҰ-Әйелдер» құрылымының Орталық Азия бойынша үйлестіру кеңсесінің басшысы әрі Қазақстандағы Елдік кеңсе өкілі Джерен Гювен Гюрэспен ресми кездесу өткізді. Басқосуға «БҰҰ-әйелдер» құрылымының Қазақстандағы бағдарламалар басшысы Дина Амришева да қатысты. Тараптар білім беру саласындағы іргелі реформаларды және бала құқықтарын қорғау тақырыбын талқылады.
Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасының нәтижелері туралы айтылды. Бүгінгі таңда елімізде 217 заманауи мектеп пайдалануға берілсе, оның 84-і ауылдық жерлерде бой көтерген. Министр бұл қадам ауыл мен қала арасындағы білім сапасының теңсіздігін жоюға және шалғай елді мекендерде халықаралық стандарттарға сай білім ошақтарының салынуына мүмкіндік бергенін айта келе, оқушылардың білім алу мүмкіндігін теңестіру - еліміздегі мемлекеттік саясаттың басым бағыты екенін атап өтті.
Білім саласындағы кадрлық әлеуеттің дамуына тоқталған Жұлдыз Сүлейменова: «Бүгінде елімізде педагогтердің 81 пайызы -әйелдер. TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің қорытындылары отандық білім беру саласындағы оң нәтижелерді көрсетті. Соңғы жылдары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асырылған іргелі реформалардың арқасында мұғалімдердің 95 пайызы өз жұмысына көңілі толатынын, ал 80 пайызы кәсіби таңдау мүмкіндігі қайта берілсе, тағы да осы мамандықты таңдайтынын білдірген. Бұл көрсеткіштер мұғалім мәртебесін көтеруге бағытталған Президенттің іргелі реформаларының тиімділігін көрсетеді», - деді.
Балалардың құқықтық сауаты мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік 10 маңызды заңды ілгерілетті. Атап айтқанда, зорлық-зомбылыққа «нөлдік төзімділік» принципі енгізіліп, кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстар үшін жауапкершілік күшейтілді. 2025 жылғы заңнамалық жаңартулар аясында қорғаншылық талаптар күшейіп, бала құқықтарын қорғау бойынша өңірлік органдардың функциялары кеңейтілді және мемлекеттік бақылаудың жаңа тетіктері бекітілді.
Өз кезегінде Джерен Гювен Гюрэс Қазақстанның гендерлік саясат пен білім берудегі жетістіктерін жоғары бағалап, Министрлікті бірнеше бағыт бойынша серіктестікті нығайтуға шақырды. Кездесу соңында Жұлдыз Сүлейменова Мемлекет басшысының әйелдер қауымын қолдауға бағытталған саясатының маңыздылығын атап өтіп, мәртебелі мейманға Қазақстанның cаясаттағы әйелдері туралы кітапты тарту етті.
1 сәуірден бастап Екібастұз өңірінің барлық мектептерінде бірінші сыныпқа құжаттарды қабылдау науқаны басталады. Балаңызды мектеп табалдырығын аттауға дайындау — маңызды кезең, сондықтан негізгі ережелермен таныс болуды сұраймыз:
Қабылдау мерзімі:
Құжаттарды өткізу 1 сәуірден 31 тамызға дейін жалғасады. Дегенмен, сұранысқа ие мектептерде сыныптардың тез толып кету мүмкіндігін ескеріп, құжаттарды ертерек тапсыруға кеңес береміз.
Маңызды: Мектептің қызмет көрсету аумағында (микроучаске) тұрсаңыз да, сыныпта орын болмаған жағдайда қабылдаудан бас тартылуы мүмкін.
💻 Қалай өтініш беруге болады?
Құжаттарды қабылдау «электрондық үкімет» egov.kz веб-порталы арқылы онлайн форматта жүзеге асырылады.
📋 Қажетті құжаттар тізімі:
Ата-ананың немесе заңды өкілдің өтініші;
Баланың цифрлық фотосуреті (3х4 см);
№ 052-2/у нысаны бойынша баланың денсаулық паспорты (электронды форматта);
№ 065/у нысаны бойынша профилактикалық екпелер картасы;
Қажет болған жағдайда — ПМПК қорытындысы.
⏱ Қарастыру мерзімі және бас тарту негіздері:
Өтініш 1 жұмыс күні ішінде қаралады. Мектеп әкімшілігі келесі жағдайларда құжаттарды қабылдаудан бас тартуға құқылы:
Сынып-жиынтықтарының толық жиналуы;
Ұсынылған құжаттардың немесе деректердің дұрыс болмауы.
✨ Балаңыздың алғашқы мектеп жылы сәтті өтсін! Құжаттарды тапсыруды кейінге қалдырмаңыздар.