Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру – Қазақстан Республикасының білім беру жүйесінің ажырамас бөлігі болып табылады. Аталған салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен іске асыруға Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі жауапты орган ретінде қатысады.
Министрлік азаматтардың сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауға, олардың кәсіби қалыптасуы мен дамуына ықпал етуге бағытталған келесі міндеттерді іске асырады:
техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қалыптастыру және іске асыру;
ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарға негізделген тұлғаның жан-жақты дамуына бағытталған сапалы білім беру үшін қажетті жағдайлар жасау;
техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында білім беру мазмұны мен оқу үдерісін ұйымдастыруда заманауи технологияларды енгізу;
экономиканың салалары мен қоғам қажеттіліктеріне сәйкес сұранысқа ие техникалық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша білікті кадрларды даярлауға құқықтық негіз қамтамасыз ету;
мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, олардың нормативтік-құқықтық базасын жетілдіру және тиімділігін бағалау мақсатында тұрақты мониторинг жүргізу;
Жастар корпусын дамыту жобасын іске асыру және оны үйлестіру жұмыстарын жүргізу;
студенттер арасында рухани-адамгершілік, патриоттық, экологиялық тәрбиені насихаттау, белсенді азаматтық ұстаным, парасаттылық пен салауатты өмір салтын қалыптастыру бағытында іс-шаралар ұйымдастыру.