Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті туралы ереже

 

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. Қаржы және мемлекеттік сатып алу департаменті
    (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
  2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Департаменттің құрылымын Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі, Департаменттің штат санын Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен штат санының лимиті шегінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы бекітеді.
  4. Департамент 3 басқармадан тұрады:

1) Республикалық бюджетті атқару басқармасы;

2) Бухгалтерлік есеп және шоғырландырырылған есептілік басқармасы;

3) Мемлекеттік сатып алу және активтер басқармасы.

 

2-тарау. Департаменттің мақсаттары, құқықтары мен міндеттері

 

  1. Мақсаттары:

1) бюджеттік бағдарламаларды қаржыландыруды қамтамасыз ету;

2) есептерді қалыптастыру және дайындау;

3) бухгалтерлік есепті ұйымдастыру;

4) мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыру және өткізу;

5) мемлекеттік меншікті тиімді басқаруды ұйымдастыру.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

1) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерімен, ведомстволармен, мемлекеттік органдармен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау;

2) өзіне жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік органдардан, Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінен және ведомстволық бағынысты ұйымдарынан, орталық және жергілікті атқарушы органдар мен білім беру ұйымдарынан, сондай-ақ өзге де мүдделі ұйымдардан, олардың лауазымды тұлғаларынан қажетті ақпарат пен материалдарды сұрату және алу;

3) жеке және заңды тұлғалар жолданымдарда (арыздарда, шағымдарда), сұрау салуларда, ұсыныстарда, үн қосулар мен хабарларда көтеретін жүйелі мәселелерді талдауды, мониторингілеуді және айқындауды жүзеге асыру;

4) мемлекеттік органдарда, Министрліктің бөлімшелерінде, өзге де мүдделі ұйымдарда оның мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша кеңестерге қатысу;

5) өз құзыреті шегінде мемлекеттік және өзге де ұйымдарда Министрліктің мүдделерін білдіру;

6) мемлекеттік қызмет туралы заңнамада белгіленген тәртіппен осы Ережеде және лауазымдық нұсқаулықтарда көзделген міндеттердің уақытылы және сапалы орындалуына жауапкершілік алу;

7) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де құқықтар мен міндеттерді жүзеге асыру.

  1. Функциялары:

1) бюджеттік бағдарламалар, кіші бағдарламалар мен ерекшеліктер бөлінісінде міндеттемелер мен төлемдер бойынша Министрліктің қаржыландыру жоспарларын қалыптастыру және бекітуге ұсыну, сондай-ақ қажеттілігіне қарай Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің, Министрліктің ведомстволары мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының, жергілікті атқарушы органдардың өтінімдеріне сәйкес бекітілген қаржыландыру жоспарларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

2) міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларына сәйкестікке шарттарды келісу;

3) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық органында азаматтық-құқықтық мәмілелерді тіркеуді қамтамасыз ету;

4) орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің актілерін рәсімдеудің дұрыстығына келісу;

5) орындалған жұмыстар мен көрсетілген қызметтердің қабылданған және бекітілген актілері, қол қойылған тізілімдер, аударуға өтінімдер және төлеуге дейінгі басқа да қажетті құжаттар негізінде бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес республикалық бюджет есебінен қаржыландырудың операциялық орындалуын жүзеге асыру;

6) бекітілген қаржыландыру жоспарларына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың ағымдағы нысаналы трансферттері, дербес білім беру ұйымдарының нысаналы салымдары бойынша қаржыландыруды жүзеге асыру;

7) Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының қаражатын ЖАО-ның тиісті шоттарына аудару;

8) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ұсына отырып,
е-Қаржымині АЖ-да Министрліктің бюджеттік бағдарламаларын (кіші бағдарламаларын) іске асыру мониторингінің нәтижелері туралы ай сайынғы, жылдық есепті қалыптастыру;

9) бюджеттік бағдарламалардың (кіші бағдарламалардың) тікелей және түпкілікті нәтижелері туралы есепті жасау;

10) белгіленген тәртіпке сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің республикалық бюджетті атқару жөніндегі жылдық есебін жасау және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органға ұсыну;

11) бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органда және Қазақстан Республикасының Парламентінде республикалық бюджеттің атқарылуы жөніндегі Қазақстан Республикасы Үкіметінің жылдық есебін қорғауға қатысу;

12) бюджеттік қаражатпен байланыстыра отырып стратегиялық мақсаттарды іске асыру және нысаналы индикаторларға қол жеткізу бойынша талдамалық ақпаратты дайындау;

13) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы апта сайынғы жедел ақпаратты жасау (дайындау);

14) жалақыны, еңбек демалысын, еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша жәрдемақыларды және демалысқа сауықтыру үшін жәрдемақыларды; әлеуметтік аударымдарды, әлеуметтік салықты, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға аударымдарды есептеу және аудару; жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын ұстап қалу және аудару;

15) іссапар шығыстары бойынша есеп жүргізу және аванстық есептер жасау;

16) орталық аппарат және Комитеттер бөлінісінде еңбек жөніндегі салықтық және статистикалық есептілікті ұсыну;

17) дебиторлық және кредиторлық берешек бойынша есептілікті кейіннен қалыптастыра отырып, дебиторлармен және кредиторлармен өзара есеп айырысу есебін жүргізу, дебиторлық және кредиторлық берешек бойынша шоғырландырылған есептілікті жасау және белгіленген мекен-жайларға ұсыну;

18) ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелер мен аумақтық департаменттердің жартыжылдық, жылдық бюджеттік және қаржылық есептілігін қабылдау және өңдеу;

19) шоғырландырылған бюджеттік және қаржылық есептілікті жасау және белгіленген мекен-жайларға ұсыну;

20) Министрліктің теңгеріміндегі негізгі құралдар мен материалдық құндылықтардың есебін жүргізу, есептен шығару және түгендеу;

21) мүлікті түгендеу, паспорттау және қайта бағалау туралы ақпаратты Мемлекеттік мүлік тізіліміне, сондай-ақ негізгі қор бойынша статистикалық есептілікке ұсыну;

22) Министрлік регламентінің талаптарына сәйкес заңнамада белгіленген тәртіппен Министрліктің тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспарын (мемлекеттік сатып алудың алдын ала жылдық жоспарын) қалыптастыру, бекітуге ұсыну және мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастыру;

23) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің өтінімдері негізінде Министрліктің мемлекеттік білім беру тапсырысының жоспарын қалыптастыру, бекітуге ұсыну және мемлекеттік сатып алу веб-порталына орналастыру;

24) «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының  Заңына, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру қағидаларына және мемлекеттік сатып алу мәселелеріне қатысты өзге де құқықтық актілерге сәйкес Министрліктің бекітілген жылдық жоспарына сәйкес тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу рәсімдерін ұйымдастыруды және өткізу;

25) конкурстық комиссияның құрамын айқындау және бекітуге ұсыну;

26) мемлекеттік сатып алу веб-порталында мемлекеттік сатып алу туралы хабарландыруларды, тиісті хаттамаларды жариялау;

27) бірыңғай ұйымдастырушыға конкурс, конкурс тәсілімен алдын ала біліктілік іріктеумен мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үшін өтінім мен құжаттарды жіберу;

28) мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу жөніндегі шарттарды (қосымша келісімдерді) жасау, келісуге және тіркеуге жіберу;

29) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім берудің мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша, сондай-ақ колледж студенттерін жатақханалардағы орындармен қамтамасыз ету жөніндегі шарттарды (қосымша келісімдерді) жасау, келісуге және тіркеуге жіберу;

30) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарларын және олардың орындалуы жөніндегі есептерін қарау, бекіту және түзету;

31) негізгі құралдарды меншіктің бір нысанынан екіншісіне беру;

32) ведомстволық бағынысты ұйымдардың негізгі құралдарын есептен шығару мен сатып алуды қарау және келісу;

33) квазимемлекеттік сектор субъектілерінің шығыстары туралы есепті тоқсан сайын қолма-қол ақшаны бақылау шоттарынан қалыптастыру;

34) кәсіпорындардың таза табысының бір бөлігін бюджет кірісіне аудару жөніндегі нормативтің орындалуын бақылау;

35) ведомстволық бағынысты кәсіпорындардың, мемлекеттік мекемелердің, мемлекет қатысатын акционерлік қоғамдардың Жарғыларын қарау және келісу;

36) республикалық мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, республикалық заңды тұлғаға берілген немесе ол өзінің шаруашылық қызметі нәтижесінде сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға келісім беру;

37) республикалық мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша республикалық заңды тұлғаны қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асыру;

38) республикалық меншік объектілерін түгендеу және жекешелендіру мәселелеріне қатысу;

39) акционерлік қоғамдардың жылдық қаржылық есептілігінің аудиті үшін аудиторлық ұйымды бекітуге ұсыну;

40) акционерлік қоғамдар мен мемлекеттік кәсіпорындардың жылдық қаржылық есептілігін қарау және бекітуге ұсыну;

 

3-тарау. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Департаменттің Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттері болады.
  2. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын директор басқарады.
  3. Департамент директорының штат кестесіне сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымынан босатылатын екі орынбасары болады.
  4. Департамент директоры Департаменттің қызметіне жалпы басқаруды жүзеге асырады және оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
  5. Департамент директоры Министрліктің басшылығына Департаменттің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар береді.
  6. Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға директор, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын тұлға қол қояды.

____________________________

 

 

 

Дата публикации
12 апреля 2024