Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Қоғаммен байланыс департаментінің ЕРЕЖЕСІ

1-тарау. Жалпы ережелер

 

  1. 1. Қоғаммен байланыс департаменті (бұдан әрі – Департамент)
    Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құрылымдық бөлімшесі болып табылады.
  2. Департамент өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарды, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, Министрлік туралы ережені, Қазақстан Республикасының «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заңын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
  3. Құрылымдық бөлімшенің құрылымын және штат санын
    Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен штат санының лимиті шегінде мемлекеттік органның уәкілетті лауазымды адамы бекітеді.

 

2-тарау. Департаменттің мақсаттары, құқықтары және міндеттері

 

  1. Мақсаттары:

1) құзыреті шегінде бірыңғай мемлекеттік ақпараттық саясатты қалыптастыру және іске асыруға қатысу және Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары арасындағы өзара
іс-қимылды қамтамасыз ету;

2) Министрліктің ақпаратқа қол жеткізу мәселелері бойынша жұмысын ұйымдастыру;

3) оң имиджді және қоғамдық пікірді қалыптастыру мақсатында Министрліктің және оның басшылығының қызметін жедел ақпараттық жария етуді ұйымдастыру;

4) Министрлік пен оның құрылымдық бөлімшелері қызметінің мемлекеттік құпияларға және қызметтік пайдалануға арналған құжаттарға жатпайтын сұрақтар бойынша толық және объективті мәліметтер алуға бұқаралық ақпарат құралдарына (бұдан әрі – БАҚ) жәрдем көрсету.

  1. Құқықтары мен міндеттері:

1) құрылымдық бөлімшелерден, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардан Департаментке жүктелген функцияларды орындау үшін қажетті құжаттар мен мәліметтерді сұрату;

2) министрлік және құрылымдық бөлімшелер басшылығының келісімімен Департаментке жүктелген міндеттер мен функцияларға сәйкес материалдарды дайындау үшін осы құрылымдық бөлімшелердің мамандарын тарту;

3) Департаменттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіппен кеңестер шақыру және өткізу, оларға қатысу үшін Министрліктің басқа құрылымдық бөлімшелерінің, басқа да мемлекеттік органдар мен мүдделі ұйымдардың мамандарын тарту;

4) Министрліктің ресми интернет-ресурсында және әлеуметтік желілерде, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыру үшін құрылымдық бөлімшелер мен ведомстволық бағынысты ұйымдар ұсынған ақпараттық-анықтамалық материалдар бойынша ескертулер мен ұсынымстар беру;

5) Министрліктің негізгі қызметі бойынша жұмыс топтарының жұмысына және Министрліктің кеңестеріне қатысу;

6) мемлекеттік органдарда, республикалық және халықаралық конференцияларда, семинарларда және басқа да іс-шараларда Департамент құзыреті шеңберінде Министрліктің атынан өкілдік ету.

7) осы Ережеге сәйкес Департаментке жүктелген функцияларды уақтылы және сапалы орындау;

8) Министрдің тапсырмаларына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес департаментке жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.

  1. Функциялары:

1) Министрліктің қоғаммен байланыс саласындағы ақпараттық саясатын іске асыру жөніндегі коммуникациялардың нысандарын, әдістері мен арналарын айқындау;

2) департамент құзыреті шеңберінде мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыру мәселелері бойынша бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардың баспасөз қызметтерімен, БАҚ-пен, жеке және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

3) Министрліктің қызметін ақпараттық қамтамасыз етудің медиа-жоспарын қалыптастыру;

4) тиісті құрылымдық бөлімшелермен бірлесіп баспасөз конференцияларын, баспасөз турларын, брифингтерді, сұхбаттарды және Министрлік басшылығының БАҚ өкілдерімен басқа да кездесулерін ұйымдастыру және өткізу;

5) Министрліктің қызметіне байланысты анонстарды, пресс-релиздерді, ақпараттық-анықтамалық материалдарды, басқа да ақпаратты, сондай-ақ фото -, бейнематериалдарды дайындау және тарату;

6) Министрлік қызметінің негізгі бағыттары бойынша талдамалық, статистикалық, ақпараттық және өзге де материалдарды, оның ішінде фото-, бейне материалдарды қалыптастыру;

7) Мемлекеттік органдардың интернет-ресурстарының бірыңғай порталын контенттік толықтыру, сондай-ақ Министрліктің әлеуметтік желілердегі аккаунттарын ілгерілету жөніндегі жұмысты үйлестіру;

8) Министрліктің қызметі туралы БАҚ-та және әлеуметтік желілерде жарияланымдарға мониторинг жүргізу, мониторинг қорытындылары бойынша Министрлік басшылығы үшін есептер дайындау;

9) Министрліктің имиджі мен беделіне тікелей немесе жанама әсер ететін дағдарыстық жағдайларға жедел ден қоюды қамтамасыз ету;

10) Министрдің БАҚ өкілдерінің алдында сөйлеген сөздері мен баяндамаларын дайындауға қатысу;

11) Министрлік басшылығының, құрылымдық бөлімшелер басшыларының БАҚ-та жариялауды талап ететін жұмыс сапарлары мен кездесулеріне қатысу;

12) құрылымдық бөлімшелердің БАҚ сұрауларына дайындалған жауаптарын түзету және келісу;

13) журналистер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін уақытша немесе тұрақты аккредиттеуді жүргізу, сондай-ақ Министрліктің құзыретіне жататын мәселелер бойынша ақпаратты барынша толық және кеңінен тарату үшін оларға жәрдем көрсету;

14) Департаменттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың жазбаша өтініштерін уақтылы қарау, олар бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде шешімдер қабылдау;

15) жеке және заңды тұлғалар жолданымдарда (арыздарда, шағымдарда), сұрау салуларда, ұсыныстарда, үн қосулар мен хабарларда көтеретін жүйелі мәселелерді талдауды, мониторингілеуді және айқындауды жүзеге асыру;

16) Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің мемлекеттік органдардың ақпараттық ресурстарының бірыңғай порталында және «Ашық деректер» порталында ашық деректердің бірыңғай тізбесіне сәйкес ақпаратты орналастыру және өзектендіру бойынша мониторинг жүргізу;

17) ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз ету мәселелері бойынша Министрліктің құрылымдық бөлімшелерінің жауапты тұлғаларының жұмысын үйлестіру;

18) Министрліктің құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуді мониторингілеу және бақылау (сайтты толтыру, ашық деректерді орналастыру, бірінші басшының блогын жүргізу);

19) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де функцияларды қамтиды.

 

3-тарау. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

 

  1. Департамент заңнамалық актілерге, Қазақстан Республикасы Президентінің актілеріне және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес өз міндеттерін іске асыру үшін қажетті құқықтары мен міндеттеріне ие.
  2. Департаментті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Директор басқарады.
  3. Департамент директоры құрылымдық бөлімшенің қызметін жалпы басқаруды жүзеге асырады, оған жүктелген міндеттердің орындалуына және өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.
  4. Департамент директоры Министрліктің басшылығына құрылымдық бөлімшенің құрылымы мен штат саны жөнінде ұсыныстар береді.
  5. Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша Департаменттің атынан басқа құрылымдық бөлімшелерге жіберілетін құжаттарға Департамент директоры, ал ол болмаған жағдайда – оны алмастыратын адам қол қояды.
Дата публикации
29 декабря 2023