Қазақстан Республикасының Білім беру саласындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі салалық комиссия туралы ЕРЕЖЕ

Жалпы ережелер

 

  1. Қазақстан Республикасының Білім саласындағы әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Салалық комиссия (бұдан әрі – Салалық комиссия) Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес құрылған Әлеуметтік әріптестік жүйесінің тұрақты жұмыс істейтін органы болып табылады.
  2. Салалық комиссия Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік), «Адами капиталды, білім мен ғылымды дамыту жөніндегі ұйымдар қауымдастығы» ЗТБ, Келісімге қосылған жұмыс берушілердің өзге де өкілдерінен (бұдан әрі – жұмыс берушілер) және «Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ, Келісімге қосылған өзге де салалық кәсіптік одақтар (бұдан әрі – Кәсіподақ) өкілдерінен тұрады, олар салалық комиссияның тиісті тараптарын (бұдан әрі – Тараптар) құрады.

Салалық кәсіптік одақтар, жұмыс берушілердің салалық бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары), ал олар болмаған кезде – осы Келісімге қосылғысы келетін салалық ұйымдар ұйымның мәртебесін растайтын құжаттарды қоса бере отырып, Келісімге қосылу туралы салалық комиссияға жазбаша хабарлама жібереді.

Келісімге қосылатын ұйымдардың уәкілетті органдары Салалық келісімге қол қойған тиісті Тараптардың өкілдерімен өкілдік ететін қызметкерлер мен жұмыс берушілердің санына байланысты пропорционалды өкілдік қағидаты негізінде салалық комиссияның құрамына өз өкілдерін енгізу туралы келіссөздер жүргізеді.

Қосылған ұйымдар өкілдерінің дербес құрамын әрбір Тарап дербес қалыптастырады. Салалық комиссияның құрамына қосылған ұйымдардың өкілдерін енгізу туралы шешім Салалық келісімнің тиісті тараптары құрамы комиссиясы мүшелерінің отырысының жеке хаттамасымен ресімделеді.

  1. Салалық комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексін, Қазақстан Республикасының Үкіметі, қызметкерлер мен жұмыс берушілердің 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бірлестіктері арасындағы Бас келісімді, Қазақстан Республикасы аумағының қолданысындағы Қазақстан Республикасының басқа нормативтік құқықтық актілерін, Қазақстан Республикасының аумағында қолданылатын халықаралық нормаларды, осы Ережені басшылыққа алады.

 

 

Салалық комиссияның негізгі мақсаттары мен міндеттері

 

  1. Салалық комиссияның негізгі мақсаты әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу және әлеуметтік әріптестік Тараптарының мүдделерін келістіру болып табылады.
  2. Салалық комиссияның негізгі міндеттері:

- әлеуметтік, еңбек және соларға қатысты экономикалық қатынастарды реттеудің тиімді тетігін құру;

- қоғамның барлық топтары мүдделерінің объективті есебі негізінде, әлеуметтік тұрақтылық пен қоғамдық келісімді қамтамасыз етуге жәрдемдесу;

- еңбек саласындағы қызметкерлердің құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз етуге жәрдемдесу, олардың әлеуметтік қорғанысын жүзеге асыру.

- барлық деңгейдегі әлеуметтік әріптестік тараптарының арасында кеңес беру және келіссөздер жүргізу процесіне жәрдемдесу;

- ұжымдық еңбек дауларын шешуге жәрдемдесу;

- әлеуметтік-еңбек қатынастары саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асыру жөніндегі ұсыныстарды дайындау;

- ұйым деңгейіндегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеудің жалпы принциптерін дайындау кезінде Министрліктің, Кәсіподақтың, Жұмыс берушінің теңқұқылық ынтымақтастығын қамтамасыз ету;

- Кәсіподақтың, Жұмыс берушінің және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының арасында ұжымдық келіссөздердің жүргізілуіне, аймақтық салалық келісімнің дайындалып және оның жасалуына жәрдемдесу;

- Салалық келісім шарттарының орындалу барысын бақылау және ұйымдастыру;

- Әлеуметтік әріптестік тәжірибелерін дамыту және тарату;

- Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі Республикалық үшжақты комиссиямен өзара іс-қимыл.

 

Салалық комиссияның негізгі қызметтері

 

  1. Салалық комиссияның қызметтері:

- Тараптардың Бас келісімді, республикалық үшжақты комиссияның шешімдерін орындауын қамтамасыз ету;

- саланың бағдарламалық және стратегиялық құжаттарын қарау (Тараптардың бастамасы бойынша);

- әлеуметтік және еңбек жанжалдары мен ереуілдерді ескерту және болдырмау жөніндегі іс-шараларды дайындау және келістіру;

- жұмыспен қамтуға бағытталған шараларды келістіру және жұмыссыздық деңгейін қысқарту;

- салалық келісімді жасау және оның орындалуына мониторингті жүзеге асыру;

- саланың еңбекақы жүйесінің негізгі принциптерін дайындау;

- салалық біліктілік шеңберін және салалық кәсіптік стандарттарды бекіту;

- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі кеңесті құру;

- ұжымдық еңбек дауларының алдын алу және шешу үшін еңбек төрелігі (арбитражы) жөніндегі кеңесті құру;

- келісімдер мен ұжымдық шарттарды дайындау және қабылдауға қатысу үшін бақылаушылар тобын құру;

- кадрлық әлеует (потенциал) пен біліктілікті дамыту жөніндегі үйлестіру орталығын құру;

- салалық комиссияның негізгі міндеттері мен мақсаттарына бағытталған басқа да қызметтерді жүзеге асыру.

 

Салалық комиссияның құқықтары

 

  1. Салалық комиссия өзіне жүктелген негізгі міндеттерді орындау мақсатында:

- әлеуметтік және еңбек қатынастары саласында келісілген саясатты жүргізу мәселелерін өз отырыстарында қарауға;

- келісім жобасын талқылау, көрсетілген келісімді жүзеге асыру, комиссия шешімдерін орындау кезінде атқарушы органдардың, жұмыс берушілер мен қызметкерлер бірлестіктерінің мүдделерін келістіруге;

- атқарушы органдардан, жұмыс берушілер және (немесе) қызметкерлердің өкілдерінен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін, жасалатын және жасалған келісімдер туралы ақпаратты сұрауға;

- өз шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыруға, ал жауапты тұлғалар оларды орындамаған жағдайда, әлеуметтік әріптестіктің тиісті тарабына анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде ұсыныстар мен келісімнің шарттарын орындамаған кінәлі тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде ақпарат жіберуге;

- атқарушы органдардан ұжымдық келіссөздер жүргізуге және келісім жобасын дайындауға, осы келісімнің орындалуын бақылауды ұйымдастыруға қажетті әлеуметтік жағдай туралы ақпарат сұрауға және алуға;

- әлеуметтік және еңбек қатынастары саласында нормативтік құқықтық актілерін дайындау жөнінде өкілетті мемлекеттік органдардың қарауына ұсыныстар енгізуге;

- ғалымдар мен мамандарды қатыстырып, жұмыс топтарын құруға;

- комиссия отырыстарына атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің қызметкерлерін, сонымен қатар тәуелсіз сарапшыларды шақыруға;

- комиссиямен белгіленген мерзімде, атқарушы органдармен, жұмыс берушілер және қызметкерлер бірлестіктерімен қаралып және орындалуға міндетті болып табылатын бірлескен келісімдер мен шешімдерді қабылдауға;

- әлеуметтік және еңбек қатынастары мен әлеуметтік әріптестік мәселелері бойынша халықаралық, республикалық, аймақаралық отырыстар, конференциялар, конгрестер, семинарларды осы шараларды ұйымдастырушылармен келісілген тәртіпте өткізуге қатысуға құқылы.

 

 

Салалық комиссияның құрамы мен құрылу тәртібі

 

  1. Салалық комиссияның құрылу принциптері төмендегідей:

- атқарушы билік органдары өкілдерінің, жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерінің комиссия қызметіне қатысу міндеттілігі.   

- тараптардың өкілеттілігі;

- паритетті өкілдік;

- тараптардың тең құқылығы;

- тараптардың өзара жауапкершілігі.

  1. Салалық комиссия паритетті (тең) негізде Тараптар өкілдерінің тең санынан – әр тараптан тоғыз өкілден құралады.
  2. Министрлік, Жұмыс берушілер, Кәсіподақ өздерінің өкілдерінің дербес құрамы мен оларды ротациялау тәртібін өз беттерінше анықтайды.
  3. Салалық комиссияның шешімімен комиссия мүшелерінің қатарынан комиссия Төрағасы, комиссия төрағасының Орынбасары сайланады. Төраға және төраға Орынбасары бір Тараптан сайлана алмайды.
  4. Салалық комиссия өзінің шешімімен әрбір тараптан екі өкілден жұмыс тобын құрады.
  5. Жұмыс тобы өз қызметін Салалық комиссияның үйлестірушісі басшылығымен жүзеге асырып, комиссия отырысына дайындықты қамтамасыз етеді.

 

Салалық комиссияның үйлестірушісі

 

  1. Салалық комиссияның үйлестірушісі салалық комиссияның құрамына кіретін тұлғалар арасынан Тараптардың бірлескен шешімімен тағайындалады.

Салалық комиссияның үйлестірушісі:

- Салалық комиссия мен жұмыс тобының жұмысын, хаттамалар жүргізуді, шешімдер жобаларын дайындауды және олардың орындалуын бақылауды жүзеге асырады;

- Тараптар көзқарастарының келісуіне жәрдемдеседі;

- Салалық комиссия отырыстарының арасындағы мерзімде өз құзырлығы шамасында, шұғыл шешімдер қабылдауды талап ететін мәселелер бойынша, Тараптар өкілдерімен кеңестер беруді жүргізеді.

- Салалық комиссияның жұмысына қатысу үшін Салалық комиссияның мүшелері болып табылмайтын жұмыс берушілер мен қызметкерлер өкілдерін, атқарушы билік органдарының өкілдерін, сонымен қатар ғалымдар мен мамандарды, басқа ұйымдар өкілдерін шақырады.

 

Салалық комиссия қызметінің принциптері, ұйымдастыруы мен тәртібі

 

  1. Салалық комиссия төмендегідей прициптер негізінде әрекет етеді:

- Тараптардың тең құқылығы;

- Тараптардың мүдделерін есепке алу және көзқарастарын сыйлау;

- Тараптардың бір-бірлерінің істеріне араласпау;

- Тараптардың және олардың өкілдерінің Қазақстан Республикасының заңнамасын және халықаралық құқықты сақтауы;

- әлеуметтік және еңбек қатынастары саласына кіретін мәселелерді талқылау кезінде таңдау еркіндігі;

- бірлескен шешімдер мен келісімдердің талаптарын орындау міндеттілігі;

- келіспеушіліктерді шешу кезінде бітімгерлік әдістерінің басымдылығы.

  1. Салалық комиссия өз қызметін, шұғыл шешімдерді қабылдауды талап ететін мәселелерді қарау қажеттілігін ескере отырып, бекітілген жұмыс жоспарларына сәйкес жүзеге асырады.
  2. Салалық комиссия мүшесі:

- Салалық комиссияның отырыстарына қатысады;

- Салалық комиссия шешімдерінің жобасын дайындауға қатысады;

- Салалық комиссия Төрағасы мен оның Орынбасарының тапсырмаларын орындайды.

  1. Салалық комиссияның мүшесі:

- бекітілген тәртіпте Министрлікке, Кәсіподаққа, Жұмыс берушіге өтініш білдіруге және заңнамамен белгіленген мерзімде тікелей мәселеге байланысты қойылған сұрақтарына жазбаша жауап алуға;

- тиісті нормативтік құқықтық актілермен, ақпараттық және анықтама материалдарымен танысуға құқылы.

  1. Салалық комиссияның шешімі, егер оған Тараптар дауыс берген жағдайда қабылданды деп саналады. Әрбір Тараптың шешімді қабылдау тәртібін сол Тараптың өзі дербес анықтайды.
  2. Қабылданған шешіммен келіспейтін Салалық комиссияның мүшелері, өздерінің ерекше пікірлерін Салалық комиссия отырысының хаттамасына енгізуді талап етуге құқылы.
  3. Салалық комиссияның қызметін ұйымдастырушылық қамтамасыз ету Министрлікпен жүзеге асырылады.
  4. Салалық комиссияның отырыстарын өткізу үшін Тараптар келісім бойынша тиісті үй-жайларды тауып ұсынады.
  5. Салалық комиссия өз отырыстарын күнтізбелік жыл ішінде, қажеттілікке орай кемінде екі рет өткізеді.

 

Дата публикации
06 сентября 2023