Ішкі аудит департаменті туралы ЕРЕЖЕ

Қазақстан Республикасы

Білім және ғылым министрлігі Жауапты хатшысының

2019 жылғы «12» қараша №891-К бұйрығына қосымша

 

Ішкі аудит департаменті туралы

ЕРЕЖЕ

 

Осы Ереже (бұдан әрі – Ереже) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне сәйкес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ішкі аудит департаментінің мәртебесін, өкілеттіктерін және жұмысын ұйымдастыруды айқындайды. 

 

1. Жалпы ережелер 

 

1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Ішкі аудит департаменті (бұдан әрі – Департамент) Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің (бұдан әрі - Министр) шешімімен құрылады.

2. Департамент өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына, «Мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау туралы» 2015 жылғы 12 қарашадағы Қазақстан Республикасы Заңына (бұдан әрі – Заң), 2014 жылғы 15 шілдедегі №282 Министрліктің регламентіне, Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 11 қаңтардағы № 167 Жарлығымен бекітілген Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың жалпы стандарттарына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 19 наурыздағы № 392 бұйрығымен бекітілген Ішкі мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу қағидаларына, Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 599 бұйрығымен бекітілген Ішкі аудит қызметтері туралы үлгілік ережеге, Қазақстан Республикасының басқа да заңнамалық актілеріне және Министрліктің ішкі құжаттарына, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

3. Департамент құрылымы және штаттық саны (сандық құрамы) Министрдің келісімі бойынша Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен бекітіледі.

4. Департамент қызметкерлерінің функционалдық міндеттері, құқықтары және жауапкершілігі Департамент туралы ереженің негізінде әзірленетін тиісті лауазымдық нұсқаулықтармен белгіленеді, және Министрдің келісімі бойынша Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен бекітіледі.

2. Департаменттің мәртебесі

5. Департамент Министрліктің құрылымдық бөлімшесі болып табылады, басқа құрылымдық бөлімшелерден тәуелсіз, тікелей Министрге бағынады және есеп береді, Министрліктің ішкі бақылау жүйесінің тұрақты мониторинг бөлігі ретінде әрекет етеді.

6. Департамент ішкі мемлекеттік аудитті жүгізуде және ішкі аудит нәтижелері туралы есептер дайындауда тәуелсіз.

7. Департамент басқа құрылымдық бөлімшелердің, оның ведомстволарының құзыретіне жататын жұмыстарға, сондай-ақ оның өкілеттіктеріне жатпайтын бағдарламалар мен жобаларды дайындауға немесе орындауға тартыла алмайды.

8. Департамент қызметкерлеріне Департамент мәртебесіне, Министрлік туралы ережеге және Департамент туралы ережеге сәйкес қолданылуы мүмкін емес құжаттарды қоспағанда, Министрліктің ішкі құжаттарының ережелері таратылады.

9. Департамент қызметін бағалауды ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі  уәкілетті орган жүргізеді.

3. Департаменттің мақсаттары, негізгі міндеттері, функциялары,

құқықтары мен міндеттемелері

10. Департамент қызметінің негізгі мақсаты Министрге Министрліктің стратегиялық мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізуге көмектесу, тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген бюджет қаражатын, мемлекеттің және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің активтерін басқару мен пайдаланудың тиімділігін арттыру, Министрлікті тиімді басқаруды қамтамасыз етуге арналған тәуелсіз және объективті ақпаратты Министрге ұсыну.

11. Департамент міндеттері:

1) Министрліктің стратегиялық құжаттарының мақсаттары мен міндеттеріне қол жеткізілуін талдау;

2)      ішкі мемлекеттік аудит жүргізу барысында қаржылық және басқарушылық ақпараттың сенімділігі мен дұрыстығын, Министрліктің қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін, көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасын, мемлекет активтерінің сақталуын ішкі мемлекеттік аудит жүргізу барысында талдау, бағалау және тексеру.

12. Департамент функциялары:

1) қаржылық есептілікке аудит жүргізуге қатысады;

2) Министрлікте, оның ведомствалық және аумақтық бөлімшелерінде, бағынысты ұйымдарында олардың қызметтерінің барлық бағыттары бойынша тиімділік аудитін жүргізеді;

3) Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде, ведомстволық бағынысты ұйымдарында сәйкестік аудитін жүргізеді;

4) мемлекеттік сатып алуды жүргізу және шарттар талаптарының орындалу рәсіміне, оның ішінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің мерзімі, көлемі, бағасы, саны және сапасы бойынша сәйкестік аудитін жүргізеді;

5) Министрліктің ішкі процестерінің (бизнес процестерінің) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Министрлікте, оның аумақтық бөлімшелерінде

және ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі процестердің (бизнес-процестердің) тәуекелдерін басқару жүйесі негізінде ішкі бақылау мен басқару жүйесінің жұмыс істеуін бағалауды жүзеге асырады;

6) нысаналы даму трансферттерін іске асыруды қоса алғанда, оның ішінде бюджеттік инвестициялар шеңберінде, Министрліктің стратегиялық жоспарынының мақсаттары мен міндеттеріне бюджеттік шығыстармен өзара байланысқа қол жеткізуін талдауға;

7) Министрлікте тауарлық-материалдық қорлардың және өзге де активтердің сақталуына тексеру жүргізеді;

8) республикалық активтер мен мүліктің сақталуына тексеру жүргізеді;

9)  ішкі мемлекеттік аудит жүргізумен байланысты мәселелер бойынша мемлекеттік аудит объектілері лауазымды адамдарының тиісті ақпараттарын тыңдайды;

10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық бюджеттің қаражатын пайдалану кезінде бұзушылықтардың жолын кесу, оларға жол бермеу жөніндегі, анықталған кемшіліктерді жою, Министрліктің қызметін ұйымдастырудың ішкі процестерінің тиімділігін арттыру жөніндегі ұсынымдармен бірге ішкі мемлекеттік аудит нәтижелері туралы есепті Министрге енгізеді;

11) Министр үшін жылдық жұмыс жоспарларының орындалу мониторингін жүзеге асырады;

12) жүргізілген мемлекеттік аудит және қабылданған шаралар бойынша есептер мен ақпаратты ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жібереді;

13) Министрге, сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның алдында атқарылған жұмыс туралы жыл сайын есеп береді.

Егер тиісті объектілер Есеп комитетінің, тексеру комиссияларының және ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органның мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесіне енгізілмесе, ішкі аудит қызметтері Министрдің тапсырмасы бойынша жоспардан тыс мемлекеттік аудит жүргізеді.

13. Департаменттің құқықтары:

1) құпиялық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге құпияның сақталуын ескере отырып, тиісті жылға мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыруға байланысты мәселелер бойынша ведомстволық ақпараттар жүйелері деректерінің құрамы мен нысандары туралы мәліметтерді, құжаттаманы, ақпаратты, материалдарды (дәлелдемелерді), анықтамаларды, ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұрату;

2) Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасын жетілдіру және Қазақстан Республикасының қаржылық жүйесін дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеу және оларды уәкілетті органға қарау үшін ұсыну;

3) мемлекеттік аудитті жүргізу шеңберінде құпиялық, қызметтік, коммерциялық режимін немесе заңмен қорғалатын өзге құпияның сақталуын

ескере отырып, мемлекеттік аудит объектілерінің аумағына және үй-жайларына кедергісіз кіруге рұқсат алу;

4) мемлекеттік аудит міндеттері мен мәндеріне сәйкес ішкі аудит нәтижелері туралы есепті дайындау үшін өздерінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша қажетті құжаттаманы, ақпаратты, оның ішінде электрондық жеткізгіштерде, сондай-ақ ақпараттық жүйелерге рұқсатты, жазбаша және ауызша түсініктемелерді және өзге де, оның ішінде құпиялылық режимінің, қызметтік, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияның сақталуын ескере отырып, мемлекеттік құпияны және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты осы Заңда белгіленген мерзімдерде сұратуға және алу;

5) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдары жүргізген мемлекеттік бақылау және қадағалау нәтижелері бойынша қабылданған актілер мен құжаттарды сұрату;

6) өз құзыреті шегінде мемлекеттік аудит объектілерінің басшылары мен басқа да лауазымды адамдарынан мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесін қалыптастыру және мемлекеттік аудит жүргізу кезінде анықталған бұзушылық фактілері бойынша жазбаша түсініктемелерді беруді, сондай-ақ құжаттардың белгіленген тәртіппен куәландырылған қажетті көшірмелерін талап ету;

7) Министрлікте, оның ведомстволарында, аумақтық бөлімшелерінде, Министрліктің ведомстволық бағынысты ұйымдарында ішкі бақылау жүйесін ұйымдастыру жөніндегі жұмыста консультациялық көмек көрсету;

8) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген өзге құқықтарға ие.

14.    Департамент міндеттері:

1) мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды қатаң түрде мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау стандарттарына сәйкес жүргізуге;

2) Департаменттің жылдық және тоқсандық жұмыс жоспарларын, Департамент қызметкерлерін оқыту жөніндегі жоспарларды әзірлейді, оларды Министрге бекітуге ұсынады және орындалуын қамтамасыз етуге;

3) тәуекелдерді басқару жүйесінің негізінде Министр бекітетін тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбесін қалыптастыруға;

4) Қазақстан Республикасының мемлекеттік құпиялар туралы заңнамасына сәйкес мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді және (немесе) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындаған таратылуы шектеулі қызметтік ақпаратты қамтитын мәліметтерді қоспағанда, мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналып, бекітілген тізбелері мен оларға өзгерістер бекітілген күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде тиісті мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органының интернет-ресурсында орналастырылуға;

5) тексерулердің қайталануын болғызбау мақсатында мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары тиісті жылға арналған мемлекеттік аудит объектілерінің тізбелерін және оларға өзгерістерді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарымен келісуге;

6) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, оның ішінде Департаменттің аудиторлық қорытындыда берген ұсынымдардың және міндетті түрде орындалуға бағытталған нұсқамалардың мониторингін жүйелі негізде жүзеге асыруға;

7) мемлекеттік аудит объектілерінің лауазымды тұлғаларының мемлекеттік аудитті жүргізу кезінде сұратылған құжаттар мен материалдарды ұсынбау немесе уақытылы ұсынбау фактілері бойынша актілер жасауға;

8) Қазақстан Республикасының заңнамасын, мемлекеттік аудит объектілерінің құқықтары мен заңды мүдделерін сақтауға;

9) бірыңғай дерекқорға мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау материалдарын, есептілікті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген мерзімдерде орналастыруға;

10) мемлекеттік аудит объектісі лауазымды адамдарының әрекеттерінде қылмыстық немесе әкімшілік құқық бұзушылық белгілері анықталған жағдайларда, материалдарды тиісті аудиторлық дәлелдемелерімен бірге құқық қорғау органдарына немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қозғауға және (немесе) қарауға уәкілеттік берілген органдарға беруге;

11) мемлекеттік аудит объектісінің белгіленген жұмыс режиміне кедергі келтірмеуге;

12) бұзушылықтардың алдын алу, оны анықтау және оның жолын кесу бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес берілген өкілеттіктерді уақтылы және толық көлемде орындауға;

13) қызметтік және кәсіптік әдеп талаптарын сақтауға;

14) мемлекеттік аудит объектісі басшысының (лауазымды адамдарының) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау жүргізу кезінде қатысуына кедергі келтірмеуге, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нысанасына қатысты мәселелер бойынша түсіндірулер беруге;

 

15) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау нәтижесінде алынған құжаттар мен мәліметтердің сақталуын қамтамасыз етуге, оның ішінде мемлекеттік құпияларға, қызметтік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияға жататын мәліметтерді жария етпеуге;

16) Министрге мүдделер қақтығысына ықпал ететін жағдайлар туралы хабарлауға;

17) мемлекеттік аудит нәтижелерін мемлекеттік аудит барысында алынған және жиналған ақпарат пен нақты деректерге ғана негіздеуге;

18) Министр басшылық ететін Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөніндегі кеңеспен өзара әрекеттесу, оның ұсыныстарының іске асырылуын қамтамасыз етуге;

19) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді орындауға міндетті.

15. Департамент өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді.

16. Мемлекеттік аудитті және қаржылық бақылауды жүзеге асыру кезінде мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың негізгі қағидаттары мен стандарттарын бұзғаны үшін Департамент аудиторлары Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес дербес тәртіптік, әкімшілік және қылмыстық жауаптылықта болады.

4. Департаменттің қызметін ұйымдастыру

17. Министрдің келісімі бойынша, Министрліктің Жауапты хатшысының бұйрығымен лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Департамент директоры Департаментті басқаруды жүзеге асырады;

18. Департамент директоры:

1) Департаментке жүктелген міндеттердің орындалуын және функцияларының жүзеге асырылуын қамтамасыз етеді;

2) Департаментте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауап береді;

3) Департамент қызметкерлерінің құқықтарын, міндеттерін және жауапкершілігін белгілейді;

4) Мемлекеттік аудит және тәуекелдер жөннідегі кеңес құрамына қатысады;

5) қызметкерлердің құпиялылық режимі мен ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтауын, сондай-ақ таратылуы шектеулі мәліметтерді қамтитын құжаттармен жұмысты қамтамасыз етеді;

6) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

Департамент директорының бір орынбасары болады.

         19. Департамент директоры Министрліктің Жауапты хатшысымен келісіп Министрге құрылым және штаттық кесте бойынша ұсыныс енгізеді.

20. Департамент атынан Департамент құзыретіне кіретін мәселелер бойынша басқа құрылымдық бөлімшелерге, ведомствоға, аумақтық органдарға және ведомстволық бағынысты мекемелерге жіберілетін құжаттарға директордың қолы, ол болмаған жағдайда оның орынбасарының қолы қойылады.

21. Департамент қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет өткеру шарттары Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет туралы заңнамасымен, Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасымен, Қазақстан Республикасы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау заңнамасымен, Департамент ережесімен және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

22. Департамент қызметі өзіне жүктелген міндеттердің орындалуын және функцияларының жүзеге асырылауын қамтамасыз ету үшін Департаменттің жылдық, тоқсандық жұмыс жоспарына және Министр бекітетін мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбесіне сәйкес жүргізіледі.

5. Департаменттің есептілігі

23. Департамент жүргізілген мемлекеттік аудит және қабылданған шаралар бойынша есептер мен ақпаратты ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жібереді.

24. Департамент жыл сайын ішкі мемлекеттік аудит нәтижесі бойынша Министрге сондай-ақ ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті органға жылдық есебін ұсынады.

Дата публикации
04 февраля 2020