Тәуелсіз еліміздің басты құндылықтарының бірі – мемлекеттік тіл. “Анамыздың сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту» – деген қазақтың, жазушысы, даңқты батыр Бауыржан Момышұлы. Сондықтан ұлт тілі – сол ұлттың қалыптасуы мен әрі қарай дамып, болашағы кемелдене беруінің басты қағидасы.
Қазақ тілі – шексіз бай, өрісі кең, тегеуріні мықты тіл. Жүрегі «қазақпын» деп соғатын әр азамат үшін жарық дүниеге келгеннен бастап, ананың әлдиімен бойына сіңіріп келе жатқан тілі - ең қастерлі, ең қымбат тіл. Кез келген адамның азаматтығы өз халқын, өзінің атамекенін қалай сүюімен, өз ана тілін қалай білуімен өлшененді. Әркімнің тілге деген құрметі арқылы өз анасына, өз ұлтына, өз Отанына деген құрметін білуге болады. Ана тілін ұмытқан адам өз халқының өткенінен де, болашағынан да қол үзеді. Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Қазақ тілі – түркі тілдерінің ішіндегі ең таза, әрі бай тіл. Тіпті түркі тілдері ғана емес, әлемдегі ең бай тілдердің бірегейі. Мәліметтер бойынша қазақ тілі әлемдегі ең бай тілдер ішінде ағылшын тілінен кейін үшінші орын төрін алып тұр. Көркемдігі, байлығы жағынан кез келген әлемдік «ұлы» тілдермен бәсекеге түсе алады.
Қазіргі жылдам дамып жатқан жаһандану заманының қарқынына ілесіп, көш соңында қалып қоймау үшін бірнеше тілді қатар меңгерген дұрыс. Өзге тілді білу - әрі мақтаныш, әрі қажеттілік. Дамыған отыз елдің қатарына ену үшін, басқа елдермен бәсекелестікке түсу үшін әлемдік аренада өзіндік орны бар алып тілдерді меңгеру талабы тастай қағида болып тұрғаны бәрімізге белгілі. Дегенмен өз ана тілін аяқ асты етуге болмайды.
Тілдің қадір-қасиетін жақсы түсінген халқымыз «Ана тілі» деген. Ана тілі әрбір адамға ана сүтімен бірге бойға сіңген, атадан балаға мирас болып қалып отырған. Сондықтан әр адам ана тілін анасындай ардақтап, көзінің қарашығындай қорғауға, оның шұбарлануына да қарсы тұруы тиіс. «Ана тілі — халық боп жасағаннан бері жан дүниеміздің айнасы, өсіп-өніп түрлене беретін, мәңгі құламайтын бәйтерегі» - деген Жүсіпбек Аймауытов. Қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында, қоғамдық қатынастардың барлық салаларында қолданылатын тіл болғандықтан, жүргізілетін барлық іс-қағаздары мен құжаттар мемлекеттік тілде болуы тиіс.
Тіл тағдыры – ел тағдыры. Бірлігіміздің тірегі де – тіл. Кез келген ұятты, саналы адам өз ана тілін және мемлекеттік тілді меңгеруі керек.
ҚО ББ Шахтинск қаласы білім бөлімінің «№2 жалпы білім беретін мектебі» КММ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Закенов Е.С.