Болашақ - білімді жастар қолында

Кез келген саланың мамандары білікті, әлемдік бәсекеге қабілетті, зияткерлік деңгейі жоғары болса, ол ел дамуының негізгі көзі болатыны баршаға аян.
ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдардың бәсекеге қабілетімен айқындалады», деген болатын. Ал адами капиталдың сапасын арттырудың бірден-бір жолы – білім саласы озық елдерде оқып, тәжірибесімен танысу, талдау жасап, тағылымын алу. Әрине, бүгінгі таңда бұл мүмкіндік Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы арқылы жүзеге асуда.
Тәуелсіз ел тірегі білімді ұрпақ десек, өзге елдермен тереземізді теңестіріп, өркениетті елдер қатарына ілестіруге өз үлестерін қосып жүрген жас өреннің бірі - түлегіміз және мақтанышымыз Каринов Абылай.
Қазіргі таңда Каринов Абылай Ұлыбританияда Бристоль университетінде education leadership and policy (білім саласындағы басқару және саясат) мамандығы бойынша магистратурада білім алуда..
Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін - білім» деп М.Әуезов атап көрсеткеніндей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты. Абылай Абай қаласы Абай Құнанбаев атындағы №5 мектеп-гимназиясында білім алды. Мектеп қабырғасында оқыған кезеңде қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық, облыстық пән олимпиадасына қатысып, қатарынан бірнеше жыл жүлделі орын иеленді. Облыстық, республикалық ғылыми-жоба байқауларының жеңімпазы атанды. 2011-2015 жылдары Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің филология факультетінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша грант иегері атанып, білім алды.
«Адам баласының ең жаманы – талапсыз», деп Абай атамыз айтқандай, Абылай талаптанып, табысты білім, нәтижелі ізденіс, тынымсыз еңбегінің арқасында көздеген мақсатына жетуде.
Абылай Ұлыбританияда кәсіби білімін, шеберлігін шыңдап, ағымдағы жылдың күз айында елге оралмақ. Келесі арманы – ел мүддесіне, білім саласына өзінің бар үлесін қосып, абыроймен адал қызмет ету. Осындай шексіз жауапкершілік пен еңбекті, оқу мен ізденуді мақсат еткен Абылайдың мерейі әрдайым үстем болып, толағай табыстарға жететіні сөзсіз.
Абай ауданының білім бөлімі