«Экология 1 минутта»: қалдықтарды бөлек жинау
Күнделікті тастайтын қалдықтарымыздың бір бөлігі қайта өңделіп, «екінші өмірге» ие болатынын білесіз бе?
Қалдықтарды бөлек жинау — табиғи ресурстарды сақтауға және көмуге жіберілетін қалдықтардың көлемін азайтуға әрқайсымыздың қосатын қарапайым үлесіміз.
Қандай қалдықтарды бөлек жинауға болады?
Қағаз бен картонды, пластикті, шыны мен металды басқа қалдықтардан бөлек жинау қажет. Бұл қалдықтарды кейіннен сұрыптап, қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Тамақ және органикалық қалдықтарды қайта өңдеуге жарамды құрғақ қалдықтармен араластырмаған жөн.
Батарейкалар, аккумуляторлар, құрамында сынабы бар қалдықтар, электрондық және электр жабдықтары сияқты қауіпті компоненттерді де бөлек жинап, оларды арнайы ұйымдарға тапсырған дұрыс.
Бастау үшін көп нәрсе қажет емес. Үйде немесе кеңседе қайта өңдеуге жарамды қалдықтарға арналған жеке ыдыс қойып, қалдықтарды араластырмай жинауды әдетке айналдырсаңыз жеткілікті.
Қалдықтарды бөлек жинау — қоршаған ортаны қорғауға бағытталған қарапайым, бірақ маңызды қадам.
Таза қоршаған орта — әрқайсымыздан басталады!