Ақтөбеде түзеу мекемесіндегі көпсалалы колледжде тігіншілікке оқып жүрген сотталғандар тәрбие сағатына қатысты

Ақтөбеде түзеу мекемесіндегі көпсалалы колледжде тігіншілікке оқып жүрген сотталғандар тәрбие сағатына қатысты

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/2 мекемесінің аумағындағы көпсалалы колледждің акт залында «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандығы бойынша білім алып жүрген 84 топтың білім алушылары үшін  «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» атты ашық тәрбие сағаты өткізілді.

Көрмеге аталған колледжде білім алып жүрген жазасын өтеуші сотталғандардың ағаштан, темірден өндірістік оқытуда жасаған жұмыстары қойылды.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік Әнұраны шырқалғаннан кейін, ашық тәрбие сағатын салтанатты түрде ашқан колледж директоры Ахмет Аманқұлов, қатысушыларды осынау іс- шарамен, сондай- ақ Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерекесімен құттықтады.

Колледж директорынан кейін сөз алған КА-168/2 мекемесі бастығының орынбасары әділет майоры Қанат Макатов та тәрбие сағатына қатысушыларға сәттілік тіледі. Ал, 84 топтың өндірістік оқыту шебері Қанат Бүркітбаев «Елімнің бақытын тербеткен – Тәуелсіздік» мерекелік баяндамасын оқып берді.

«Ағаштан бұйым жасау тарихы, қазіргі таңдағы ағаштан жасалатын бұйымдарға сұраныстың артуы және ағаш бұйымдарының экологиялық тазалығы» жөнінде ақпараттар айтылған тәрбие сағатында, тігінші мамандығына оқып жүрген 84 топтың білім алушылары «Қазақтың салт дәстүрі», «Тәуелсіз елдің патриотымын!», «Желтоқсан желі ызғарлы» тақырыптарында өлеңдер оқып, «Тігіншілік – сүйікті мамандығым», «Тігін ісінің маркетингі» тақырыптарында өз өнерлерін көрсетті. Сонымен қатар, колледжде білім алушы жазасын өтеушілер мерекені ән- күймен сусындатса, өткізілген шараның қорытындылау бөлімінде колледж директоры тәрбие сағатына қатысушыларды грамоталармен марапаттады.

Айта кетейік, бұған дейін көпсалалы колледждің 81 топ өндірістік оқыту шебері Шынтас Қыстаубаев, білім алушы жазасын өтеушілерге «Ағаш ұстасы және паркет жұмыстарының шебері» мамандығы бойынша жасалынған «Қолөнер бұйымдары» көрмесін ұйымдастырған болатын.