Пробация қызметінің қолдауымен 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтқан ақтөбелік 3 сотталған өз кәсіптерін ашты

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Шалқар аудандық пробация қызметінің қолдауымен пробация есебінде тұрған 3 сотталған «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы арқылы 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтып, кәсіп ашты.
Темір тордан босап, Пробациялық бақылауға алынған 3 сотталғанның жеке кәсіптеріне қол жеткізуі үшін, Шалқар аудандық пробация қызметі оларды «Атамекен» ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша «Кәсіпкерлік негіздері» курсына оқытады. 16 мың теңге шәкіртақы алумен қатар, оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтаған сотталғандар өздерінің бизнес- жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 584 мың 400 теңге қайтарымсыз грант ұтады.
Қайтарымсыз грантқа сатып алынған станоктармен ағаштан түрлі бұйымдар: ұлттық тағамдарға пайдалануға арналған ыдыс- аяқтар мен астаулар дайындау үшін сотталған Қ. тапсырыстарды әлеуметтік желі арқылы жинайды. Айтуынша, қазіргі таңда оған көршілері мен ауыл тұрғындарынан жер үстелдерге және ұлттық ыдыстарға тапсырыстар көп түсуде.
Ол қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде жазасын өтеп жүріп, мекемедегі ағаш цехында 7 жыл еңбек етіп, тәртібінің жақсы болуына байланысты мерзімінен бұрын шартты түрде босатылып, пробациялық бақылауға алынады. Пробация қызметінің ықпалымен арманын жүзеге асырған ол, болашақта шағын цехын үлкейтіп, жұмысшылар санын көбейтіп, тапқан табысымен бөлек тұратын балаларына көмектессем дейді.
Түзеу мекемесінен бас бостандығынан шектеу жазасына босатылып, пробациялық бақылауға алынған сотталған А., бостандықта жүрген кезінде-ақ, үйінің ауласындағы шағын цехта пластикалық терезе жасау кәсібімен айналысқан. Алайда, үш жылын темір торда өткізген оның кәсібі тұралап, станоктары ескірген. Енді ол 584 мың теңге қайтарымсыз грантқа сатып алған жаңа станоктармен кәсібін қайта жандандырып, ауыл- аймақтан тапсырыстарды қабылдап жатыр.
Жуырда ғана отбасын құрған 35 жасар сотталған болашақта кәсібін үлкейтіп, өзі секілді есепте тұрған сотталғандарды жұмысқа алуды жоспарлап отыр.
Ал, қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінен бас бостандығынан шектеу жазасына босатылып, пробациялық бақылауға алынған сотталған А., вокзал маңында орналасқан фастфуд тағамдарын дайындайтын шағын дүңгіршекте донерге тапсырыстар қабылдайды. Оның 584 мың теңге қайтарымсыз грантқа фастфуд тағамдарын дайындайтын құрал- жабдықтарды сатып алуына да пробация қызметкерлері көмектесті.
«Пробация есебінде тұрған 3 сотталған да жоғарыда аталған кәсіп түрлерімен айналысқылары келетіндігі жөнінде өтініш білдіргендіктен, біз оларды «Атамекен» ҚР ҰҚП жанындағы «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне білім алуға жолдама бердік. Қазіргі уақытта кәсібін ашқан сотталғандардың тәртіптері жақсы.
Жалпы, істі болған сотталған азаматтарға көрсетілетін мұндай қолдаулар - олардың қоғамға тез бейімделулеріне және қайта қылмыстың алдын алуға, болдырмауға септігін тигізеді»,- дейді Шалқар аудандық пробация қызметінің аға инспекторы әділет капитаны Ақгүл Айымбетова.
Өз кезегінде, кәсіптерінен нәсіп тауып отырған пробация есебінде тұрған 3 сотталған, армандарының жүзеге асуларына бірден- бір себепші болған Шалқар аудандық пробация қызметіне алғыстарын білдіреді.