Ақтөбеде пробация инспекторы сотталғанның мерзімі өткен құжатының айыппұлын төлеп берді

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы есепте тұрған сотталған азамат М.-ның мерзімі өткен жеке басын куәландыратын құжатының айыппұлын төлеп, жаңа құжатын рәсімдеп берді.
Пробация қызметіне есепке алынған күннен бастап, сотталғанның құрылыс жұмыстарына икемі барын білген Пробация қызметі оның «қайта қылмысқа бармауы үшін» аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп, осы саладан құрылыс жұмыстарын ұсынады. Арада аз уақыт өткенде Пробация қызметіне «Қолыма жара шықты, жұмысқа жарамаймын» деп шағымданып келген сотталған Б.-ға пробация қызметі тегін ем алуға емханаға жолдама береді. Алайда сотталған азамат ешқандай себепсіз емханаға да, жұмысқа да бармай қояды. Тіпті, жеке құжатының мерзімі өтіп бара жатқанын ескерткен пробация инспекторларына жүріп-тұруға ақшасының жоқтығын сылтауратып, бармай қояды.
«Есепте тұрған сотталған М. пробация қызметінен жасырынып, тіркелуге келмейтіндіктен, пробация қызметінің инспекторы оны мекен- жайы бойынша жиі тексеріп, сот міндеттеген талаптарды бұзбауы туралы бірнеше рет ескертулер беріп келеді. Сонымен қатар, пробация инспекторы сотталғанға жеке құжатының мерзімі өтіп бара жатқанын, ауыстыруы керектігін бірнеше мәрте ескерткенмен, сотталған азамат нәтиже шығармағандықтан, Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы әділет аға лейтенанты Руслан Кульмурзин, әлеуметтік- құқықтық көмек көрсету аясында, сотталғанның мерзімі өткен құжаты үшін айыппұлын төлеп, жаңа құжатын рәсімдеп берді»,- дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет аға лейтенанты Айғаным Алмағамбетова.