Абай облысында жатақханадағы жанжал студентке 220 сағат қоғамдық жұмыс жазасын өтеуге әкелді

Абай облысында жатақханадағы жанжал студентке 220 сағат қоғамдық жұмыс жазасын өтеуге әкелді

Семей қаласының 20 жастағы тұрғыны танысына дене жарақатын келтіргені үшін кінәлі деп танылып, қазір Үржар ауданының пробация қызметінің бақылауымен жазасын өтеуде.

Оқиға жас жігіт Өскемен қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде білім алып, студенттік жатақханада тұрған кезде болған. Танысымен кездескен сәтте олар бұрынғы реніштерін еске алып, сөзге келіп қалған. Кейіннен ауызша жанжал төбелеске ұласып, жас жігіт танысының бетіне бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына зиян келтірген.

Сот оны кінәлі деп танып, 220 сағат қоғамдық жұмыс түріндегі жаза тағайындады.

Сотталған азамат Үржар ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Тағайындалған жазаны өтеу үшін ол ауылдық округ әкімдігіне жұмысқа орналастырылып, абаттандыру және тазалық жұмыстарына жауапты сыпырушы болып еңбек етуде.

— Болған жағдайға қатты өкінемін. Осы төбелестен кейін мені университеттен шығарып жіберді. Сол кезде бір сәттік ойланбай жасаған әрекетім болашаққа құрған барлық жоспарымды бұзғанын түсіндім. Егер өзімді уақытында тоқтатып, эмоцияға берілмегенімде, өмірім мүлде басқаша болар еді. Қазір кез келген жанжалды күшпен емес, сөзбен шешуге болатынын түсіндім. Бүгінде қоғамдық жұмыстарымды адал атқарып, дұрыс қорытынды жасауға және өмірімді жақсы жаққа өзгертуге тырысып жүрмін, — деп бөлісті сотталған азамат.

— Тәжірибе көрсеткендей, көптеген құқық бұзушылықтар адамның өз эмоциясын басқара алмауы мен дер кезінде тоқтай білмеуінен туындайды. Бірнеше минуттық ашу-ыза қылмыстық жауапкершілікке, соттылыққа, оқудан немесе жұмыстан айырылуға әкеліп, адамның болашағына елеулі әсер етуі мүмкін. Пробация қызметінің міндеті — жазаның орындалуын бақылаумен ғана шектелмей, сотталған азаматқа өз әрекетінің салдарын түсінуге, дұрыс қорытынды жасауға және заңға бағынатын өмір салтына оралуға көмектесу. Жастарды кез келген жанжалды бейбіт жолмен шешуге және ойланбай жасалған бір әрекеттің бүкіл өмірді өзгертуі мүмкін екенін есте сақтауға шақырамыз, — деді Үржар ауданы пробация қызметінің бастығы Бауыржан Ерденбеков.

Қызмет бағыты