Мәртебелі Президент
Режеп Тайып Ердоған мырза!
Құрметті Бағдад Құлтайұлы, әріптестер, қатысушылар!
Қазақстанның атынан Түркі Мемлекеттері Ұйымының Хатшылығына және Түркия Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне Дүниежүзілік Түркі медициналық конгресіне шақырғаны және ұйымдастырғаны үшін алғыс білдіремін, сондай-ақ түрік халқын басты ұлттық мереке -Республика күнімен құттықтаймын.
Біз Түркі Мемлекеттері Ұйымының алаңында денсаулық сақтау саласындағы мәселелер бойынша әріптестік ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ерекше мән береміз.
2021 жылы Ыстамбұлда өткен (2021 жылғы 12 қараша) Мемлекет басшыларының Саммитінде қабылданған «Түркі көзқарасы 2040» бағдарламасы денсаулық сақтау мәселелерін қамтиды және денсаулықты сақтау біздің мемлекеттеріміз үшін басты басымдықтардың бірі екенін тағы да дәлелдейді.
Конгресс «Пандемиядан кейінгі жаһандық денсаулық сақтауды нығайту» тақырыбына арналған.
Коронавирус инфекциясының жаһандық пандемиясы қоғам өмірінің барлық салаларына әсер етті және халықаралық ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетті. Біз пандемия кезеңінде серіктестеріміздің көрсеткен қолдауын бағалаймыз және гуманитарлық көмек көрсеткені үшін Түркияға алғыс айтамыз.
Қазақстан денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамту мен Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу саясатын жүргізеді, бұл Түркі Мемлекеттерінің Ұйымына мүше мемлекеттердің саясатына сәйкес келеді.
«Дені сау ұлт» әрбір азамат үшін сапалы және қолжетімді денсаулық сақтау ұлттық жобасының шеңберінде қолжетімді және сапалы медициналық көмек көрсету; эпидемиологиялық болжау мен назар аударудың заманауи жүйесін қалыптастыру; отандық өндірілетін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қолжетімділігін арттыру; саламатты өмір салтын ұстанатын халықтың үлесін ұлғайту және бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыс жалғасуда.
Мемлекет Басшысы 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру, атап айтқанда, ерікті медициналық сақтандырудың рөлін күшейте отырып, денсаулық сақтауды қаржыландыру тәсілдерін қайта қарау, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту, медициналық жоғары оқу орындарының жанынан көпбейінді университеттік ауруханалар мен клиникалар құру міндеттерін айқындады.
Осы бағыттарды іске асыру Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының «үш миллиард» Жаһандық мақсаттарына сәйкес келеді: (денсаулық сақтау қызметтерімен жалпыға бірдей қамтуды қамтамасыз ету, денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдай кезінде қорғау, саламатты өмір салтын қамтамасыз ету және кез келген жастағы барлық адамдар үшін әл-ауқатқа жәрдемдесу).
Бұл ретте Түркі Мемлекеттері Ұйымының шеңберінде субөңірлік ынтымақтастықты дамытудың маңыздылығын атап өткім келеді.
Біздің елдеріміздің тарихи дамуы, денсаулық деңгейі мен денсаулық сақтау жүйесі ұқсас. Жұмыс топтары мен бастамаларға бірігу бізге ортақ проблемаларды шешуге және бірлескен мақсаттарға жетуге мүмкіндік береді.
Cубөңірлік өзара іс-қимылдың жарқын мысалы Түркі Мемлекеттері Ұйымының 2022-2026 жылдарға арналған Стратегиясын әзірлеу болып табылады, оны 2022 жылғы қарашада Мемлекет Басшыларының кезекті Саммиті барысында қабылдау жоспарланып отыр.
Қазақтың ұлы ақыны, қоғам қайраткері Абай Құнанбаев өз мұрасында мәдениеттерді жақындатуға жиі шақырды.
Түркі Мемлекеттері Ұйымының шеңберіндегі ынтымақтастығымыз бізге тек ортақ мәселелерді шешіп қана қоймай, біліммен бөлісуге де, мәдениетті өзара байытуға да мүмкіндік береді.
Бұл Конгресс әлемдік деңгейде денсаулық сақтауды нығайтуда маңызды рөл атқарады, мамандардың кәсіптік ынтымақтастығын кеңейтеді.
Пандемия төтенше жағдайлар кезінде медициналық-санитариялық алғашқы көмекті күшейтудің маңыздылығын көрсетті.
Медициналық-санитариялық алғашқы көмектің аса маңыздылығы шеңберінде ағымдағы жылғы наурызда Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының қолдауымен Алматы облысында медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша алғаш рет Демонстрациялық алаң ашылды, оның мақсаты медицина қызметкерлерінен, әлеуметтік қызметкерлерден, психологтардан және басқа да мамандардан тұратын мультитәртіптік командаларды ұйымдастыру бойынша Қазақстанның табысты тәжірибесін көрсету болып табылады.
Қазақстанда орналасқан Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық орталығының халыққа медициналық-санитариялық алғашқы көмекті күшейту мен жетілдірудегі қолдау қызметін ерекше атап өткен жөн.
Тәжірибе алмасу мақсатында Демонстрациялық алаңға Өзбекстан мен Қырғызстан сарапшылары келді, Тәжікстан сарапшыларының келуі жоспарлануда.
Сіздерді Қазақстандағы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Демонстрациялық алаңға келуге шақырамын.
Құрметті Конгреске қатысушылар!
2023 жылғы қазанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 75 жылдық мерейтойын, Медициналық-санитариялық алғашқы көмек бойынша Алматы Декларациясының қабылданғанына 45 жыл және Астана Декларациясының қабылданғанына 5 жыл толу мерекесіне арналған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік комитетінің 73-ші сессиясын өткізу жоспарлануда.
Сіздерді 2023 жылғы қазанда осы іс-шараларға қатысу үшін Қазақстанға шақырамыз.
Баршаңызға денсаулық және табысты жұмыс тілеймін!
Назарларыңызға рақмет!