Ерте пісетін көкөністер мен жемістердегі нитраттар: не білу керек
Көктем мезгілі басталғанда және жаздың басында дүкендер мен базарлардың сөрелерінде ерте пісетін көкөністер мен жемістер көптеп пайда болады. Ұзақ қыстан кейін олар өздерінің жаңашылдығымен, жарқын келбетімен және пайдасымен сатып алушыларды ерекше тартады. Дәл осы кезеңде бірінші қияр, қызанақ, редис, құлпынай және басқа да маусымдық өнімдерге сұраныс артады.
Алайда, тұтынушыларда ерте піскен егінге деген қызығушылықпен бірге мынадай сұрақ жиі туындайды: мұндай өнімдер денсаулыққа қаншалықты қауіпсіз және олардың құрамында нитраттардың көп мөлшері бар ма?
Нитраттар — топырақ пен суда табиғи түрде кездесетін азот қосылыстары. Өсімдіктер оларды өсу үшін пайдаланады, сондықтан көкөністер мен жемістерде олардың болуын толықтай болдырмау мүмкін емес. Нитраттардың өзі салыстырмалы түрде қауіпсіз, алайда адам ағзасында олар нитриттерге айналуы мүмкін. Артық мөлшерде нитриттер қанның оттегін тасымалдау қабілетін төмендетуі мүмкін. Әсіресе ерте жастағы балалар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар әсеріне сезімтал келеді.
Ерте көкөністер көбінесе жылыжай жағдайында өсіріледі және өсуін жеделдету үшін тыңайтқыштар қолданылады. Агротехникалық талаптар сақталмаған жағдайда, әсіресе жарық пен жылу жеткіліксіз болғанда, өсімдіктерде нитраттардың жиналуы артуы мүмкін.
Нитраттардың жоғары мөлшері көбінесе жапырақты көкөністерде (шпинат, салат, аскөк), редисте, қырыққабатта, ерте қияр мен қызанақта, қызылшада, кәдіде, сондай-ақ бақша дақылдарында (қарбыз бен қауында) кездесуі мүмкін.
Бақша өнімдерінің (қарбыз, қауын) сөрелерде ерте пайда болуы олардың жеделдетілген жағдайда өсірілгенін көрсетуі мүмкін, бұл өз кезегінде нитраттардың жиналу қаупін арттырады. Қарбыз бен қауынды тұтынудың ең қолайлы кезеңі — олардың табиғи пісу маусымы.
Денсаулыққа қолайсыз әсер өнім құрамында нитраттардың жоғары болуы немесе пестицидтердің (өсімдіктерді қорғау құралдары) қалдық мөлшерінің болуымен байланысты болуы мүмкін.
Мүмкін болатын қолайсыз әсердің алғашқы белгілері: шаршағыштықтың артуы, бас ауруы, жүрек айну, құсу, ас қорыту бұзылыстары. Мұндай жағдайда дәрігерге жүгіну ұсынылады және өздігінен емделуге болмайды.
Көкөністер мен жемістерді таңдау және пайдалану кезінде ықтимал тәуекелдерді азайту үшін келесі ұсынымдарды сақтау қажет:
- өнімнің сыртқы түріне назар аудару (тым ірі, табиғи емес ашық түсті, иісінің болмауы өсіру жағдайларының бұзылғанын көрсетуі мүмкін);
- өнімнің маусымдылығын ескеру — табиғи пісу кезеңіне неғұрлым жақын болса, нитраттардың артық мөлшерде болуының ықтималдығы соғұрлым төмен;
- өнімді ұйымдастырылған сауда орындарынан (дүкендер, базарлар) сатып алу, мұнда өнімнің қауіпсіздігіне бақылау жүргізіледі;
- қажет болған жағдайда өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын растайтын құжаттарды сұрату;
- тұтынар алдында көкөністер мен жемістерді мұқият жуу;
- мүмкіндігінше қабығын, тамыр бөліктерін және сабақтарын алып тастау, өйткені осы бөліктерде нитраттар көбірек жиналуы мүмкін;
- кейбір көкөністер үшін (әсіресе тамыржемістер) суда жібіту нитрат мөлшерін азайтуға көмектесуі мүмкін;
- термиялық өңдеу (мысалы, қайнату) кейбір көкөністердегі нитраттардың мөлшерін төмендетеді.
Көкөністер мен жемістер дұрыс тамақтанудың маңызды бөлігі екенін ұмытпаған жөн. Оларды толықтай тұтынудан бас тартудың қажеті жоқ. Қарапайым таңдау және өңдеу ережелерін сақтау денсаулыққа ықтимал қауіптерді айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді