Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласының басымдылық міндеттерінің бірі- халықты сапалы және қауіпсіз дәрілік заттардың қамтамасыз ету болып табылады
Дәрілік заттар екі санатқа бөлінеді: дәрігердің рецептісі бойынша және рецептсіз босатылатын дәрілік заттар.
Қазақстанда тіркелген дәрілік заттардың жалпы санының 77 пайызы дәрігердің рецептісі бойынша беріледі.
Дәрігердің рецептісі бойынша берілетін дәрілік заттардың тізіміне микробқа қарсы және гормоналды препараттар, құрамында есірткі құралдар мен психотроптық заттар бар дәрілік заттар, жүрек-қан тамырлары, сонымен қатар асқазан-ішек жолы ауруларын емдеуге арналған дәрілік заттар және тағы басқалар.
Ал, дәрумендер, мұрынға арналған тамшылар, шәрбаттар, шөп шәйлары мен жиынтықтары, кейбір суыққа тиюге қарсы және ауруды басатын кейбір дәрілік заттар дәрігердің рецептісіз беріледі.
Дәрігердің рецептісіз дәрілік заттарды сату мәселесі бүгінгі күні де өзекті болып отыр, өйткені кейбір медицина қызметкерлері дәрілік заттарға рецепт жаза бермейді немесе оларды қағаз қиындыларына жазады, ал халықтың басым бөлігі дәрігерлерді айналып өтіп, дәрілік заттарға және олардың қолданылуы туралы ақпаратты дәріхана арқылы алады. Интернет ресурстары, достарының, әріптестерінің, туыстарының ұсынысы бойынша ақпарат алып, рецепт арқылы босатылатын дәрілік заттарды дәрігердің рецептісіз пайдаланып, өзін-өзі емдеп, денсаулығына зиян келтіреді. Қазақстан Республикасы Кодексінің "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" талаптарымен дәрігердің рецептісі бойынша босатуға арналған дәрілік заттарды рецептісіз өткізуге тыйым салынады, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 2 қазандағы № ҚР ДСМ-112/2020 «Рецептілерді жазу, есепке алу және сақтау қағидаларын бекіту» бұйрығымен тәртібі реттеледі. Осылайша, бекітілген нысан бойынша бланкілерде тиісті медициналық көрсетілімдер бар болған жағдайда,өз құзыреті шегінде амбулаториялық, профилактикалық, диагностикалық, емдік, оңалту немесе паллиативтік көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарының медицина қызметкерлері қағаз және (немесе) электрондық түрде жазып береді. Яғни, медицина қызметкері емделушіге бекітілген нысан бойынша дәрілік затты белгіленген рецептілік бланкіде жазып беруі керек, ал дәріхана қызметкері рецепт негізінде науқасқа дәрілік затты босатуға міндетті. Медицина қызметкерінің белгіленген бланк бойынша жазған рецепті заңды күшке ие және дәрігердің тағайындалғанын растайтын құжат болып табылады. Дәрігердің рецептісіз дәрілік заттарды сатуға тыйым салу, азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін дәрілерді бақылаусыз қолданудың алдын алуға бағытталған өзекті мәселе. Медицина қызметкерлерінің рецепттерді жазу талаптарын бұзуы, сондай-ақ дәріхана қызметкерлерінің рецепт бойынша берілетін дәрілік заттарды дәрігердің рецептісіз сатуы Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде белгіленген әкімшілік жауаптылыққа және әкімшілік айыппұл салуға әкеп соғады. Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаменті дәріханалық және медициналық ұйымдармен түсіндіру жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады, сондай-ақ азаматтарды өзін-өзі емдеумен айналыспай, дәрігердің дәрілік заттарды тағайындауы бойынша, дәрілік заттарға рецепт жазып беретін білікті мамандарға жүгінуге шақырады. Дәрілік заттарды рецептсіз босату бойынша, сондай-ақ олардың қолжетімділігі, сапасы мен тиімділігі туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментіне хабарласу қажет: Тараз қаласы, Әйтиев көшесі, № 27 мекенжайы бойынша, сенім телефондары: 87262 / 45-37 -69, e-mail: dkmfk_zhambyl@dsm.gov.kz.
Мадина Сейділдақызы Шиналиева,
ҚР ДСМ Медициналық және
фармацевтикалық бақылау
комитетінің Жамбыл облысы
бойынша департамент
басшысының орынбасары