Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ары қарай - ДДҰ) шешімі бойынша 1993 жылы туберкулезді ұлттық апат ретінде қабылдап, 24 наурыз күнін «Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні» деп жарияланды.
Алматы облысы бойынша жыл сайын туберкулезбен орташа есеппен 700-800 адам науқастанады, туберкулезден эпидемиологиялық қолайсыздықты Алакөл, Балқаш, Ескелді, Іле, Қаратал, Сарқан, Талғар аудандары және Капшагай, Текелі қалалары қамтиды.
Туберкулез – жұқпалы ауру, адам көзіне көрінбейтін туберкулез микобактерияларымен шақырылады. Сондықтан қоздырғышты анықтау үшін қақырықты микроскопиялық жолмен (микроскоп арқылы) зерттейді. Туберкулез адам ағзасында жиі тыныс ағзасы - өкпені зақымдайды; сондай-ақ лимфа бездері, ішек, бүйрек, жыныс ағзалары, көз, сүйек, буын, ми, ми қабықшасы және басқа да ағзалар мен мүшелер зардап шегеді.
Аурудың жұғу көзі белсенді өкпе туберкулезімен науқастанған адам. Науқас жөтелу, сөйлеу, түшкіру кезінде ауаға көптеп бактерияларды бөледі. Құрамында туберкулез қоздырғыштары бар ұсақ аэрозольдар ауада қалқып 1-1,5 сағатқа дейін сақталып, желдетілмейтін бөлмеде қоздырғыш сау адамның ағзасына енуі мүмкін.
Туберкулез микобактериясын жұқтырып алған адам міндетті түрде ауыра бермейді, бірақ олардың 5-10% өмірінің бір кезеңінде туберкулездің қандай да бір түрімен ауырады немесе жұқпа көзіне айналады.
Туберкулез науқастарымен ұзақ уақыт желдетілмейтін бөлмеде қарым – қатынаста болған адамдармен ағзаның иммундық жүйесі әлсіреген тұлғалардың туберкулезді жұқтыру қаупі өте жоғары.
Ағзаның иммунды жүйесінің әлсіреуіне төмендегі факторлар әсер етеді:
- жеткіліксіз немесе құнарсыз тамақтану;
- уытты заттар пайдалану (шылым шегу, алкоголдік ішімдіктер, есірткі);
- қосалқы аурулар (АИТВ – жұқпасы, қант диабеті, асқазан және он екі елі ішектің ойық жарасы, ұзақ уақыт гормоналды препараттарын қабылдайтын науқастар және т.б. туберкулез ауруына бейім);
- стресстер.
Стресс және депрессияның ағзаның иммундық жүйесіне кері әсерін тигізетіні дәлелденген.
ЕСІҢІЗДЕ САҚТАҢЫЗ!
Туберкулезге әртүрлі адамдар әртүрлі дәрежеде сезімтал болып келеді, бірақ жиі иммундық жүйесі әлсіреген адамдар ауырады.
Туберкулездің алғашқы белгілері мыналар:
- 2 аптадан аса құрғақ немесе қақырық бөлінумен ұзақ жөтел;
- тәбеттің жоғалуы;
- дене салмағының төмендеуі;
- жалпы әлсіздік, жайсыздық, тершеңдік (әсіресе түнгі уақытта);
- жұмысқа қабілеттіліктің төмендеуі, шаршау;
- дене қызуының кезеңді жоғарылауы;
- кеуде тұсының ауруы сияқты белгілердің ең болмаса біреуі байқалса, міндетті түрде дәрігерге қаралу қажет. Туберкулез ауруы неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым одан тезірек айығуға болады.
Жыл сайынғы флюорографиялық тексерулерден өту - өкпе туберкулезі және кеуде қуысы органдарының басқа да ауруларын анықтаудың сенімді және қауіпсіз әдісі.
Әрдайым тексеруден өту жұқпаны дер кезінде анықтап, қоршаған адамдарды жұқтырудың алдын алады.
Балалар арасында туберкулезді ерте анықтау мақсатында терішілік аллергиялық туберкулин сынамасы қолданылады (Манту сынамасы), Манту сынамасына «оң» нәтиже берген балалар «Диаскинтест» арқылы тексеріледі, ол баланың ағзасында туберкулез ауруының бар-жоқтығын көрсетеді.
Жыл сайын қыркүйек айында елімізде 1-сынып оқушыларын туберкулез жұқпасына қарсы БЦЖ-вакцинасымен ревакцинациялау жүргізіледі. Аталған екпеден ата-аналардың бас тартуы да кездеседі. Екпе баланы туберкулездің асқынған, өлімге әкелетін түрлерінен сақтайтынын ұмытпаған жөн.
Халықаралық тәжірибе туберкулезбен күрес қоғамның барлық күштері біріктірілгенде ғана сәтті болатынын көрсетеді. Сондықтан осы аурумен күресте мемлекеттің, дәрігердің және әрбір азаматтың күш-жігері біріктірілуі қажет.
Өз денсаулығымыз өз қолымызда екенін ұмытпаған абзал!