Сапалы сараптама – сапалы оқулық
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Е. Дауеновтың төрағалығымен Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығы көрсететін мемлекеттік қызметтер бағасына қатысты жария тыңдау өтті.
Жария тыңдауға Республикалық ғылыми-практикалық білім мазмұнын сараптау орталығының (бұдан әрі – БМСО), ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері, оқу басылымдарының педагог-сарапшылары қатысты.
Жария тыңдау барысында Е. Дауенов іс-шараның мақсаты мен озық елдердің халықаралық тәжірибесін ескере отырып, оның өзектілігін атап өтті. Сонымен қатар, оқу басылымдарын сараптау үшін жоғары білікті және кәсіби мамандарды тарту еңбекақыға байланысты екендігіне тоқталды.
БМСО директоры Н. Абдрахманова өз сөзінде сараптама кезеңдерін көрсете отырып, сарапшылар жұмысының жауапкершілігі мен ауқымдылығын атап өтті. Одан басқа, қазіргі нарықты ескере отырып, қатысушылардың назарын соңғы он жылда сарапшыларға еңбекақы төлеу өспегендігіне аударды.
Қатысушылар жария тыңдауда оқу басылымдарының сапасыз сараптамасына әкелетін қаржылық мәселелер мен басқа да себептерді талқылады.