Педагог мәртебесін арттыру

02 қазанда Жетісу облысының Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Жетісу облысының Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы А.Башаровпен «Педагог мәртебесін арттыру – мемлекеттік саясаттың басым бағыты» тақырыбында брифинг өткізілді.
Ұстаздар күні қарсаңында А.Башаров өз сөзінде өңірде педагогтардың мәртебесі мен беделін арттыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыру туралы айтып берді. Департамент басшысы облыста 404 балабақшада, 315 мектепте және 28 колледжде 15 мыңнан астам педагог жұмыс істейтінін атап өтті.
Мұғалімдердің құқықтарын қорғау, педагог кадрларды кәсіби дамыту, жас мамандарды қолдау және еңбекке лайықты жағдай жасау жөніндегі шараларға ерекше назар аударылды. Сондай-ақ, облыстың білім беру саласын дамытудағы оң үрдістер атап өтіліп, білім сапасын және педагогикалық мамандықтың беделін одан әрі арттыру жөніндегі міндеттер айқындалды.