Жетісу облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті тарапынан 2026 жылдың ІІІ тоқсанында орта білім беру ұйымдарында бірқатар бағыт бойынша мониторингтік жұмыстар жүргізілді. Атап айтқанда, мектепішілік бақылаудың ұйымдастырылуы мен жүзеге асырылуы, жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметі, сондай-ақ білім беру ұйымдарының 2026–2027 оқу жылына дайындығы зерделенді.
Мониторинг барысында мектепішілік бақылау жүйесінің ұйымдастырылу деңгейі, бақылау іс-шараларының жоспарлануы және орындалуы, педагогтерге әдістемелік қолдау көрсету жұмыстары, білім алушылардың білім сапасын талдау үдерісі, мектеп құжаттамасының талапқа сай жүргізілуі және қабылданатын басқарушылық шешімдердің тиімділігі қаралды.
Жазғы сауықтыру лагерьлерінің қызметін зерделеу барысында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, санитариялық-гигиеналық талаптардың сақталуы, тамақтандырудың ұйымдастырылуы, күн тәртібінің орындалуы, тәрбиелік және сауықтыру іс-шараларының өткізілуі, сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жағдайлары қаралды.
Сонымен бірге, жаңа оқу жылына дайындық барысы аясында білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасының жағдайы, оқу кабинеттерінің әзірлігі, ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарының орындалуы, оқулықтармен қамтамасыз етілу деңгейі, қауіпсіздік талаптарының сақталуы, санитариялық нормалардың орындалуы және білім беру процесін ұйымдастыруға қажетті жағдайлардың жасалуы зерделенді.
Мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктер бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті түсіндірмелер беріліп, оларды жою жөнінде қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарына сәйкес ұсынымдар ұсынылды.
Жүргізілген мониторинг жұмыстарының негізгі мақсаты – білім беру ұйымдарының қызметін жетілдіру, мектепішілік бақылау жүйесінің тиімділігін арттыру, жазғы сауықтыру кезеңінде балалардың қауіпсіздігі мен сапалы демалысын қамтамасыз ету және 2026–2027 оқу жылын сапалы ұйымдастыруға қажетті жағдайларды жасау.
Департамент тарапынан мониторинг қорытындысы бойынша берілген ұсынымдардың орындалуы белгіленген тәртіппен тұрақты бақылауда болады.