Қазақстан Үкіметі педагогтерді даярлау ісіне бақылауды күшейтеді

Қазақстан Республикасының Премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен білім беру жүйесі үшін кадрлар даярлау мәселесіне арналған кеңес өтті.
Кеңес жұмысына ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Асқарбек Ертаев, сондай-ақ болашақ педагогтерді даярлауға маманданған жоғары оқу орындарының басшылары қатысты.
Кездесудің негізгі тақырыбы педагогикалық білім беру сапасы және оған тікелей байланысты мектепке дейінгі және мектептегі оқытудағы өзекті мәселелер болды. Вице-премьерге Педагогикалық білім беруді дамыту тұжырымдамасын іске асырудың негізгі бағыттары мен нәтижелері баяндалды. Сонымен бірге ЭЫДҰ жүргізетін Халықаралық оқыту мен оқу зерттеуінің (TALIS) аясында дайындалған аналитикалық қорытындылар таныстырылды. Зерттеу кейінгі үш жылдағы педагогтерді даярлау жүйесін жаңғырту барысындағы оң өзгерістерді де, оның әлсіз тұстарын да көрсетті. Атап айтқанда, жоғары оқу орындарындағы мұғалімдер мен тәрбиешілерді сапасыз даярлау фактілері мен мектеп түлектерінің жеткіліксіз дайындық деңгейі өзара байланысты мәселелер ретінде атап өтілді.
Сонымен бірге кеңес барысында функционалдық сауаттылықты арттыру, мұғалімдердің сыни ойлау мен цифрлық дағдыларын дамыту әдістемелерінен бастап, жасанды интеллектті оқу үдерісіне енгізудің нақты тетіктеріне дейінгі бірқатар мәселелер талқыланды.
Бұған қоса, бүгінгі таңда Қазақстанда бакалавриат деңгейінде педагог даярлау лицензиясы бар 52 жоғары оқу орны жұмыс істеп жатқанына қарамастан, кадр тапшылығының сақталып отырғаны ерекше атап өтілді.
Қордаланған мәселелерді еңсеру жөнінде салалық ведомстволар басшыларының көзқарастарымен қатар, педагогикалық жоғары оқу орындарының басшыларының пікірлері де тыңдалды.