Ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңес өтті

Бүгін сағат 15:00-де Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Е.Б. Көшербаевтың төрағалығымен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау мәселелері жөнінде кеңес өтті.
Кеңестің мақсаты – балалардың, соның ішінде ерекше қажеттіліктері бар балалардың құқықтарын қорғау жүйесін жетілдіру, инклюзивті білім беруді дамыту, сондай-ақ медициналық, психологиялық және әлеуметтік қызметтердің сапасын арттыру.
Кеңес жұмысына Оқу-ағарту, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Мәдениет және ақпарат, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің вице-министрлері, сондай-ақ Бас прокуратура өкілдері қатысты.
Бейнебайланыс арқылы облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкім орынбасарлары, денсаулық сақтау, білім, цифрлық даму, ішкі саясат басқармаларының, ішкі істер органдарының өкілдері, бала құқықтары жөніндегі уәкілдер, «Өркен» КЕАҚ, аутизм және психологиялық орталықтардың басшылары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қосылды.
Кеңес барысында келесі маңызды мәселелер қаралды:
- сапалы инклюзивті білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету;
- арнайы қолдау инфрақұрылымын дамыту;
- балалар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру;
- мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамның өзара іс-қимылын күшейту.
Кеңес қорытындысы бойынша Е.Б. Көшербаев тиісті мемлекеттік органдарға нақты тапсырмалар беріп, балалардың құқықтарын қорғау – мемлекет алдында тұрған маңызды әрі басым міндет екенін атап өтті.
Бұл бағыттағы жұмыс жүйелі түрде жалғасын табатын болады.