БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

БІЛІМ САПАСЫН АРТТЫРУҒА БАҒЫТТАЛҒАН НАҚТЫ МІНДЕТТЕР АЙҚЫНДАЛДЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Республикалық тамыз конференциясының «Адам капиталы, білім, прогресс – Халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары» тақырыбында өткізілген пленарлық отырысында Түркістан облысындағы білім саласындағы жағдайға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтіп, Оқу-ағарту министрлігі мен облыс әкімдігіне білім мен ұрпақ тәрбиесінің сапасын арттыру, адами капиталды дамыту, қоғамдағы жауапкершілік пен заң үстемдігін нығайту, педагогтердің кәсіби дамуы мен білім беру сапасын жетілдіру жөнінде бірқатар тапсырмалар берген болатын.

Осы орайда, Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында 2026 жылғы 2 қыркүйекте облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен департамент басшысы, аудан, қала әкімдері, білім бөлімдерінің басшылары, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының өкілдері, ардагер ұстаздар мен сала сарапшыларының қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өтті.

Мәжілісте Мемлекет басшысы көтерген өзекті мәселелер жан-жақты талқыланып, оларды өңірде іске асырудың нақты тетіктері мен алдағы басым міндеттер айқындалды.

Мәжілісте Департамент басшысы К.Ауанасова «Білім сапасын сырттай бағалау нәтижелері: жүйелік олқылықтар, тәуекелдер және оларды жою тетіктері» тақырыбындағы баяндамасында өңірдегі білім сапасына жүргізілген талдау қорытындыларын таныстырып, ішкі көрсеткіштердің оң серпініне қарамастан, PISA, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау кезіндегі білім алушыларды кешенді тестілеу және ҰБТ нәтижелерінде бірқатар мәселелер сақталып отырғанын және математика, физика, химия, ағылшын тілі мен дүниежүзі тарихы пәндері бойынша білім сапасын арттыру қажеттігін атап өтті.

Талдау нәтижелері негізінде Департамент Білім басқармасына:

  • білім сапасы төмен мектептер бойынша нақты шаралар жоспарын әзірлеу;
  • PISA, білім алушылардың білім жетістіктерінің мониторингі, білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттау кезіндегі білім алушыларды кешенді тестілеу бағытындағы дайындықты күшейту;
  • мектептер мен педагогтердің нәтижелілігін тұрақты бақылауға алып, әр мектепке мақсатты көрсеткіштер белгілеу;
  • педагогтердің біліктілігін арттыру және бағалау нәтижелеріне тұрақты мониторинг жүргізу;
  • білім беру үдерісіне жасанды интеллект технологияларын енгізу;
  • озық тәжірибені тарату және тәлімгерлік жүйесін дамыту және білім сапасын жүйелі арттыруға бағытталған өзге де бірқатар ұсынымдар берді.

Сонымен қатар, білім басқармасының басшысы Ғалымжан Орынов, Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры Жанар Темірбекова, білім саласының тәуелсіз сарапшысы, Халықаралық EdCrunch конференциясының негізін қалаушы Нұрлан Қиясов және облыстық білім саласы ардагерлері кеңесінің төрағасы Нышан Байғұтов баяндама жасап, өз ұсыныстары мен пікірлерін білдірді.

Негізгі мақсат – өңірдегі білім сапасын жүйелі түрде арттырып, білім алушылардың ұлттық және халықаралық бағалаулардағы нәтижелерін жақсарту.