ҚАЗАҚСТАНДА БІЛІМ БЕРУ ҰЙЫМДАРЫНА ТЕКСЕРУ ТӘРТІБІ ӨЗГЕРДІ

2026 жылғы 1 ақпаннан бастап елде мемлекеттік бақылау туралы жаңа қаулы күшіне енеді. Бұл құжат мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын және балаларды тамақтандырумен, тұрумен, білім берумен, тәрбиемен және денсаулық сақтаумен айналысатын ұйымдарға қызметін бастағанға дейін және қызметі барысында кенеттен тексеру жүргізу өкілеттігін береді. Бұл бақылау шараларын жедел жүргізуге және ықтимал бұзушылықтарды уақытылы анықтауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қадағалау «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңымен реттеледі. Аталған құжат қадағалаудың арнайы тәртібін бекітіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды күшейтеді.
«Кенеттен жүргізілетін тексерулерді енгізу балаларды қорғау мен мемлекеттік бақылауды күшейтеді. Енді уәкілетті орган нақты бұзушылықтар анықталған жағдайда өз шешімімен тексеру тағайындап, нысанға дереу шығуға құқылы. Бұзушылықтар туралы ақпараттар келіп түскен кезде жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі», – деді ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова.
Айта кетсек, 4 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Мәдениет, білім беру, отбасы және мемлекеттік бақылау мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа нормалар 2026 жылғы 1 ақпаннан бастап күшіне енеді.