Шымкент қаласында бірыңғай педагогикалық кеңес өтті
Шымкент қаласында бірыңғай педагогикалық кеңес өтті
2025 жылғы 26 тамыз күні Шымкент қаласының барлық білім беру ұйымдарында 2025-2026 оқу жылына дайындық аясында бірыңғай педагогикалық кеңес онлайн форматта ұйымдастырылды. Кеңес мемлекеттік білім беру саясатын іске асыруда бірыңғай тәсілдерді қамтамасыз етуге және педагогикалық ұжымдардың алдағы оқу жылындағы негізгі міндеттерін айқындауға бағытталды.
Кеңес қаладағы мемлекеттік және жекеменшік 355 мектепте бір мезгілде өтті, оған 30 мыңға жуық педагог қатысты. Іс-шараға Шымкент қаласының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Р. Әліш, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы АҚ институтының директоры М. Медетбекова және Шымкент қаласы білім басқармасының басшысы Г. Сүлейменова онлайн форматта қатысса, аталған мекемелердің қызметкерлері офлайн қатысты.
Кеңес екі бөлімнен тұрды:
1. Бірінші бөлім – білім беру процесінің өзекті мәселелері:
• Жаңа оқу жылындағы негізгі міндеттер мен басымдықтар талқыланды.
• Оқу-тәрбие процесін ұйымдастырудың ерекшеліктері қарастырылды.
• «Адал азамат» бірыңғай тәрбие бағдарламасының іске асырылуы пысықталды.
• Жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу, оның жаңа стандарттары мен этикалық нормалары талқыланды.
• Академиялық адалдықты сақтау ережелеріне ерекше назар аударылды.
2. Екінші бөлім – ұйымдастырушылық мәселелер:
• Мектеп директорлары офлайн форматта жылдық жұмыс жоспарларын бекітті.
• Мектептің ұйымдастырушылық-шаруашылық қызметі бойынша мәселелер, соның ішінде санитариялық нормаларды сақтау, қауіпсіз білім беру ортасын қамтамасыз ету және білім алушыларды тамақтандыру мәселелері қаралды.
Бірыңғай педагогикалық кеңес білім беру жүйесін жетілдіруде маңызды қадам болды. Ол педагогтардың кәсіби біліктілігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және білім беру процесін заманауи талаптарға сәйкестендіруге ықпал етті. Кеңес барысында қабылданған шешімдер алдағы оқу жылында білім беру сапасын арттыруға және оқушылардың жан-жақты дамуына септігін тигізеді деп күтілуде.
<iframe src="https://www.facebook.com/plugins/video.php?height=476&href=https%3A%2F%2Fwww.facebook.com%2Freel%2F3718201895144398%2F&show_text=false&width=268&t=0" width="268" height="476" style="border:none;overflow:hidden" scrolling="no" frameborder="0" allowfullscreen="true" allow="autoplay; clipboard-write; encrypted-media; picture-in-picture; web-share" allowFullScreen="true"></iframe>