Тамыз конференциясы 2023

«Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» тамыз конференциясы аясында Қостанай облысында «Ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар балаларды психологиядық-педагогикалық сүйемелдеу» тақырыбында облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалық етуімен жалғасты.
Конференция барысында жалпы ҚР –дағы арнайы және инклюзивті білім беру жағдайы туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігінің арнайы және инклюзивті білім беру басқармасының басшысы Лаура Бутабаева, әлеуметтік қамсыздандырудың көп деңгейлі моделі жайында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау Вице-министрі Назгүл Сағындыкова, мүмкіндігі шектеулі балаларды ерте анықтау және оларға көмек көрсету жүйесін дамыту тақырыбында ҚР Денсаулық сақтау Вице-министрі Вячаслав Дудник баяндады.
Сонымен қатар, тақырып аясында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Әбіл Еркін, Қазақстандағы БҰҰ Балалар Қорының (ЮНИСЕФ) балалар құқықтарының мониторингі жөніндегі маманы Раушан Ибрашева, «ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫНА» ҚҚ бағдарламалар мен жобаларды басқару орталығының басшысы Гульзия Бидатова және Қостанай, Қызылорда, Алматы қаласынан келген әріптестер сөз сөйледі.
Айта кету керек, бүгінгі таңда елімізде 0-ден 18 жасқа дейінгі ерекше білім берілуіне қажеттілігі бар 188 мыңнан астам бала бар. Білім беру жүйесімен осы санаттағы балалардың 92% - дан астамы қамтылған. Психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету үшін 99 арнайы мектеп, 44 арнайы балабақша, 13 оңалту орталығы, 92 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 209 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті, жалпы білім беретін мектептер базасында 22 ресурстық орталық, 9 аутизм орталығы жұмыс істейді.
Конференция барысында тақырыптың өзектілігі көтеріліп, арнайы және инклюзивті білім беруде қолданылатын технологиялар және ресурстар, практикалық тәсілдердің ерекшелігі, жалпы сапаны қамтамасыз ететін механизмдері талқыланды.