Алматы облысы әкімінің төрағалығымен өтетін аппараттық жиналысында Алматы облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Е. Жиренбайдың сөз сөйлеу тезисі
Алматы облысы әкімінің төрағалығымен өтетін аппараттық жиналысында Алматы облысы Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті басшысы Е. Жиренбайдың сөз сөйлеу тезисі, 2024 ж. 9 шілде, сағ. 11.00-де
Құрметті Марат Елеусізұлы!
Департамент тапапынан 2024 жылғы бірінші жартыжылдығында жүргізілген бақылау шараларының және жаңа оқу жылына дайындық барысына жүргізілген мониторинг қорытындысы орта білім саласында проблемалық мәселелерге тоқталуға рұқсат етіңіз.
Мектептерде мемлекеттік аттестаттау жүргізу
Ағымдағы жылғы І жартыжылдығында 70 мектепте (69 мемлекет. және 1 жекеменшік) немесе 2024 жылы жоспарланған мектептердің жалпы санының 35%-ына мемлекеттік аттестаттаттау өткізілді. Олардың ішінде тек 3 мектеп аттестаттаудан өтті (Еңбекшіқазақ ауданы Қайыпов атындағы ОМ, № 1 ОМ және Жамбыл ауданы Абай атындағы мектеп-гимназиясы). Негізгі себептер слайдта көрсетілген.
Мемлекеттік аттестаттаудан өтпеуінің негізгі себептерін қарасақ, мектептер кәсіби әдістемелік қолдауға мұқтаж және мектепішілік бақылауды күшейтуді, педагогтердің уақытында біліктілікті арттыру курстарынан өтуін қамтамасыз етуді, педагогтердің кәсіби шеберлігін үздіксіз жетілдіруді талап етіледі.
Мектептердің біліктілік талаптарына сәйкестігіне тексеріс
Жаңа тексеріс түрімен түрімен 26 мектеп қамтылды, оның қорытындысы бойынша 24-не қатысты әкімшілік іс қозғалып, 17-нің лицензиясы уақытша тоқтатылды.
Ең жиі кездесетін бұзушылықтар слайдта көрсетілген. Дегенмен, жүргізілген тексеріс мектептердің материалдық-техникалық базамен қамтамасыз етудің әлсіздігін, білікті педагогтердің жетіспеушілігін көрсетті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының мектептерді жаңғырту бойынша тапсырмасының орындалуына, атап айтсам осы жылы облыстық бюджеттен жаңа модификация кабинеттерін сатып алуға қаражат бөлінбеген. Осы мәселені тез арада шешу үшін құзырлы органдарға тапсырма беруіңізді сұраймын.
Мектептерді күрделі жөндеуден өткізу
2023 жылы басталған күрделі жөндеу белгіленген мерзімде аяқталмай, бүгінгі күні 8 объектіде жалғасуда. Ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін 4 нысанда аяқтау жоспарланған, қалған 3 мектеп пен бір мектеп жанындағы интернатта жұмыстар қашан аяқталатыны белгісіз.
Осылайша, үш мектептің оқушылары өз мектептерінде білім алу мүмкіндігінен айырылып, басқа мектептерде тар жағдайда оқуға мәжбүр болып отыр.
Осыған орай, уәкілетті органдарға мектептерді күрделі жөндеу барысын үнемі бақылауда ұстауды және қаржыны уақытында мердігерлерге аударуды тапсыруды сұраймын.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасының іске асырылуы
Ағымдағы жылы 26 мектепті іске қосу жоспарланған, оның ішінде 31 тамызға дейін – 9 мектеп, 15 желтоқсанға дейін – 18 мектеп.
Алайда, 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін бір жарым ай қалғанын, сондай-ақ дайындық пайызының төмендігін ескере отырып, барлық 9 нысан бойынша уақтылы берілмеу қаупі бар. Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне дейін тапсырылуы жоспарланған 4 объекті бойынша ПСД сараптамасының оң қорытындысы жоқ.
Сонымен қатар, бүгінгі күні 9 мектептің басшылығын тағайындау бойынша конкурс өткізілмеген, қажетті педагогтермен қамту жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеуде, сонымен бірге мектептер лицензияны алу бойынша жұмыстар ұйымдастырылмауда. Сондай-ақ осы мектептердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы бойынша да сұрақтар туындауы мүмкін.
Осыған орай, уәкілетті органдарға:
- конкурс рәсімі арқылы мектеп басшылығын тағайындау, білікті педагортерді тарту бойынша шараларды қабылдауды жеделдету;
- инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңа білім беру объектілеріне қосу және жеткізу бойынша уақтылы жұмыстар жүргізуді;
- мектептер құрылысына ПСД-ні мемлекеттік сараптамадан уақтылы өтуі бойынша шаралар қабылдауды тапсыруды сұраймын.
Лицензиясыз қызмет
Бүгінде облыста 2021 жылдан бері 7 мектеп лицензиясыз қызметті жүзеге асырып келеді. Мұның себебі баршаларыңызға белгілі. Департамент тарапынан 7 мектепке қатысты бірнеше рет әкімшілік іс қозғалды және 25-тен 50 АЕК-ке дейін айыппұлдар салынды.
Бұл мәселені шешу үшін білім органдары техникалық паспортарды және өрт аудитінің қорытындысы алу рәсімін жүргізу үшін шараларды қабылдау қажет.
Кешенді қауіпсіздік жүйесімен қамтылуы
НОБД деректеріне сәйкес 206 мектеп террористік осал объектілердің бірінші тобына, 223 мектеп екінші тобына жатады. 117 мектепте немесе бірінші топтағы мектептердің жалпы санының 56,7%-ында бейнебақылау жүйесі полицияның жедел басқару орталығына немесе аумақтық ішкі істер органдарына қосылған. 1-топқа жататын мектептердің 9,8%-ы (19 мектепте) дабыл түймесі орнатылмаған. Сонымен қатар, Нұсқаулық талаптарынан тыс турникеттер 29 мектепте (жалпы санының 14%) орнатылған.
2-топқа кіретін барлық 223 мектепте сыртқы және ішкі бейнебақылау камералары орнатылған. Турникеттер 223 мектептің 138-де (жалпы санының 61,8%), мектептердің жалпы санының 59,1%-ында орнатылған, яғни 132 мектепте бейнебақылау жүйелері полицияның жедел басқару орталықтарына немесе аумақтық ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне қосылған. Дабыл түймесі 7 (жеті) мектепте жоқ (216 мектепте немесе жалпы санның 96,8% бар). Мамандандырылған күзет тек 33 мектепте енгізілген (жалпы санының 14,7%).
Осыған орай, Білім басқармасына:
- қолданыстағы талаптар мен стандарттарды сақтай отырып, кешенді қауіпсіздік жүйесімен мектептерді толық көлемде қамтамасыз ету үшін қаржы бөлу мәселесін қарауды (оның ішінде аналогтық бейнекамераларды цифрлық камераларға ауыстыру, көрінісі қиын аймақтар ала отырып, мектеп аумағының барлық сыртқы периметрін қамту);
- тоқсанына бір рет мектептердің, оның ішінде педагогтардың, техникалық персоналдың және оқушылардың төтенше жағдайларға дайындығын жан-жақты тексеру бойынша оқу жаттығуларын өткізуді жалғастыруды ұсынамыз.
Мектептерді асханалармен және спорт залдарымен қамтамасыз ету
Бүгінде облыстың 50 мектебінде асханалар жоқ, оларда буфеттік тамақтану немесе кейтеринг қызметі ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, 48 мектепте спорт залдары жоқ, 43 мектепте спорт залдары тиісті құрал-жабдықтармен жабдықталмаған.
Осылайша, 50 мектептің оқушылары ыстық тамақ ішу мүмкіндігінен айырылған, ал 48 мектепте қысқы уақытта дене шынықтыру сабақтары толыққанды өткізілмейді.
Осыған орай, уәкілетті органдар тарапынан:
- асханалар жоқ мектептерде білім алушыларды ыстық тамақпен толық қамтамассыз ету үшін кейтерингтік қызметтерді кеңейту мәселесін қарастыруды;
- оқушылар контингенті 100-ден асатын мектептерде асханалар мен спорт залдарын орналастыруға арналған қосымша ғимараттар салу мүмкіндігін қарастыру тапсыруды сұраймын.
Құрметті Марат Елеусізұлы!
Сөзімді қорытындылай келе, жаңа 2024-2025 оқу жылына дайындықтың тағы да бір мәселе, ол оқулықтармен қамтамасыз ету.
1 тамызға дейін барлық қажетті оқулықтар мектептерге жеткізілуі тиіс. Бүгінгі күні оқулықтарды сатып алуға және оны жеткізуге Білім басқармасы тарапынан шарттар жасалған.
Осыған орай, Білім басқармасына оқулықтардың мектептерге уақытылы жеткізілуін қатаң бақылауға алуды тапсыруды сұраймын.
Ағымдағы жылдың 15 шілдесінен 15 тамызына дейін Департамент тарапынан мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы мәселелері бойынша қосымша мониторинг жүргізетін болады. Осыған байланысты, тамыз айында аппараттық кеңесте осы мониторингтің қорытындысы бойынша баяндама жасауға мүмкіндік беруіңізді сұраймын.
Назарларыңызға рақмет!