«Заң мен тәртіп қағидаты аясында мектеп ұжымындағы дауларды медиация арқылы реттеу және тиімді коммуникация» оқыту семинары

Жарияланған күні: 01 қазан 2026

Бүгін департамент жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің жұмыс жоспарына сәйкес мектеп ұжымындағы дауларды медиация арқылы реттеу және тиімді коммуникация мәселелеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды.
Семинардың негізгі мақсаты – мектеп ұжымында заң мен тәртіп қағидаттарын сақтай отырып, туындайтын даулар мен жанжалдарды медиация арқылы конструктивті түрде реттеу, тиімді коммуникация дағдыларын қалыптастыру, сондай-ақ педагогтер мен білім беру ұйымдары қызметкерлерінің өзара түсіністік пен ынтымақтастыққа негізделген кәсіби қарым-қатынас мәдениетін дамыту.
 Іс-шараға департамент басшысы Г.С. Сарсенгалиева, департамент жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес мүшесі, «Ақтөбе облысы және Ақтөбе қаласының білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Л.Ш. Уралбаева, Ақтөбе қаласының білім бөлімінің басшысы М.О. Қосымбаева, департамент бөлім басшылары мен білім бөлімінің мамандары, мектеп директорлары, мектепке дейінгі ұйымдардың меңгерушілері және кәсіподақ ұйымдарының төрағалары қатысты.
Семинар барысында «Педагогтің кәсіби беделі мен қоғам алдындағы жауапкершілігі» тақырыбында «Ғ. Ақтаев атындағы №6 мектеп-гимназиясы» КММ-нің қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің мұғалімі, педагог-зерттеуші, Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті жанындағы педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің мүшесі Д.Б. Муханбедиярова , Еуропа Ассамблеясының Құрметті мүшесі, PhD докторы, жаттықтырушы-медиатор С.А. Балпеисова «Заң мен тәртіп қағидаты және мектептегі дауларды басқару», «Мектептегі дауларды медиация арқылы реттеу»,  «Келіссөздер академиясы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, кәсіби медиатор Ж.С. Жасақбаева «Тиімді коммуникация және жанжалды жағдайлардағы қарым-қатынас» тақырыптарында баяндама жасап, практикалық тренинг өткізді.
Тренинг барысында қатысушыларға нақты кейстер ұсынылып, жанжалды жағдайларды тиімді басқару, келіссөз жүргізу, өзара түсіністікке қол жеткізу және дауларды бейбіт жолмен шешу бойынша практикалық ұсыныстар берілді.
Семинар педагогикалық әдепті сақтау, кәсіби қарым-қатынас мәдениетін арттыру және білім беру ұйымдарында қолайлы психологиялық ахуал қалыптастырудың маңыздылығын тағы бір мәрте көрсетті.