Жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық білім беру және сауықтыру ұйымдарын лицензиялау тәртібі туралы семинар
Биылдан бастап жыл бойы жұмыс істейтін және маусымдық білім беру және сауықтыру ұйымдарын лицензиялау тәртібі енгізілуде. Лицензия 5 жыл мерзімге беріледі.
Лицензиялау барысында ұйымдарда білім беру және сауықтыру бағдарламаларының сапасы, медициналық қызметтің ұйымдастырылуы, тамақтану жағдайы, материалдық-техникалық база, сондай-ақ балалардың өмір сүру жағдайлары мен қауіпсіздігі жан-жақты тексерілетін болады.
Осыған байланысты Ақтөбе облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті өңірдегі білім беру және сауықтыру ұйымдарының өкілдерімен кездесу өткізді.
Кездесуге Оқу-ағарту министрлігінің тәрбие жұмысы және қосымша білім беру департаменті басшысының орынбасары С.А. Ибраева қатысып, жаңа талаптар бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Сонымен қатар жиынға Ақтөбе облысының санитариялық-эпидемиологиялық департаменті, Білім басқармасы, Төтенше жағдайлар департаменті және Медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің өкілдері қатысып, ұйымдарға қойылатын негізгі талаптарға ерекше назар аударды