Департамент басшысы «Мектептерге арналған PISA» (PBTS) зерттеуінің өту барысына бақылау жүргізді

Жарияланған күні: 28 қараша 2025
«Мектептерге арналған PISA» (PBTS) зерттеуінің өту барысын бақылап, мектептің күнделікті жұмысымен танысу үшін Департамент басшысы Гулнара Сарсенгалиева Ақтөбе қаласындағы №23 мектеп-лицейге барды.
2025 жылғы 24 қараша мен 5 желтоқсан аралығында ЭЫДҰ-ның мектептерге арналған халықаралық PISA зерттеуі жүргізілуде. Оған еліміз бойынша 1 мың білім беру ұйымдары мен 15 жасқа толған 40 мыңнан астам қазақстандық оқушы қатысады. Ақтөбе облысында PISA халықаралық зерттеуі (PBTS) 51 мектепте өткізіледі. Соның ішінде 24-і Ақтөбе қаласында орналасқан мектептер болса, 27-і аудандық мектептер.
Зерттеу дәстүрлі PISA әдістемесіне негізделген және оқу сауаттылығы, математика, жаратылыстану ғылымдары бойынша функционалдық сауаттылықтың негізгі дағдыларын бағалайды. Сонымен қатар бұл зерттеу арқылы білім беру ұйымдарына сыртқы бағалау жүргізіледі. Оның нәтижелері оқушылардың оқу үлгеріміне әсер ететін негізгі факторларды анықтауға бағытталған.
PISA for Schools қалай өтеді?
Тест компьютер арқылы жүргізіледі.
Оқушылар оқылым, математика, жаратылыстану бағыттарында тапсырмалар орындайды.
Қосымша анкеталар толтырылады – отбасы жағдайы, мектеп ортасы, мотивация сияқты факторлар да зерттеледі.
Қатысушылар жасы: шамамен 15,3 – 16,2 жас.
Толыққанды есеп алу үшін мектептен әдетте кемінде 42 оқушы қатысуы қажет.
Зерттеу координаторы – А. Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы.
Неге бұл зерттеу мектептер үшін маңызды?
Мектеп өзінің нақты деңгейін көреді, әлсіз тұстарын анықтайды.
Оқу сапасын жақсарту үшін нақты ұсыныстар алады.
Қорытынды халықаралық стандартпен салыстырылады, яғни мектеп қай деңгейде екенін анық біледі.
Оқушылардың нәтижесіне әсер ететін жағдайларды (әлеуметтік орта, мотивация, мектеп климаты) түсінуге көмектеседі.
Әр мектепке жеке есеп беріледі. Бұл есеп мектептің нақты артықшылықтары мен мәселелерін көрсетеді: қай пәндерде қиындық бар, оқушылардың қандай дағдылары әлсіз, мектеп ортасының қандай факторлары әсер етіп отыр.