Педагог мәртебесі – қоғамның стратегиялық құндылығы
Қазақстанда білім беру саласын дамыту мен педагог мәртебесін арттыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Бұл бағытта соңғы жылдары жүзеге асырылған жүйелі реформалар ұстаздардың құқықтық қорғалуын күшейтіп, әлеуметтік кепілдіктерін кеңейтіп, кәсіби дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты. Сонымен қатар еліміздегі конституциялық жаңғыру үдерісі де білім беру жүйесінің сапасына, адами капиталды дамытуға және жас ұрпақ тәрбиесіне қойылатын талаптарды жаңа деңгейге көтеруде.
Педагогтің мәртебесі тек заңнамалық кепілдіктермен ғана өлшенбейді. Ол – мемлекет пен қоғамның ұстазға деген құрметінің, сенімінің және жауапкершілігінің көрсеткіші. «Педагог мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мұғалімнің құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға, кәсіби қызметіне қолайлы жағдай жасауға және қоғамдағы беделін арттыруға берік құқықтық негіз қалыптастырды. Бұл – білім сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесі.
Конституциялық жаңғырудың негізгі мақсаты – адамға бағдарланған, әділетті әрі жауапты қоғам қалыптастыру. Мұндай қоғамның іргетасы, ең алдымен, сапалы білім мен саналы тәрбиеден басталады. Ал осы міндеттің орындалуында педагогтің орны айрықша. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек білім беруші ғана емес, заңға құрметпен қарайтын, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген, шығармашыл әрі жауапты азамат тәрбиелеуші тұлға болуы тиіс.
Педагог мәртебесінің артуы оның кәсіби жауапкершілігінің де артуын білдіреді. Заманауи білім беру жүйесі мұғалімнен үздіксіз ізденісті, жаңа технологияларды меңгеруді, академиялық адалдық қағидаттарын сақтауды және кәсіби шеберлігін тұрақты жетілдіруді талап етеді. Мемлекет педагогтердің дамуына барлық қажетті жағдай жасап отыр. Ендігі кезекте әрбір ұстаз сол сенімді сапалы еңбегімен, жоғары кәсібилігімен және азаматтық ұстанымымен ақтауы қажет.
Педагогтердің еңбегі жоғары деңгейде бағаланып келеді. Республикалық «Үздік педагог» байқауының жеңімпаздары, мемлекеттік және ведомстволық наградаларға ие болған ұстаздар – білім саласындағы жүйелі мемлекеттік саясаттың нақты нәтижесінің айғағы. Бұл – ұстаз еңбегінің қоғамдағы беделі мен маңызын арттыруға бағытталған игі қадамдардың жемісі.
Сонымен бірге педагог мәртебесін арттыру – тек мемлекеттің ғана міндеті емес. Ол бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігі. Ұстазға деген құрмет ең алдымен отбасынан басталады. Ата-ананың мұғаліммен серіктестік орнатуы, мектеппен өзара түсіністік негізінде жұмыс істеуі, баланың бойына ұстаз еңбегіне деген сыйластықты қалыптастыруы – сапалы білім мен саналы тәрбиенің басты кепілі.
Оқушы да өз кезегінде мұғалім еңбегін бағалап, білім алуға жауапкершілікпен қарауы қажет. Мұғалім, ата-ана және оқушы арасындағы өзара сенім мен сыйластық берік болған жағдайда ғана білім беру жүйесінің тиімділігі артып, тәрбиенің нәтижесі жоғары болады.
Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы – жақсы ұстаздан» деген қанатты сөзі бүгінгі күні де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Себебі ұстаз – болашақ ұрпақтың дүниетанымын қалыптастыратын, елдің интеллектуалдық әлеуетін арттыратын басты тұлға.
Конституциялық жаңғыру жағдайында педагог мәртебесін нығайту – білім беру саласын дамытудың ғана емес, еліміздің тұрақты дамуының, бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастырудың маңызды шарты. Ұстазға құрмет көрсетілген жерде білімге құрмет болады, ал білімге құрмет болған жерде мемлекеттің болашағы берік болады.