Алматыда құбыр зауытын салу жобасы
Жаңа құбыр зауыты жылына 100 мың тоннаға дейін жоғары сапалы құбыр өнімдерін шығаратын болады
2020 жылдың екінші тоқсанында Алматы қаласының Алатау ауданының индустриялық аймағында "Үлкен диаметрлі дәнекерленген болат құбырларын шығаратын зауыт құрылысы" жобасын іске қосу жоспарлануда. Құрылыс алаңының жалпы аумағы 18,3 гектарды құрайды. Жоғары технологиялық зауыттың құрылысы Қазақстанға әкелінетін құбыр өнімдерінің 70% импортын алмастыруға мүмкіндік береді.
Осы жобаны жүзеге асыру үшін "Asia Steel Pipe Corporation" қазақстан-қытай бірлескен кәсіпорны құрылды. Инвестициялардың жалпы сомасы 33 млрд.теңгеден астам. Сонымен қатар, аталмыш жоба 2015-2019 жылдарға арналған республикалық индустрияландыру картасына енгізілген, сондай-ақ "Бір белдеу, бір жол" бағдарламасы аясында ҚХР мен ҚР арасындағы негізгі жобалар тізіміне кіреді.
Айта кету керек, Алматы қаласын құбыр зауытының орналасқан жері ретінде таңдау логистика және болат орамының негізгі жеткізушісі – Батыс Қытайдағы металлургиялық зауыттарға жақын болу есебінен анықталды.
Отандық зауыт жыл сайын 100 мың тоннаға дейін жоғары сапалы құбыр өнімдерін шығаратын болады деп жоспарлануда. Алдағы уақытта өндірісті 150 мың тоннаға дейін кеңейту көзделіп отыр. Бірінші желі спиральды құбырлар шығаратын болады. Алдағы уақытта үлкен диаметрлі тік жікті құбырлар желісін іске қосу көзделіп отыр.
Зауытта диаметрі 355 мм-ден 1420 мм-ге дейін, ұзындығы 8 м-ден 12,5 м-ге дейін құбыр өнімдерін шығару көзделген. Құбырларды өндіру кезінде беріктігі жоғары X80, Х100 санатындағы болат қолданылады. Ал, құбыр қабырғаларының қалыңдығы 6,4 мм-ден 25,4 мм-ге дейін болады.
Бұл дәнекерленетін құбырлар мұнайды, газды, суды және мұнай өнімдерін тасымалдауға, сондай-ақ тау-кен, құрылыс, химиялық өнеркәсіп, энергетика салаларында пайдалануға арналған. Осылайша жаңа зауыт ішкі нарық пен таяу шет елдерді сапалы құбыр өнімдерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кәсіпорында 300-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылады.
Дәнекерленген болат құбырларын шығаратын зауыт жобасын жүзеге асыру ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің 2014 жылғы кездесуінің қорытындысы бойынша мүмкін болды. Дәл осы кездесуде "ҚазМұнайГаз"ҰК" АҚ мен CNPC арасында мұнай-газ саласындағы кешенді стратегиялық ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.