ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ (бұдан әрі – Алушы) мен энергияның тиімділігін арттыру және жастар бірлестіктерін дамыту бағдарламалары үшін бір донордың Траст қоры (бұдан әрі – Траст қоры) әкімшісі ретінде әрекет етуші ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚАЙТА ҚҰРУ ЖӘНЕ ДАМУ БАНКІ (бұдан әрі – Дүниежүзілік Банк) арасында жасалды.
Осы арқылы Алушы және Дүниежүзілік Банк төмендегілер туралы уағдаласты:
I бап
Стандартты шарттар; Айқындамалар
1.01. Дүниежүзілік Банк әртүрлі қорлардан бөлетін гранттар бойынша 2012 жылғы 15 ақпандағы Стандартты шарттар (бұдан әрі – Стандартты шарттар) осы Келісімнің ажырамас бөлігі болып табылады.
1.02. Егер мән мәтінде өзгеше көзделмесе, осы Келісімде пайдаланылатын және бас әріппен жазылған терминдер оларға Стандартты шарттардың немесе осы Келісімнің негізінде берілген мәндерге ие.
II бап
Жоба
2.01. Алушы өзінің осы Келісімге (бұдан әрі – Жоба) 1-қосымшада көрсетілген жоба мақсаттарына шынайы берілгендігін мәлімдейді. Осыған байланысты мезгіл-мезгіл түзетулер енгізілу мүмкіндігін ескере отырып, Стандартты шарттардың II бабының және осы Дүниежүзілік Банк пен Жобаны Атқарушы Агенттік арасындағы Келісім (бұдан әрі – Жоба туралы Келісім) күнгі Келісімнің ережелеріне сәйкес Алушы Жобаны іске асыруын қамтамасыз етеді.
2.02. Осы Келісімнің 2.01-бөлімінің ережелерін шектеусіз, және Алушы мен Дүниежүзілік Банк арасында келісілген өзге жағдайларды қоспағанда, Алушы Жобаның осы Келісімге 2-қосымшаның ережелеріне сәйкес іске асырылуын қамтамасыз етеді.
III бап
Грант
3.01. Дүниежүзілік Банк Алушыға осы Келісімде жазылған немесе аталған тәртіппен және шарттарда Жобаны қаржыландыруға жәрдем көрсету үшін жиырма бір миллион жеті жүз алпыс үш мың АҚШ доллары (21 763 000 $) мөлшерінде грант (бұдан әрі – грант) бөлуге өз келісімін береді.
3.02. Алушы грант қаражатын осы Келісімге 2-қосымшаның IV бөліміне сәйкес ала алады.
3.03. Грант Траст қорының қаражатынан қаржыландырылады, оны толықтыру үшін Дүниежүзілік Банк Траст қорының донорынан кезең-кезеңімен берілетін жарналар алады. Стандартты шарттардың 3.02-бөліміне сәйкес Дүниежүзілік Банктің төлем міндеттемелері осы Келісімге байланысты донор Траст қоры шеңберінде Дүниежүзілік Банкке бөлетін қаражат сомасымен шектеледі, ал Алушының грант қаражатын алу құқығы аталған қаражаттың болуына байланысты.
IV бап
Құқықтық қорғаудың қосымша құралдары
4.01. Стандартты шарттардың 4.02. (k) бөлімінде көрсетілген осы Келісімнің қолданысын тоқтата тұрудың қосымша жағдайлары төменде көрсетілген:
(a) Алушы Жобаны Атқарушы Агенттікке Жоба туралы Келісім шеңберінде өз міндеттемелерін орындауға кедергі келтіретін немесе бөгет болатын қандай да бір іс-қимылдар жасаса немесе жасауға рұқсат алса.
(b) Жобаны Атқарушы Агенттік Жоба туралы Келісім шеңберінде қандай да бір өз міндеттемелерін орындамаса.
(c) Дүниежүзілік Банк: (i) Дүниежүзілік Банк Жобаны Атқарушы Агенттіктің алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылық іс-әрекеттер практикаларына, сондай-ақ Дүниежүзілік Банкті қаржыландыру нәтижесінде алынған қаражатты пайдалануға қатысты құпия келісімдер практикасына қатысуы фактілерін анықтау, және/немесе (ii) басқа қаржыландырушы ұйымның Жобаны Атқарушы Агенттіктің алаяқтық, сыбайлас жемқорлық, зорлық-зомбылық іс-әрекеттер практикаларына, сондай-ақ осы қаржыландырушы ұйым беретін қаражатты пайдалануға байланысты құпия келісімдер практикаларына қатысы болу фактілерін оның анықтауы нәтижесінде Жобаны Атқарушы Агенттіктің аталған ұйым қаржыландыратын қаражатты алуға немесе аталған қаржыландырушы ұйым толық немесе ішінара қаржыландыратын кез келген жобаны дайындауға немесе іске асыруға өзгеше түрде қатысуға құқығы жоқтығы туралы жасаған мәлімдемесінің нәтижесінде Жобаны Атқарушы Агенттікті Дүниежүзілік Банк қаржыландыратын қаражатты алу немесе Дүниежүзілік Банк толық немесе ішінара қаржыландыратын (оның ішінде басқа қаржыландырушы ұйым беретін қаражаттың әкімшісі ретінде) кез келген жобаны дайындауға немесе іске асыруға кез келген өзге қатысу үшін талаптарға сәйкес келмейді деп жарияласа.
(d) Осы Келісімге қол қойылған кезден бастап болған оқиғалар салдарынан Жобаны Атқарушы Агенттіктің Жоба туралы Келісім шеңберіндегі міндеттемелерін орындауын күмәнді ететін төтенше жағдай туындаса.
(e) Жобаны Атқарушы Агенттіктің Жоба туралы Келісім шеңберінде өз міндеттемелерін орындау қабілетіне едәуір дәрежеде, сондай-ақ теріс әсерін тигізуі мүмкін Жобаны Атқарушы Агенттiктің соған сәйкес құрылған және қызмет ететін Құрылтай Құжаттары өзгертiлсе, жойылса, күшін жойса немесе оның қолданысы тоқтатыла тұрса.
(f) Осы Келісімнің 5.03-бөлімінде айтылған Келісім күшіне енген күннен кейін Дүниежүзілік Банк осы күн басталғанға дейін, бірақ осы Келісімге қол қойылған күннен кейін Дүниежүзілік Банкке, егер осы Келісім осындай оқиға болған күні күшіне енген жағдайда, Алушының грант шотынан қаражат алу құқығын тоқтата тұруға құқық беретін оқиғаның орын алғанын анықтаса.
V бап
Келісімнің күшіне енуі; Қолданысын тоқтатуы
5.01. Осы Келісім Дүниежүзілік Банктің талаптарын қанағаттандыратын төменде көрсетілген шарттардың сақталғаны жөнінде құжаттамалық куәліктер Дүниежүзілік Банкке ұсынылғанға дейін күшіне енбейді.
(a) Осы Келісімнің Алушы атынан және Жоба туралы Келісімнің Жобаны Атқарушы Агенттіктің атынан жасалуына және орындалуына қажетті мемлекетішілік рәсімдерді және корпоративті іс-қимылдарды жүргізу арқылы тиісті түрде санкцияланса немесе ратификацияланса.
(b) Егер Дүниежүзілік Банктің өтініші бойынша Жобаны Атқарушы Агенттіктің жай-күйі Жоба туралы Келісім жасалған күні Дүниежүзілік Банкке ұсынылған немесе кепілдік берілген күйінде осы күн басталғаннан кейін ешқандай елеулі келеңсіз өзгерістерге ұшырамаса.
(c) Осы Келісімге 2-қосымшаның I.D бөлімінде аталатын Қосымша келісімге Алушы және Жобаны Атқарушы Агенттік атынан қол қойылса.
(d) Алушы Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің (бұдан әрі – ИЖТМ) жәрдемдесуімен осы Келісімге 2-қосымшаның I.В бөліміне сәйкес Дүниежүзілік Банк үшін қолайлы нысанда Жоба жөніндегі Операциялық Нұсқаманы бекітсе және Жобаны Атқарушы Агенттіктің бекітуін қамтамасыз етсе.
(e) Алушы Жобаны Басқарушы Комитетті құрса, Комитеттің жұмыс тәртібі мен функцияларын, сондай-ақ осы Келісімге 2-қосымшаның I.A.2-бөліміне сәйкес Дүниежүзілік Банк талаптарына сай келетін уәкілетті өкілдерді айқындаса.
(f) Алушы Жобаны Атқарушы Агенттіктің осы Келісімге 2-қосымшаның I.A.3-бөліміне сәйкес Дүниежүзілік Банктің талаптарына сай келетін әзірленген техникалық тапсырмалары, жиынтықталған штаты мен ресурстары бар Жобаны Іске асыру Тобының құрылуын қамтамасыз етсе.
5.02. 5.01. (а) бөліміне сәйкес ұсынылуы тиіс куәліктердің құрамында, Дүниежүзілік Банкке Дүниежүзілік Банкті қанағаттандыратын қорытынды немесе Дүниежүзілік Банк үшін қолайлы құқықтық сарапшының қорытындылары немесе, егер мұндай талапты Дүниежүзілік Банк ұсынса, Дүниежүзілік Банкті қанағаттандыратын Алушының құзыретті лауазымды тұлғасының төмендегілер туралы куәландыратын растауы ұсынылады:
(a) Алушы атынан осы Келісім қажетті мемлекетішілік рәсімдерді жүргізу арқылы тиісті түрде санкцияланғаны немесе ратификацияланғаны, сондай-ақ Алушы атынан қол қойылғаны және орындалғаны және ол үшін осы Келісімнің шарттарына сәйкес міндетті заңды күші бар екендігін.
(b) Жобаны Атқарушы Агенттік атынан Жоба туралы Келісімнің тиісті түрде санкцияланғаны немесе ратификацияланғаны, сондай-ақ Жобаны Атқарушы Агенттік атынан қол қойылғаны және орындалғаны және осы Жоба туралы Келісімнің шарттарына сәйкес ол үшін міндетті заңды күші бар екендігін.
(c) Осы Келісімге 2-қосымшаның I.D бөлімінде айтылатын Қосымша Келісімді Алушы және Жобаны Атқарушы Агенттік тиісті түрде санкциялағаны немесе ратификациялағаны және Қосымша Келісімнің шарттарына сәйкес әр тарап үшін міндетті заңды күші бар екендігін.
5.03. Алушы мен Дүниежүзілік Банк арасында өзгеше келісілген жағдайларды қоспағанда, осы Келісім Дүниежүзілік Банк Алушының мекенжайына 5.01-бөлімге сәйкес ұсынылуға тиіс құжаттамалық куәліктерді Дүниежүзілік Банк қабылдағаны туралы хабарламаны жіберген күні (бұдан әрі – Күшіне ену күні) күшіне енеді. Егер күшіне ену күніне дейін Дүниежүзілік Банкке Алушының грант шотынан қаражат алуға құқығын тоқтата тұруға уәкілеттік беретін оқиға орын алса, Дүниежүзілік Банк осындай оқиға (осындай оқиғалар) аяқталмағанға (аяқталғанға) дейін осы Бөлімде айтылған хабарламаны жіберуді кейінге қалдыра алады.