Автобустарды лизингке сату бойынша «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арқылы «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамын кейіннен кредиттеумен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің
негізгі шарттарын бекіту туралы
2008 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 180-бабының 2-тармағына, 2019 жылғы 4 желтоқсандағы «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
- Қоса беріліп отырған автобустарды лизингке сату бойынша «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арқылы «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамын кейіннен кредиттеумен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары бекітілсін.
- Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктері заңнамада белгіленген тәртіппен:
- «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамымен кредиттік шартты жасасуды;
- кредит берудің негізгі және қосымша шарттарының орындалуын бақылауды;
- бюджеттік кредитің нысаналы және тиімді пайдаланылуын, өтелуі мен оған қызмет көрсетілуін бақылауды және мониторингілеуді қамтамасыз етсін.
- «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамы тоқсан сайын, есептік кезеңнен кейінгі айдың 10 күнінен кешіктірмей Қазақстан Республикасының Қаржы, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне кредиттің игерілуі туралы ақпарат берсін.
- Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне жүктелсін.
- Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі А. Мамин
Қазақстан Республикасы
Үкіметінің
2020 жылғы « »
№ қаулысымен бекітілген
Автобустарды лизингке сату бойынша «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамы арқылы «ҚДБ-Лизинг» акционерлік қоғамын кейіннен кредиттеумен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамын бюджеттік кредиттеудің негізгі шарттары
- «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» акционерлік қоғамына (бұдан әрі – қарыз алушы) кредит беру үшін мынадай негізгі шарттар белгіленеді:
- кредит автобустарды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде «Автобустарды лизингке сату бойынша «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ арқылы «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ны кейіннен кредиттеумен «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ-ны кредиттеу» 218 бюджеттік бағдарламасы бойынша «2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» 2019 жылғы 4 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңында көзделген 10000000000 (он миллиард) теңге сомасында беріледі;
- кредит қарыз алушыға мерзімділік, ақылылық және қайтарымдылық шарттарында 15 (он бес) жыл мерзімге жылдық 0,1%-ға тең сыйақы мөлшерлемесі бойынша теңгемен беріледі;
- республикалық бюджеттен кредитті бөлу қарыз алушының шотына кредиттің барлық сомасын біржолғы аудару жолымен жүзеге асырылады;
- игеру кезеңі қарыз алушының шотына кредит аударылған күнінен бастап 2 (екі) жылды құрайды;
- кредит бойынша есептелген сыйақыны төлеу жарты жылдық төлемдермен жылына 2 (екі) рет жүзеге асырылады;
- кредит бойынша негізгі борышты өтеуді қарыз алушы 2025 жылдан бастап тең үлестермен 5 жылды құрайтын жеңілдік кезеңі өткеннен кейін жүзеге асырады;
- бюджеттік кредитті берудің мақсаты қарыз алушының автобустарды отандық өндірушілерді қолдау шеңберінде автобустарды лизингке сату бойынша жылдық 0,2% сыйақы мөлшерлемесімен «ҚДБ-Лизинг» АҚ-ға кейіннен кредит беру үшін, жылдық 0,15% сыйақы мөлшерлемесімен «Қазақстанның Даму Банкі» акционерлік қоғамына кейіннен кредит беруі болып табылады.
- Кредиттерді беру, өтеу және оған қызмет көрсету бойынша қосымша шарттар Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес кредиттік шарттарда белгіленеді.