Экономиканың энергия тұтыну көлемін азайту және энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану бойынша мемлекеттік саясатты іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) 2024 жылға арналған жергілікті атқарушы органдардың қызметін бағалау жұмыстарын жүргізді.
Бағалау жұмыстары – энергоаудиттердің өткізілуі, бюджет саласының нысандарын, саябақтар мен көшелердің жарықтандыруын қайта жаңғырту шараларының орындалу көрсеткіштері бойынша жүргізілді.
Бағалау жұмыстарының нәтижесімен келесі жағдайлар анықталды. Жамбыл, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Түркістан облыстарында және Астана қалаcында жергілікті атқарушы органдардың қызметі орта деңгейде бағаланды. Аталмыш аймақтарда заң талаптарының орындалуын бақылауды күшейту, іс-шаралардың толық қамтылуын қамтамасыз ету, сондай-ақ жүзеге асырылып жатқан шаралардың тиімділігін арттыруға және белгіленген нормалардың сақталмау қаупін төмендетуге бағытталған қосымша шараларды қабылдау ұсынылады.
Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы саясатты жүзеге асыруда төмен нәтиже көрсеткен өңірлердің қатарында Алматы, Атырау, және Жетісу облыстары бар. Бұл аймақтар қажетті мәліметтерді толық немесе уақытылы ұсынбауы салдарынан, олардың жұмысын әділ әрі нақты бағалауда қиындықтар туғызды.
Абай, Ақтөбе, Шығыс-Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстары мен Алматы және Шымкент қалаларында энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласында өткізілген іс-шаралар туралы ақпарат мүлдем ұсынылмаған. Осыған байланысты, Министрлік жергілікті атқарушы органдарға бұл бағыттағы жұмысты жандандыруды, есеп беру ақпараттарын уақытылы әрі толық жеткізуді қамтамасыз етуді ұсынады. Бұл мемлекеттік саясатты іске асыру мониторингінің сапасын арттыруға және проблемалық мәселелерді жедел анықтап, тиімді шешуге мүмкіндік береді.
Айта кету керек, 2021 жылмен салыстырғанда ғимараттар секторында соңғы энергия тұтыну деңгейі 5,2%-ға артты. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдарға энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруда, соның ішінде өңірлік бағдарламалар мен жаңғырту жобалары деңгейінде де, белсенді жұмыс жүргізіп, тиісті қолдау көрсету қажет.
Министрлік энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы шараларды күшейту бойынша мемлекеттік саясаттың ашықтығы мен нәтижелілігін қамтамасыз ету үшін әкімдіктермен жүйелі жұмыстарды жалғастыратын болады.