БАСТЫ МАҚСАТ - ҚОЛБАЙЛАУ ЕМЕС, ҚОЛЖЕТІМДІ БОЛУ
Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясы «Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету» тақырыбына арналған отырыс өткізді. Отырысқа АСК мүшелерімен бірге комисия жанында құрылған жұмыс тобының мүшелері қатысты. Дөңгелек үстелде БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов БҚО әкімдігі аппаратымен облыстық комиссия арасында жасалған ынтымақтастық жол картасына сәйкес нақты жұмыстар атқарылғанын хабардар етті. Осындай жұмыс топтары аудандар мен Орал қаласы аумақтық сайлау комиссияларының жанынан да құрылды. Топтардың мақсаты – электоралдық науқандар барысында сайлау учаскелерін аралап, өзекті мәселелерді анықтау және жергілікті атқарушы органдармен бірге түйінді проблемаларды шешу.
Отырыста БҚО АСК хатшысы Жасұлан Нұрғожин мүгедектігі бар адамдардың сайлауға қатысуына жағдай жасау мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бағытындағы атқарылған іс-шараларға тоқталды. Түрлі деңгейдегі сайлау науқандары аясында учаскелерге тақырыптық мониторинг жүргізіліп, дауыс беруге арналған үй-жайды жарақтандыру бөлігінде, инновациялық өзгерістер енгізілді. Өңірде дауыс беру кезінде ерекше қажеттілікті талап ететін мүгедектігі бар адамдардың саны 2256, соның ішінде кресло-арбаларды пайдаланушылар – 536, естуі бойынша мүгедектігі бар – 453, көруі бойынша мүгедектігі бар – 1267. Олардың қай учаскеде дауыс беретіндері белгілі, яғни УСК мен мүгедек жандардың арасындағы қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеру керек.
«Облыстағы сайлау учаскелерінің барлығы бірінші қабатта орналасқан, Қазақстан Республикасының әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінің қолжетімділік картасына енгізіліп, inva.gov.kz интернет-сайтында сайлау учаскелері туралы өзекті ақпарат орналастырылды. Сондықтан сайлау учаскелерінде талаптар барынша сақталған» деді Жасұлан Нұрғожин өз сөзінде.
Жиынға қатысқан БҚО «Мүгедектер ерікті қоғамы» ҚБ төрағасы Жұмажан Қожжанов, «Арба» тірек-қозғалыс аппараты қызметі бұзылған мүгедек азаматтарды қолдау қоғамы» ҚБ төрайымы, БҚО мәслихатының депутаты Гүлмира Батпақұлова, БҚО «Қазақ соқырлар қоғамы» ҚБ төрағасы Мұрат Қадырбековтер ерекше жандарға ерекше жағдай жасау қажеттігіне зейін қою керек деді. Соның ішінде сайлау күні үйден дауыс беру мүмкіндіктері, инватакси, сурдоаударма қызметтері, учаскелердегі өзекті мәліметтер мен үгіт материалдарының қолжетімділігі айтылды.
БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Меңсұлу Хамидуллина мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрлігі халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің инспекторы Юрий Кауисовтар дөңгелек үстелде көтерілген мәселелер бойынша түсінік берді.
#бқосайлау #дүниежүзіліксайлаукүні #сайлау2026 #bkoelection #всемирныйденьвыборов #сайлауқолжетімді #доступныевыборы
