ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, ІС - ЖОСПАР ТҮЗІЛДІ

Жарияланған күні: 12 қаңтар 2026
ЖЫЛ ҚОРЫТЫНДЫЛАНЫП, ІС - ЖОСПАР ТҮЗІЛДІ

 

БҚО аумақтық сайлау комиссиясы аудандардың және Орал қаласы аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының, төраға орынбасарларының және хатшыларының қатысуымен 2025 жылдың қорытындысына арналған арнайы кеңес өткізді. Кеңесте облыстық комиссия мүшелері бекітілген жұмыс бағыттары бойынша талдау жасап, аудандық және Орал қалалық аумақтық комиссия төрағалары өткен сайлау науқандары туралы есеп берді. Сондай-ақ, биылғы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалып, іс-шараларды орындау жөнінде хатталық тапсырмалар берілді.

БҚО АСК төрағасы Әділ Жоламанов өз баяндамасын сайлау инфрақұрылымының жағдайын саралаудан бастады. Өткен жылы 8 жаңа сайлау учаскесі құрылып, сайлаушылар саны аз 15 сайлау учаскесі жабылды. Азаматтардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 48 сайлау учаскесінің шекаралары өзгертілді. Өңірде мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Өткен есепті кезең 2021 жылы сайланған ауыл әкімдерінің өкілеттілік мерзімінің аяқталуына орай электоралдық науқанға толы болды. Сайланған 55 ауыл әкімінің 29-ы яғни 52,7% - өзін – өзі ұсынғандар. «27 адам алғаш рет әкім болып сайланды, бұл әкім қорпусының тең жартысына жуығы жаңарғанын көрсетеді» деген Әділ Тауфикұлы шығып қалған депутаттар сайлауына да тоқталды. Облыстық АСК төрағасы науқандар барысын 800-ге жуық байқаушылар, сенім білдірген адамдар және БАҚ өкілдерінің қадағалағанын айтып, сайлаушылардың сенімін ақтау мен сайлау үрдістерінің ашықтығын қамтамасыз ету жұмыстарының үздіксіз жүре беретінін айтты. Бұл бағытта байқаушылармен өткен сайлауларды бірге талқылау форматы УСК жұмыстарын одан әрі жетілдіруге негіз болатыны анық.

Электоралдық оқытудың мазмұны мен формасы өзгертілді, ақпараттық қамтамасыз ету жұмыстарының ауқымы кеңейді. Сонымен қатар сайлау заңнамасын түсіндіру, тағайындалған сайлаулар жөнінде кеңінен ақпарат беру мақсатында ауыл тұрғындары және қоғам белсенділерімен тұрақты негізде кездесулер ұйымдастырылып келеді. Кеңесте соттарда қаралған талап арыздар мен аппеляциялық шағымдардың сипаты жан-жақты сөз болды. Аудандық және Орал қалалық АСК құрамына азаматтардың өтініштерімен жұмысты жаңа сапалық деңгейге көтеру тапсырылды.

БҚО АСК хатшысы Жасұлан Нұрғожин берілген хатталық шешімдерді орындау арқылы тиімді басқару мәдениетін арттырудың және регламенттерді қатаң сақтаудың маңызын сөз етті.

12 аудандық және Орал қалалық аумақтық сайлау комиссиялары төрағаларының есепті баяндамалары тек практикадағы сауалдармен шектеліп қалмады. Олар сайлау үрдістеріне қатысушы тараптармен қарым – қатынасты жетілдіру, сайлау учаскелерінің интерактивті карталарын жасақтау, цифровизация талаптарына бейімделу мен инновациялық бастамаларды дамыту туралы да ұсыныстарымен бөлісті.

Кеңесте 2025 жылы бекітілген ережеге сай құрылған 12 аудандық, Орал қалалық және облыстық жас сайлаушылар клубтарының жұмыстары арнайы талқыланды. Осы жұмыс бағытына жетекшілік облыстық АСК мүшесі Райымбек Нұрекешовқа тапсырылды.

Кеңесте «Үздік аумақтық сайлау комиссиясы» және «Үздік учаскелік сайлау комиссиясы» облыстық байқауларының қорытындылары шығарылып, бірқатар әріптестер ҚР Орталық сайлау комиссиясының марапаттарына ие болды.

#бқосайлау #зковыборы #сайлау2025 #bkoelection #БҚОАСК #сайлауқорытынды #ТИКЗКО