СЫРЫМ АУДАНЫНДА САЙЛАУҒА ДАЙЫНДЫҚ ЖОҒАРЫ ДЕҢГЕЙДЕ
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау жылына екі мәрте, наурыз бен қазан айының соңғы жексенбісінде бір мезгілде ұйымдастырылады. Осындай саяси шара 26 қазанда өңірдің екі ауданында өтпек. Сайлауды әзірлеу мен өткізу барысын саралап, жергілікті комиссияларға әдістемелік көмек көрсетуге келген ҚР Орталық сайлау комиссиясының өкілдері Сырым ауданында болды. Жымпиьы ауылында ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Шавхат Өтемісовтің төрағалығымен аудан әкімі, аудан прокуроры, полиция бөлімінің, тиісті бөлім басшылары, сондай–ақ облыстық, аудандық, округтік, учаскелік сайлау комиссиялары мүшелерінің қатысуымен жиналыс өткізілді. Жиналыста сайлауды әзірлеу мен өткізудің барлық аспектілері талданды.
Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов өз баяндамасында учаскелердің материалдық-техникалық жабдықталуы мен сайлаушыларға қолайлы жағдай туғызу мәселелерін толық қамтыды. №5-ші сайлау округі аумағына Алғабас ауылдық округінің Алғабас, Сасықкөл, Жаңаөңір ауылдары және Бұлан ауылдық округінің Жамбыл ауылы кіреді. Сайлауға тартылған 3 учаскелік комиссия ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. Пандус және тактильді белгілермен жабдықтауда еш мәселе жоқтығын айтқан аудан әкімі үгіт – баспа материалдарын орналастыруға арнайы орындар қаралып, кандидаттардың кездесу орындарының кестесі жарияланғанын айтып өтті. Аудан прокуроры Ершат Қамбетов пен аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Амангелді Мекиндер сайлауға қатысушы тараптардың заңды мүдделерін және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету барысын хабардар етті. Құқық қорғау органдары «тыныштық» күні және сайлау күні бекітілген алгоритм бойынша жұмыс істейді.
Жиында сөз алған аудандық аумақтық сайлау комисиясының төрағасы Мейірбек Хасанов кандидаттардың біліктілік талаптарына сәйкестігі анықталып, олардың сайлау жарналарын енгізгенін, сайлауға түсіп отырған кандидаттар және олардың жұбайлары активтері мен міндеттемелері туралы декларацияларын тапсырып, 3 кандидат тіркелгенін хабарлады. Сайлау комиссиялары қажетті кеңсе құралдарымен, байланыс телефондармен түгел қамтамасыз етілді. Комиссия мүшелерімен құқықтық оқыту өткізілді, алдағы уақытта да оқытулар жалғасып, сайлау күнгі алгоритм пысықталатын болады. Сайлаушылар тізімімен жұмыс нәтижелі жүргізіліп, дауыс беру күні вахталық әдіспен жұмысқа кетуі мүмкін азаматтарда ескерілді. Соған қарамастан сайлауға шақыру барлық 947 сайлаушыға жеткізілетін болады. Ал, ауылда жоқтардың жеке телефонына хабарлау немесе хабарлама жіберу қолға алынбақ.
Одан соң ҚР Орталық сайлау комиссиясы аппаратының электораттық процесті ұйымдастыру бөлімінің басшысы Түсіп Рыспеков және заң бөлімінің басшысы Бауыржан Тұрғанбаевтардың қатысуымен сайлау комиссияларының мүшелеріне арнайы әдістемелік семинар өткізілді. Семинардың мазмұны өзара сұрақ-жауап форматында, соңғы саяси науқандарда кездескен кейстерді талдау бағытында өрістеді.
Сондай-ақ, астаналық әріптестер сайлау өтетін №316 учаскелік сайлау комиссиясының материалдық жабдықталуымен танысты. Учаскеде дәстүрлі жабық кабиналармен қатар жаңа үлгідегі кабиналар орналасқан. «Біз шығып қалған мәслихат депутаттарының 26 қазандағы сайлауында дәстүрлі кабиналармен бірге жаңа кабиналарды пайдаланып көруге ұсынамыз. Сайлаушы өз таңдауын сайлау бюллетенінде жасырын түрде рәсімдейді, таңдау құпиялылығы сақталып, оны ешкім бақылай алмайды. Бұл бұлжымайтын қағида. Жаңа кабиналар осы талапқа жауап беріп қоймай, сайлаушыларға ыңғайлы болады деп есептейміз. Сенім білдірілген адамдар мен байқаушыларға да сайлаушының жеке таңдауынан басқа үрдістер түгел көрініп тұратын болады. Кабинаны құру мен жинауда көп уақыт алмайды» дейді ҚР Орталық сайлау комиссиясының хатшысы. Екі ауданға жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Шавхат Өтемісов облыстық аумақтық сайлау комиссиясына оқыту жұмыстарын ширату, сайлау науқандарын құқықтық сүйемелдеу, электоралдық мәдениетті жетілдіру бойынша жаңа міндеттер қойды.
#бқосайлау #мәслихатдепутаттарыныңсайлауы #сайлау2025 #bkoelection
