Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасарының Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданының Отбасын қолдау орталығына сапары
2025 жылғы 5 қыркүйекте Батыс Қазақстан облысында Жастар денсаулығы орталықтары (ЖДО) мен Отбасыны қолдау орталықтарының (ОҚО) қызметін зерделеу жұмыстары жалғасын тапты. Осы орайда Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Е.И. Тарасенко Бөрлі ауданына барды.
Аудан орталығы Ақсай қаласында орналасқан Отбасыны қолдау орталығына (ОҚО) барып, орталықтың қызметімен танысты. Аталған орталық қала орталығында орналасқан және толыққанды жұмыс істеуге қажетті мамандармен қамтылған. ОҚО қызметкерлері 100-ден астам тұрғынды қабылдап, 200-ден астам қызмет көрсетті. Оның ішінде психолог – 46, әлеуметтік мәселелер бойынша – 49, заңгер – 22 қызмет көрсеткен. Сонымен қатар 14 отбасыға қайырымдылық көмегі көрсетіліп, 7 адам медиатордың көмегін алған. 64 азаматқа анықтама мен ЭЦҚ алуда қолдау көрсетілді. 12 тұрғын тұрғын үй алу кезегіне қойылып, 7 бала білім беру мекемелеріне орналастырылды. Қазіргі таңда 17 отбасы орталықтың тұрақты сүйемелдеуімен қамтылған.
Кездесу барысында бірқатар ұйымдастыру мәселелері талқыланып, қызмет алушылармен әңгімелесу жүргізілді, орталық құжаттары қаралды. Сонымен қатар орталық қызметкерлері кездесіп отырған проблемалар да анықталды. Мәселен, FSM Social қосымшасында мәлімет енгізу кезінде нысанның нақты геолокациясы мен көрсетілген мекенжайының сәйкес келмеуі жағдайлары кездеседі. Бұл деректердің дұрыстығына күмән келтіріп, ақпаратты бұрмалау қаупін тудырады. Осы мәселе бойынша уәкілетті органдар тарапынан координаттар мен мекенжайларды нақтылау жұмыстары қажет екені айтылды. Бұдан бөлек, кездесуде отбасыларды ерте алдын алу кезеңінде сүйемелдеу бойынша бірыңғай ведомствоаралық тәртіпті нақтылау жөнінде ұсыныстар енгізілді.
Сондай-ақ, сапар барысында Елена Ивановна тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған Дағдарыс орталығында және Бөрлі аудандық емханасы жанындағы Ерте даму және араласу орталығында болды.