АУДАННЫҢ БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

Жарияланған күні: 18 сәуір 2025
АУДАННЫҢ БЕЛСЕНДІ АЗАМАТТАРЫМЕН КЕЗДЕСУ

        БҚО аумақтық сайлау комиссиясының өкілдерінің Ақжайық ауданына іссапары Чапаев ауылындағы жұртшылықпен жүздесумен жалғасты. Алдымен зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері, үкіметтік емес ұйымдар, жастар, БАҚ өкілдері сайлау заңнамасындағы жаңашылдықтарға құрылған әлеуметтік сауалнамаға қатысты.

Кездесуді жүргізген БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшесі Асыланбек Губашевтар сайлау заңдылықтары, саладағы реформалардың нәтижесі жөнінде әңгіме қозғады.

     «Ауыл - аймақтарға шығып, сайлау өтетін округтің дайындығына мониоринг жүргізумен қатар жұртшылықпен кездесу ұйымдастырудың басты мақсаты – жүйедегі өзгерістерге қоғам өкілдерінің, сарапшылардың, сайлау үрдісіне қатысушы барлық тараптардың ой-пікірін білу, сайлау практикасына көзқарастарын саралау. Бұл Орталық сайлау комиссиясы төрағасының тапсырмасына сәйкес өткізілуде» деді Әділ Тауфикұлы.

    Ол осыдан төрт жыл бұрын халық тікелей сайлаған Бударин, Тайпақ, Сарытоғай ауылдық округ әкімдерінің өкілетті мерзімі аяқталуына байланысты кезекті сайлаулар тағайындалғанын айта келіп, ендігі жерде аудан, облыстық маңызы бар қалаларда да әкімді халық төте сайлайтынын айтты. Осы төрт жылда сайлау заңнамасы жетілдіріліп, бірқатар заңнамалық, құрылымдық реформалар жүргізілді. Бұл үрдіс үздіксіз, яғни қоғам өкілдерінің ұсыныстары маңызды.

     «Жайық таңы» аудандық газетінің редакторы Әлия Шарапиева кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмыстарының жүргізілуін тілге  тиек етті. Жергілікті басылым жетекшісінің пікірінше ірі елді мекендерде әсіресе жастардың дауыс беруге қатысуы төмен. Сондықтан жастар арасындағы ағарту жұмысы тек жалпы ұлттық электоралдық кампания кездерінде ғана жүргізілмеуі керек. Әрбір аудан мен ауылдық деңгейде жастарды азаматтық белсенділікке тартудың кешенді шаралары қолға алынбайынша нәтиже күту қиын дейді Әлия Шарапиева. Аудан жұртшылығын депутаттар мен әкімдердің сайлаудан кейінгі қызметі, сайлаушылардың аманаттарын орындау деңгейі де алаңдатады.

    Ал, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Максим Үмбеталиев ауылдық округтердің 4-ші деңгейдегі бюджетіндегі салық «көздерінің» санын көбейту керек деп есептейді. Сонда сайланған әкімнің елді мекеннің өзекті мәселелерін шешуге қосымша қаржы тетіктері пайда болмақ. Мұрат Сәрсенов, Сағынтай Бисенғалиев, Әлішер Мағзомдар азаматтық қоғамның, байқаушылардың әкім сайлауларына ықыласы, сайланбалы лауазымдарға кандидаттарды ұсыну мен іріктеу практикасына байланысты ойларын білдірді. 

    Дөңгелек үстелді қорытындылаған Әділ Жоламанов сайлау арқылы халық билігін жүзеге асыруда барлық деңгейдегі сайлау комиссиялары ашық және жария қызмет істейтінін тағы да еске салды.  Жұртшылықпен кездесулердегі ұсыныстар жүйеленіп, ҚР Орталық сайлау комиссиясы жанындағы Сарапшылар кеңесіне берілетін болады.