КӨРІСУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ЖАС ҚАЙЫРЛЫ БОЛСЫН!

Жарияланған күні: 14 наурыз 2025
КӨРІСУ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ЖАС ҚАЙЫРЛЫ БОЛСЫН!

 

Көрісу күні – көнеден жеткен, бауырмалдық пен жанашырлықтың жарқын көрінісіне айналған жақсы дәстүр. Бұл күні жасы кішілер қытымыр қыстан шыққан елдің үлкендеріне барып көрісіп, қал-жағдайын біліп, баталарын алады. Осы жолдан жаңылмаған өңірдегі сайлау комиссияларының мүшелері ауыл - аймақтағы аға ұрпақ өкілдеріне, сайлау жүйесінде қызмет атқарғандарға сәлем беріп, ізет көрсетуде.

    БҚО аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген мен қоғам қайраткері Нұрлыбек Бірмановтарға арнайы барды. Мақсот Қабышұлы ұлттың рухани жаңғыруында көрісудің орны ерекше екенін айтады. Облыстағы 90 мыңнан астам зейнеткерлердің басын қосқан ұйым қоғамдық - саяси үрдістерден тыс қалған емес. Әсіресе, сайлау мен референдумдарда белсенді зейнеткерлер жүйедегі жаңалықтардан, соңғы жылдары қолға алынған реформалардан ұдайы хабардар болуы тиіс. «Электоралдық кезеңдерде біз жасы ұлғайған адамдардың, мүгедектіктері бар адамдардың конституциялық құқықтарын қамтамасыз етуді басты назарда ұстаймыз. Ал, сіздердің сайлау мәдениетін қалыптастыруда жстарға ықпалдарыңыз сөзсіз маңызды. Осы бағытта бірге жұмыс істеуге мүдделіміз» деді БҚО АСК төрағасы ардагерлер ұйымының жетекшісімен болған жүздесуде.

   Нұрлыбек Шайдоллаұлы ғасыр тоғысында облыстық сайлау комиссиясына басшылық етті. Сондықтан әңгіме сайлаудың ашықтығы, жүйені жетілдіру мен комиссия мүшелерінің біліктіліктерін арттыру тақырыптарын айналып өтпеді. Әділ Жоламанов Орталық сайлау комиссиясы төрағасының тапсырмасына сәйкес  қоғамдық пікір көшбасшылары, өңірдегі саяси партиялар мен аккредиттелген қоғамдық бірлестіктер өкілдерімен кездесулерде электоралдық мәселелерді ашық талқылау, соның негізінде ұсынымдар дайындауды тұрақты жүргізілетінін айтты. Айтары бар ардагерлермен таяу арада осындай кездесу өткізу жоспарланғанын жеткізді. Мұндай іс-шара барлық аудандарда ұйымдастырылады. Көрісу күнгі кездесулер өте мазмұнды болды. «Баталы арымас, батасыз жарымас» деген. Ел ағаларының баталары жаңа жылдағы жақсы істерге, тың бастамаларға жол ашсын. Жас қайырлы болсын!