АҚШАТ АУЫЛЫ ӘКІМ САЙЛАУЫ ҚАРСАҢЫНДА
БҚО аумақтық сайлау комиссиясы мүшелерінің 2 наурызға тағайындалған ауылдық округ әкімдерінің сайлауына дайындықты тексеру мен методикалық көмек көрсету мақсатындағы жұмыс сапарлары жалғасуда. Комиссия төрағасы Әділ Жоламанов Шыңғырлау ауданы Ақшат ауылында белсенді ауыл тұрғындары, жергілікті қауымдастық өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, учаскелік сайлау комиссиясының мүшелерімен кездесті.
Жиында Шыңғырлау аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлыбек Қалиев тағайындалған сайлауға дайындық және әкім лауазымына тіркелген кандидаттар туралы ақпарат берді. Әкімдіктен үмітті Ерлан Айшуақов, Ринат Асанов, Камидолла Ислямқұловтар бүгінде сайлауалды үгіт жұмыстарын жүргізуде. 5 мүшеден тұратын учаскелік комиссия сайлаушылардың тізімін нақтылауды аяқтап, шараға шақыруларды таратып болған. Кезекте Ақбұлақ ауылдық оругі әкімінің сайлауы.
Ашық форматтағы кездесуде аудандық мәслихат төрағасы Сағидолла Тұрғалиев, ауыл ақсақалдары Айтуар Кулов, Қанат Құсмағамбетов, Амантай Қарлыбаев, «AMANAT» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалының төрағасы Азамат Тағаниязовтар сайлау жүйесіндегі, әкім сайлауындағы түбегейлі өзгерістерге өз пікірлерін білдірді. Соның ішінде сайланған әкімнің қоғам алдындағы рөлі, учаскелік комиссия құрамының жаңғырып тұруы, комиссия мүшелеріне ұсыну тәртібі, сайлаушылармен кері байланысты жандандыру тәрізді мәселелер көтерілді. Айтылған ұсыныс пен сауалдарға аумақтық комиссия өкілдері тиісті жауаптарын берді. «Округтің болашағына әкім сайлауының тікелей әсер ететінін ақшаттықтардың терең түсінетіні қуантады. Түптеп келгенде сайлау туралы заңнаманы сайлау процесіне қатысушыларға ғана емес, қалың бұқараға да тұрақты түрде түсіндіріп отыру керек. Сонда ғана азаматтық қоғамның да жауапкершілігі артады» деді Әділ Жоламанов жиынның соңында.
