ЖӘНІБЕК АУДАНЫНЫҢ ЖҰРТШЫЛЫҒЫМЕН КЕЗДЕСУ ӨТТІ
Бүгін БҚО аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері жұртшылықпен жүздесулерін Жәнібек ауданында жалғастырды. Кездесу мақсаты - азаматтарға елдегі сайлау жүйесіндегі реформалардың барысын түсіндіру, заңнамалық өзгерістердің нәтижелерін зерделеу, сайлау процестерінің жетілдіретін тұстарын анықтау болатын. Кездесуге аудандық мәслихаттың депутаттары, аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, қоғамдық бірлестіктерінің жетекшілері, БАҚ өкілдері, ардагерлер мен қоғам белсенділері қатысты.
Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов алдымен кездесуге келгендердің арасында жүргізілген әлеуметтік сауалнаманың қорытындысымен таныстырды. Сауалнамаға 16 адам жауап берсе, оның 87,5 пайызы электоралдық науқанға сайлаушы ретінде, ал 12,5 пайызы байқаушы немесе кандидат болып қатысқан. Сөз кезегін азаматтық қоғам өкілдеріне ұсынған комиссия төрағасы «демек, елдің дамуына селқос қарамайтын жандардың айтары да аз болмас» деді. Одан кейін аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев, қоғам белсендісі Гүлнар Серікқызы, «Ақбастау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Нұрлыхан Каримовтер өз ойларымен бөлісті. Қоғамдық пікір көшбасшыларын ауылдық округ әкімі немесе мәслихат депутаттығына үміткерлердің үгіт жұмыстарының сапасы, кандидаттардың бедел мен біліктілік деңгейлері, жастар арасындағы абсентизм, белгілі әлеуметтік топтардың бейсаясаттық ұстанымдары қатты ойлантады. Сондай-ақ, учаскелік сайлау комиссия жұмыстарының жетімсіз тұстары да талқыға түсті.
Кездесу барысында аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Жарқын Хаирлиев өткен сайлаулардың қорытындыларымен таныстырып, биыл тағайындалатын сайлаулар туралы ақпарат берді. Ол 2 наурызға тағайындалған Тау ауылдық округі әкімінің сайлауын дайындау мен өткізудің іс-жоспарын толық айтып берді. Ағымдағы жылы Ақоба ауылдық округі әкімінің өкілетті мерзімі аяқталады. Яғни сайлау қалыпты көрініске айналды.
«Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған әкімдер сайлаулары терең институционалдық өзгерістердің бірі. Бұл күрделі үдеріс, алайда ауадай қажет үдеріс. Алдағы саяси науқандарға азаматтық қоғам өкілдерінің байқаушы немесе кандидаттардың сенім білдірген адамдары болып атсалысуы аса маңызды. Жастардың электоралдық белсенділігіне келсек оны қалыптастыруға бәрімізде мүдделі болуымыз керек» деді жиын соңында Әділ Жоламанов.
